Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың кітаппен дос болуы керегін үнемі еске салып келеді. Шынында да, бұл – дәл қазіргі сәттегі маңызды мәселенің бірі. Президент Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», – деген болатын. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкеновті қабылдаған кезде де қазақ әдебиетінде қазіргі оқырман талабына сай, іздеп жүріп оқитын қызықты туындылар жазылуы керек екеніне айрықша назар аударды. Оқушылардың рухани дамуы үшін олардың театр, мұражайға, тарихи орындарға жиі барып тұруы да маңызды екенін де қадап айтты.
Бұған қоса Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасы негізінде Оқу-ағарту министрлігі «Оқуға құштар мектеп» республикалық жобасын қолға алғанын білеміз. Ендігі кезекте мектептер оқу бұрышын ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмаса екен дейміз. Мұғалімдер, сынып жетекшілері, ата-аналар бірлесіп, жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында нақты да жүйелі жұмыс жүргізіп отырса, құба-құп. Айталық, оқырмандар конференциясы, «Мені қызықтырған кітап» тақырыбына эссе, «Кітап оқуға құштар сынып» байқауы сынды іс-шаралар өткізу жақсы дәстүрге айналса, «Оқуға құштар мектеп» жобасын жүзеге асыру анағұрлым нәтижелі болмақ.
Сондай-ақ оқушыларды елге танымал тұлғалардың оқуға деген сүйіспеншілігі туралы мәліметтер де қызықтырары анық. Осыған орай, Мемлекет басшысының «Qazaqstan» ұлттық арнасына берген сұхбатындағы мына бір сөздерін келтірейік: «Мерзімді баспасөзді үзбей оқимын. Жалпы мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін. Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын». Осындай үлгілі үрдістерді де барынша насихаттау маңызды.
Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбие құралы. Шығыс ойшылы Науаи «Кітап – ақылына ақы сұрамайтын алтын қазына» десе, Абай атамыз «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге» деп насихаттайды. Мағыналы кітап оқу – кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі. Халықтың осындай жан азығынан, рухани байлықтан қол үзіп бара жатқандықтан, мемлекет тарапынан дабыл қағылып жатыр. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп әр тұлға оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы бағытта маңызды бағдарламалар жасалуда. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық.
Иә, оқуды әдетке айналдырған жанның ұтары көп. Кітап – рухани қазына, баға жетпес құндылық. Олай болса, құндылыққа жақын болу, оған сүйіспеншілік таныту, кітапты тұрақты серік ету – адами қасиеттің бір қырына айналғаны абзал.
Жалпы оқу не үшін керек? Өзін-өзі жетілдіру, білімін толықтыру үшін. Оқи отырып, ондағы оқиғаны көңілге түйесің, кейіпкердің іс-әрекетін саралайсың, жақсы жақтарын өнеге тұтып, жаман қылықтарынан жиренесің. Көп оқысаң, көп білесің. Жан-жақты білімді адам түрлі тақырыптардан хабардар болып, пікір таластыра алады, білгенімен бөліседі. Қазақ «Білімді мыңды жығады» деп бекер айтпаса керек. Білімі ағыл-тегіл азаматқа өзгелердің құрметі ерекше. Кітапты тек оқып қана қоймай, оның таңдаған саламызға, қызметімізге қатысты тұстарын көшіріп алып, алдағы жұмысыңа пайдаланып жүру де жемісін береді. Білімге ұмтылыс, оқып-үйренуге құштарлық ізсіз кетпейді. Тұрақты түрде оқитын адамның бәсі биік. Қашанда қай ортада болсын айтары бар, білімі терең, көңілге түйгені мол адамның біліктілігі, бәсекеге қабілеттілігі басым болады.
Кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырман санын толықтырып, мәдени деңгейінің көтерілуіне тиімді әсер етеді. Бүгінгі таңда әрбір адамзаттың алдында тұрған басты мақсаттардың бірі – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Осы орайда кітап-хана – оқырмандарға ақпараттық қызмет көрсетудің негізгі және қоғамдық-мәдени орталығы. Ал кітапханашы – оқырмандарға кітап таратушы ғана емес, сол кітаптарды және елімізде болып жатқан жағдайларды насихаттаушы, жаңашыл көзқарастағы тұлға, рухани мұраны ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеуші.
Бүгінгідей ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында да кітап, кітапхана өзінің құндылығын жоғалтпай, заманға сай жаңғырып, оқырманмен біте қайнасып, қызметін жаңа жүйемен жалғастырып келеді. Кітапханалар тек кітап беретін орын болып қана қоймай, оқырман сұранысына сай ақпарат таратып бірлесе жұмыс жасайтын, ойын, білімін ұштастырып жаңа технологияны қатар алып келе жатқан заманауи орынға айналуда. Кітапхана өмірі сырт көзге біліне бермейтін ағысы баяу, тулаған толқындар ішінде жатады. Кітапхананың мақсаты – кітапханаға оқырман тарту, кітап сөрелеріндегі кітаптарды оқырман қолына жеткізу. Бүгiнгi тaңдaғы қoғaмдық өзгерістер, қоғамның өркениеттік деңгейге көтерілуі, ашық ақпараттық кеңістікке өтуі кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді.
Кітапханашылардың тоқтаусыз ізденістерінің жемісі – оқырмандар халықаралық, республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларда жүлделі орындарға ие болып, кітапханада өтетін креативті іс-шараларға бірлесе атсалысып келеді. Өткізілген іс-шаралар республикалық және жергілікті мерзімді басылым беттерінде, телеарналар мен әлеуметтік желілерде жиі жарияланып отырады.
Жаhандану заманында кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану кітапхана саласын дамытып, оқырман қатарын толықтыруға септігін тигізері мәлім. Сондықтан заман талабына сай кітапхана қызметкерлері де жаңа белестерден көрінуге тиіс. Болашақта облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған жаңа технологиямен жабдықталған заманауи кітапхана бой көтерер болса, бәсекеге қабілетті азаматтар мен азаматшалардың қатары көбейері хақ.
Болашақта еліміздегі кітапхана сала-сының дамуына өз үлесін қосар және осы мамандықтың қыр-сырын дәріптейтін жастар қатары толықса, Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдер қатарына қосылуға үлкен үлестерін қосқаны деп білеміз!
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда: «Қазір еліміздегі мектеп кітапханаларында 130 миллионнан астам кітап бар. Бірақ ондағы көркем әдебиеттің үлесі мардымсыз. Шын мәнінде, кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналады. Біз жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек. Бұл қиын мәселе екенін түсінемін. Әсіресе олардың бар назары әлеуметтік желіде болған кезде тіпті қиын. Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек», – деген болатын.
Кітап. Кітапхана. Бұл сөздер бір-бірімен тығыз байланысты егіз ұғымдар. Кітап дегеніміз – баспадан түптеліп шығарылған мәдени-рухани қазына. Кітапхана – көпшілік тұтынуына керекті кітаптар сақталып тұратын мекеме. Бұл – нақты ғылыми тұжырымдамалар. Екінші жақтан алып қарасақ, кітап дегеніміз – ақиқат дүниені, өмірді танып білудің жолы, белгілі бір ғылым саласындағы таным-білімнің жиынтығы, адамның жаратылыс сырын, өмірдің мәнін, ақиқат әлемді, объективті шындықты білу жолдары.
Біз әрбір сөздің мағынасын кітап оқу арқылы білеміз, барлық білім негіздерін кітапты оқыту арқылы оқушылар бойына сіңіртеміз, кітап оқуға баулимыз. Кітап сенің досың, сен кітаппен дос болсаң, сенің достарың көп болады, сенің сөздік қорың да, ойлау қабілетін де жақсы дамиды деп алғаш мектеп табалдырығын аттаған балаға біз дос тауып береміз. Оның пайдалы тұстарын да көреміз, кітап оқудың пайдасын сезіне білген әрбір баланың бойында кітап оқуға деген құмарлық ояна бастайды. Кітаптан жаңа достар табады, сол кейіпкерлердің мінез-құлықтарына еліктейді, соларға ұқсағысы келеді. Баланың дүниетанымы дами түседі, қызығушылығы оянады. Осылайша баланың кітапқа деген махаббатын оятамыз.
Расында, қазір адамға өмір сүру үшін материалдық құндылықтан жоғары рухани азық керек. Соны, міне, енді түсініп жатырмыз. Әрине, сол игілікті меңгеру үшін кітаптың бізге берері мол. «Цивилизацияның жалпы көрінісінде әрбір халықтың орны оқыған кітаптарының санымен анықталады», – дейді француз жазушысы, ғалым Э.Лабуле. Шынында, елдің мықтылығы дана, білімді тұлғалардың көптігімен анықталмақ. Ал ҚР Халық жазушысы Ә.Кекілбаев: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана», – деген болатын. Өзіңді де, өзгені де тану үшін кітап керек. Анығында, адамның адам аты болу үшін ғылым-білімді игеруі қажет. Қазақтың ұлы ақыны Абайдан бастап бүкіл ағартушы, зиялыларымыз да осыны талап етеді. Бұл адамның ең ұлы мақсатына айналу керек дейді. Ал өркениетке жетелейтін жалғыз жол кітап пен кітапханадан басталатынын ұмытпайық!
Зарина ДҮКЕНБАЕВА