Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: «ҮШ АҚЫН. ҮШ ӘЛЕМ. ҚАСИЕТТІ ҚАЛАМ»

ТҮРКІСТАН: «ҮШ АҚЫН. ҮШ ӘЛЕМ. ҚАСИЕТТІ ҚАЛАМ»

Зымырандай зымыраған заманмен бірге  ғылым мен техника да қарыштап дамып келеді. Адам естіп, көз көрмеген жаңалықтардың қатарында «Жасанды интеллекттің» жасампаз қадамдары да бар. «Үш ақын. Үш әлем. Қасиетті қалам» деген тақырыпта «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен  үш бірдей дарынды ақынның кітаптарының тұсаукесерінде жиналған жұртшылық тарапынан «Сhat GPT» ақындарды айырбастай ала ма?» деген сауал да көлденең тартылып, оқырманға да, ақындарға да терең ой тастады.

Кеш поэзия мерекесіндей  керемет шуақты айшығымен есте қалды. Бұл бақытты шақты  үш бірдей сыршыл ақынның айы оңынан туған ғажайып мезеттердің бірі деп бағаласақ, оқырман  көңілін дөп басқанымыз болар деп ойлаймыз.

– Түркістанның құрылғанына алты жыл болса да, бүгінге дейін ақындардың мемлекеттік тапсырыспен бірде-бір кітабы шықпаған екен. Бұл – тарихи оқиға. Жаңа жыл алдында үш бірдей ақынымыздың кітабын жарыққа шығарған Түркістан облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасына, тұсаукесер рәсімін өткізген «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының басшылығына рахмет! Қазақстан Жазушылар одағына қарасты Түркістан облыстық бөлімінде 38 мүше бар. Олардың арасында жасы да, жасамысы да бар. Өткен жыл біз үшін жемісті жыл болды. Біраз ақын-жазушыларымыздың мерейтойларына орай шығармашылық кештерін өткіздік. Солардың қатарында Мұрат Бекей ағамыздың 70 жылдығы, қазақтың айтулы ақындарының бірі Нармахан Бегалының 80 жылдығы, поэзия ханшайымы Ханбибі Есенқараеваның 75 жылдығы, қара өлеңнің қарагері Бақытжан Алдиярдың 50 жылдығы аталып өтті. Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойы аясындағы көшпелі пленумы да киелі қаламызда өтті. «Фараб» кітапханасында абыроймен өткізіп, бір марқайып қалдық. Енді бүгінгі кештің кейіпкерлерімен таныстырып өтейін» – деп бастады өз сөзін мәдени іс-шараға модераторлық еткен Түркістан облыстық Жазушылар одағы филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдазым.

– Бұл туындылардың жарыққа шығуының өзіндік тарихы бар. Қазақ елі қашанда ақындарын ардақтаған. Жазушысын құрметтеген. Осыдан екі жыл бұрын облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы Тәжібаев осында зиялы қауым өкілдерімен бірге бүкіл қаламгерлердің, айтыс ақындарының  басын қосып, әдебиет, мәдениет мәселесінің түп-тамыры туралы үлкен әңгіме қозғаған еді. Әдебиетті, мәдениетті дамытуға, оларға қамқорлық жасауға байланысты құнды ұсыныстар айтылды. Әрі бұл ұсыныстар жүзеге асып, «Түркістан антологиясы» жарық көрді. Тіпті айтыс ақындарының сахналық киімі де назардан тыс қалмай, облыстың намысын өнер додасында қорғаған 13 ақынымыз маржан тастары жарқыраған зерлі шапанды болып қалған еді. Оған қоса, олардың өңір-өңірлердегі айтыстары жинақталып кітап болып шықты. Сондай-ақ, оңтүстіктің мақамына салып, терме өнерінің қасиетін жер-жаһанға насихаттап жүрген жыршы-термешілердің жинағы да екінші кітап болып шықты. Осы жобаға бағы жанған үш ақынымыздың кітабын шығару жоспары да енген болатын. Нәтижесінде Түркістан облыстық әкімдігі мен мәдениет басқармасының ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетіне жасаған қамқорлығының арқасында өздеріңізге кеңінен танымал, тіпті таныстырудың да қажеті жоқ белгілі аудармашы, ұлағатты ұстаз, айтулы ақын, Қазығұрттың тумасы Абай Қалшабектің «Жүрек ішіндегі өмір»,  Бәйдібектің баурайында туып, Астанада білім алып, қазақтың қабырғалы қаламгерлерін мойындатқан Әлімжан Әлішердің «Лаура қосылған Латте», сондай-ақ Отырардың оғыланы, палуан, ақын Бауыржан Ерманның «Галактикадағы ғұмыр» атты кітаптары жарық көрді. Бүгін бояу исі аңқыған, әлі авторлардың өзі де ұстап көрмеген, қазақ поэзиясының құнды қазынасы — осы кітаптардың тұсаукесеріне қош келдіңіздер! – деді Айдар Сейдазым.

«Ертеден шығып кешке озған, ылдидан салса төске озған» дегендей, ақындық асуларда алқынбай келе жатқан жыр тұлпарларына арналған кешке Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы, өнерлі жастардың қолдаушысы, қашанда игі бастамалардың басы-қасынан табылатын  азамат Ғаппар Амантайұлы Сәрсенбаев, аталмыш туындылардың жарыққа шығуы жолында аянбай тер төккен облыстық мәдениет басқармасының әдебиет және ұйымдастыру  бөлімінің меңгерушісі, ақын Мұқағали Кенжетай, ҚР Мәдениет қайраткері,  сазгер, ұстаз Бекжігіт Сердәлі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, журналист, ұлағатты ұстаз Несіпкүл Өтебаева, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры Райхан Нарикова, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев және осы жолдардың авторы Роза Нарымбетова қатысып, қаламгерлер қанжығасы майланған керемет жиынға ізгі тілектерін білдірді.

Түркістан облыстық мәдениет басқармасының аманаты мен ақ тілегін алып келген Мұқағали Кенжетай:

– Армысыздар құрметті әдебиет сүйер қауым, барша оқырмандар! Сөзімнің басын «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызының әлеуметтік желіге жазған мына сөздерімен бастасам деймін. «Біз 2024 жылдың түйінін, яғни қорытынды іс-шарасын кітап мейрамымен, әдебиет мейрамымен аяқтағанды жөн көріп отырмыз. Оңтүстіктің орта буынында өзіндік орны бар Абай Қалшабек бастаған, Әлімжан Әлішер, Бауыржан Ерман қостаған ақындардың легі Түркістан қаласына келе жатыр» – деп сүйіншілеп, жарнамалаған еді бүгінгі жиынды ұжым басшысы. Оның ерекше мәні бар деп ойлаймын. Өйткені, биыл ғана емес, соңғы уақытта Түркістанда әдебиетке, мәдениетке, өнерге, жалпы руханиятқа зор қолдаулар көрсетіліп жатыр. Қателеспесем, 2018 жылы Түркістан кітапханасының жобасымен, ол кезде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында он таңдамалы ақын-жазушының кітабы он томдық болып жарық көрген еді. Содан кейін жарыққа шығып жатқан бүгінгі ақын аға, замандастарымыздың кітабы болып отыр. Бұл жоғарыда айтып өткен Бейсенбай Дәулетұлымен өткізілген кездесудегі ұсыныстардың жемісі. Алдымен сіздерге құтты болсын айтамын. Ақындарымыздың жарыққа шыққан туындылары оқырманның қолында тозатындай ерекше кітап болсын, – дей келіп, Абай Қалшабекке, Әлімжан Әлішерге, Бауыржан Ерманға әдебиет әлеміне сіңірген зор еңбегі мен рухани құндылықтарға қосқан зор үлестері үшін шынайы алғысын білдірген  Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың «Алғыс хатын» табыс етті. Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қашанда руханиятқа жанашырлық танытатын қамқор мінезімен ақындарға сәттілік, шығармашылық шабыт тіледі.

– Ақындарды біріміз танып, біріміз танымауымыз мүмкін. Бірақ олардың өлеңдері әрқайсымыздың жүрегімізде. Сол өлеңдердің авторлары ортамызда отыр. Шын мәнінде алғашқы алғыс сезімін үш ақынның кітабын шығаруға қаражат бөлген облыс әкімдігіне, оның мәдениет басқармасына білдіруіміз керек. Шығармашылық адам үшін өмірдегі ең естен кетпес сәті өзінің осындай туындыларының жарық көріп, қағаз бетіне түсіп жатуы. Сондықтан үш ақын ерекше толқыныста. Сондай-ақ айтыскерлердің, термешілердің жинағы жарық көрген екен. Алдағы уақытта Түркістанда композиторлардың бар екенін де естен шығармасаңыздар. Олардың да Түркістан туралы, Түркістанды жырлаған керемет, ғажап әндері бар. Оларды да бір жинақ етіп шығарып қойсақ дискісімен бірге, келген  қонақтарды қуантатын әдемі дүние болар еді. Бұл дәстүр ары қарай жалғасын табады деп ойлаймын, – деді сөйлеген сөзінде Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Бекжігіт Сердәлі. Содан кейінгі кезек ақындардың өздеріне берілді. Оқырманға жол тартқан кітаптың мазмұны, атауы, жазылу тарихы жайлы сыр шерткен сырлы сұхбаттар жан жадыратты.

– «Жүрек ішіндегі өмір» деп кітаптың аты айтып тұрғандай, менің ұғымымда негізгі өмір жүректің ішінде жүріп жатады. Сырт келбетте әртүрлі құбылыстар, әртүрлі бейнелер бола береді. Бірақ адамның шын бейнесі, адамның кім екені жүрегінің ішінде жатса керек. Кітапқа жүрегімнің ішіндегі сөздер, жүректің ішіндегі ойлар, тұжырымдар енді. Сонан соң менің бір байқағаным, адамның тағдыры сияқты кітаптың да өзінің тағдыры болады екен. Осыдан екі жыл бұрын жарыққа шығады деп баспаға алған еді. Арада уақыт өтті. Бұл жерде де бір хикмет, даналық бар деп есептеймін. Нәсіп болған кезде шықты. Мысалы, ұлы Абайдың өзі көзі тірісінде кітапты қолына ұстап көрген жоқ. Ең алғашқы кітабы 1909 жылы өзі өмірден өткесін бес жылдан кейін жарық көрді. Ол тұрғыдан қараған кезде шүкір етуге тиіспіз. Өзімнің үшінші кітабым қолыма тиіп отыр. Алғашқы  кітабым 2022 жылы жарыққа шықты. Содан кейін Лев Толстойдың шығармашылығын жиырма жылдай зерттеп, уақытымды арнаған «Тәубе» деген еңбегім де сол жылы жарық көрді. Бүгінгі  жинағыма ақсақалдардан алған ғибратымыз, әжелердің үлгісі, ауылдағы жеңгелеріміздің өрнегі, ағалардың мәрттігі, ауылдың әңгімелері, ауылда көрген өмірім, түйіндерім енді деп айтсам болады. Сондай-ақ, Европа әдебиетінен бірнеше аударма енгізіп отырмын. Виктор Гюгоның, Лев Толстойдың бірнеше  шығармалары бар, – деді Абай Қалшабек  кітаптың таныстырылымында.