— Алаш қайраткерлерінің бар арманы – ұлттық кітапхана ашу болған
Біздің елімізде де «Бір ел – бір кітап» акциясы өткізіліп келді. 2008 жылы қазақ халқының классик жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Қилы заман» шығармасы жыл кітабы ретінде жарияланса, 2009 жылы ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың «Жан сөзі» шығармасы таңдалды. Одан кейін Жұбан Молдағалиевтың «Мен – қазақпын!» поэмасы таңдалды. Бұдан әрине, ұтқанымыз көп болды. Осы зайырлы дәстүрімізді бұзып алдық.
Біз, қазақ қауымы, әсіресе жастарымыз, тұрақты түрдегі кітап оқудан қалса, онда ойлау, талдау, болжау, таңдау тағылымдық пен танымдық қабілет-қасиеттеріміздің айтулы дәрежеде ақсайтыны, ой-өсіріміздің қалыптасу дәрежесі мен текті кісілік келбетіміздің ұтқырлығы төмендеуге жететіндігі айдан анық ақиқат. Мұндайда халық қасіретті ноқтаның сағағын үзуді мүлде білмейтін кеще тобырға айналатыны ақиқат. Күрессіз күймен тек өлместің күйін ғана кешуден әрі аса алмайтын, көкіреккөзі соқыр, арсыз, намыссыз, жігерсіз, сауатсыз, надан, кеще адамзатқа өмірлік жақсылық атаулының таңы атпайды. Керісінше ұлтсыз, тексіз билік бұндай елдің ақыл-есін жиюға жібермей, етек-жеңін жинауға жеткізбей, кіріптар бейшаралық пен мүсәпірлік дәрежеден шығармай, жүгенсіз алдап-арбау арқылы тізеге жығып, аяусыз езуді, табанға салып жаншып, обырлықпен билеп-төстеушілікті үдете түскендігі тарихтан белгілі.
— Ауылдағы мәдени ошақ, ол – кітапхана. Демек, дәл қазіргі таңда ауылда кітапхана құрыса – мәдениет күйрейді деген сөз. Мәселен, Ресейде 500 адам тұрған жерде бір кітапхана болуы керек деген норма бар. Ал бізде ондай мөлшер атымен жоқ, сонда қалай?..
Ежелгі адамзат тарихында атақты халиф Харон Рашид жаулап алған жерлерінен салықты кітап түрінде алуы неткен көрегендік еді. Ақиқатқа ұмтылған адамдық рухтың ұлылығының кепілі – білім алуда жатыр. Кезінде ислам өркениеті Византия империясымен болған бір шайқастан кейін тұтқынға түскен византиялықтардың үлкен тобын ежелгі грек ойшылдарының математика, медицина, философия бойынша жазылған кітаптарына айырбастаған көрінеді. Мұның өзі білімге деген құштарлықты көрсетсе керек. Сол сияқты 1931 жылы Қазақстанның астанасы Ақмешіт, яғни Қызылордадан Алматыға көшкен кезде зиялыларымыз «Ел астанасында міндетті түрде ұлттық кітапхана болуы керек» деген екен. Осыдан соң, іле-шала кітапхана құрылып, оның алғашқы директоры Ораз Жандосов болыпты.
Жоғарыда айттық, кітап оқылмаған жерде қатыгездік туады. Жастар көргенін істейді. Айталық, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған қайырымсыздық, қатыгездік, қанішерлік, анайылық, баскесерлік атаулының бәрі шектен тыс етек жайып кетуі, міне – осыдан болса керек. Мұның сыртында отбасындағы өзекті әлеуметтік, тұрмыстық мәселелердің дер кезінде ұтқыр шешімін таппай және оқыту-ағарту саласындағы кешегі кеңестік дәуірде озық дәрежеде қалыптасқан ұтқыр жүйені біліксіздікпен құлатудан кейінгі пайда болған тұралату, күйреу дертінен әлі күнге арыла алмай жатқандығымыз тағы бар.
Қоғамдық тізгіннен де, өмірлік ескектен де айрылып қалдық
Қалай дегенде де, ендігі жерде, компьютерлік техникаларға тәуелділік айрықша артқан тұста қоғамымызды кітап оқуға күштеу арқылы қызығушылығын арттыру, бұл – оңай шаруа емес. Себебі, қоғамдық тізгіннен де, өмірлік ескектен де айырылып қалдық. Уақыттың өзі дәлелдеп отырғандай ұлттық шаңырақты ортасына түсіру оп-оңай, кейін оны қайта қалпына келтіру, керегесін тіктеу, уығын тіктеу ең қиын шаруа. Бұның бәрі, сайып келгенде, адамның өмірлік ізденімпаздыққа, талғампаздыққа, адамгершілікке деген құштар талпынысты, құлшынысты ниетін, бейнетқор еңбекқорлыққа деген қабілетін жоятын кесапатынан орын алып жатқандығы сөзсіз. Бұған қоса ұлттық рухани жұтау қасіреттерін артыра түсетіні де даусыз. Сонымен бірге миллиондаған көрермені бар телеарналар мен жарнамалардың ұлтқа, ұлттық тәлім-тәрбиеге қатысты кереғарлықты жүгенсіздікпен жасап отырған қиянаттары өз алдына бір төбе. Бірақ қоғамды, ұрпақты қайткен күнде де жөнге түсіру, оларды сан алуан қаскүнемдіктің тырнағынан қорғау ауадай қажет шаруа. Бұл – ардың ісі. Бұл – көреген кісілік пен кемел тектіліктің, кемеңгер көсемдік пен дара даналықтың ісі. Ұлттық қауіпсіздігіміздің табантасы сонда ғана қапысыз қаланады емес пе?! Ендеше қоғамымызда мемлекет тарапынан бұларға қарсы тұра алатын батыл қадам, ұтқыр да озық шешімнің пәрменді ықпалы қажет. Қалай айтқан күнде де бұндай кезек күттірмейтін мемлекеттік стратегиялық өзекті мәселенің түйінін шешу үшін бәріміз, қоғам, мемлекет, ұлт болып жұмылып, қолға алатын кезең әлдеқашан туғаны ақиқат.
Жапырақсыз қалса бұтақ – жетім,
Оқылмай қалса кітап – жетім.
Білімсіз болса ұрпақ – жетім,
Қорғаусыз болса ұлт – жетім.
Кітап оқымағанның – ойы жетім,
Талдай алмағанның – таңдауы жетім.
Кеңестік дәуірде білмеген дүниеңді тезірек білу үшін үйдегі бар кітапты ақтарып, онда болмаса кітапханаға барып іздейтін едік. Тауып алған соң жан-жақты терең зерделеп, санамызға шегелеп сіңіретін едік. Осындай ізденімпаз еңбекқорлықтың арқасында ғана, өмірлік мүдделі ниет пен ынталы ықыласты еселей білудің арқасында ғана, ақырында бұрынғыдан да бетер тың серпінді серпіліспен өзімізді-өзіміз жетілдіруші де едік, қатардан оза да түсуші едік. Өмір болған соң әр қилы жағдайлар кездесіп тұрады ғой. Түрліше себеппен кітап оқи алмай қалсақ, құнды дүниеңді ұрлатып алғандай қуыстанып, қоғамдық ортада да, білімді, білікті адамның қасында да өзіңді кем дәрежеде тұрғандай сезіктеніп, күйзеліске түсетінбіз. Сол себептен де өзіміздің күнделікті өмірлік күйбелең тіршілігімізде орын алған осынау қателіктеріміз бен олқылықтарымыздың орындарын қайткенде де тезірек толықтыру мақсатында, бәсекелі жарысты жаңаша оздыра түсудің бағытында кітаптарды жанталасты күймен оқуға, қайткен күнде де ізденімпаз білімді, сауатты адамдардан оза түсуге құлшынатынбыз. Өйткені, ол кезеңде кез келген отбасында теңдесі жоқ дәрежеде молшылық түбегейлі орныққандықтан, әрбір адамның басында мерейлі береке мен мереке тиянақты дәрежеде қалыптасқандықтан тамақ тоқ, уайым жоқ, алаңсыз тіршілік кешті. Ел-жұрт бірі қалмай жатса да, тұрса да жаппай кітап оқудың үлгілі өнегесін оздырды. Әлемдік таңғажайып құндылықтар мен құбылыстарды игеруге жол ашты. Бұл өз кезегінде ғылымның құпиялы тұстарын зерттеп айқындауға құлшындырды. Кітап миллионға жуық таралыммен шығып жатса да жетіспейтін. Сол себептен кітапты тапсырыс (подписка) арқылы қолға түсіру үрдісі де орнықты. Кітап ұстаздық рөлді қапысыз атқаратындықтан естінің тәрбиесін бұрынғыдан да бетер жетілдіре түседі. Ал текті уызға жарымай өскен, отбасында тәлім-тәрбиенің ұтымды үлгі-өнегелерін көрмей өскен, кейін ондай адам көреген талғампаздықпен, ізденімпаз еңбекқорлықпен өмірлік текті тіршілікті, кемел кісілікті айналасындағы адамдардан, қоғамдық ортадан көре біліп, өзін қайткен күнде де өзгеріске түсіре білуге ерекше мүдделікпен құлшынбаған адам ғана баяғы ұлтсыз, тәрбиесіз, тексіз, мінезсіз қалыбында қала береді. Күнделікті тіршілік барысында өзін-өзі тәрбиелей алмайтын адам, өзгені де, тіпті өзінің ұл-қызы мен немере-шөберелерін де тәрбиелей алмайтыны, ұтқырлықпен үнемі көземелдеуді оздыра алмайтыны даусыз. Өз ұрпақтары үлгі тұтарлық өнегелі қасиеті болмайды. Сонымен бірге қамшының сабындай өмірлік қысқа тіршіліктің барысында өзін-өзі жеңе алмайтын бұндай адамда өзгеден озуға лайық жаңарудың ешқандай да үрдісі болмайды.