Home Әлеумет КЕРЕК КЕҢЕС: ОҚУДАН ТЫЙЫЛСАҚ, ОЙЛАУДАН ТЫЙЫЛАМЫЗ

КЕРЕК КЕҢЕС: ОҚУДАН ТЫЙЫЛСАҚ, ОЙЛАУДАН ТЫЙЫЛАМЫЗ

Халқымыз әр ғасырда-ақ ел даналары мен замана тұлғаларының өзінен кейінгі  ұрпаққа қалдырып отырған ұлағатты және тәрбиесі мол өнегелі сөздерін кітаптан алған. Кітаптың – рухани қазына аталуы да сондықтан. Бүгін біз осыған орай жастарымыздың рухани дүниеге деген көзқарасы және біздің оларға беріп отырған ұтқыр тәлім-тәрбиеміз туралы көрнекті академик, публицист-жазушы Молдағали  Матқан ағамызды әңгімеге тартқан едік.

Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді

— Кітап оқудың адамзат баласына тигізетін пайдасы орасан зор. Жаһандану мен ғаламданудың обыр ағымы және оның қауіпті ықпалы күрделеніп, күшейіп тұр.  Бұл – рухани азғындауға апаратын бірден-бір жол.

«Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын» – депті атақты  жазушы Максим Горький.Кітап оқудан қалған ұлт, әсіресе, жас ұрпақ орны толмас ауыр рухани жұтқа ұшырап, азғындыққа құламай қоймайды. Демек, ол көрсоқыр, надан, кеще, мәңгүрт елге айналады. Егер біз кітап оқудан тыйылсақ, онда ой ойлаудан да, айналамыздағы құбылыстарды талдау, барлау, болжау, бағамдау қабілетінен де, адамгершілік, кісілік қасиеттен де, тіпті құнды ұтқырлық атаулының бәрінен де айрыламыз. Сонда төрт аяқты малдан адамның айырмасы қандай дәрежеде болмақ? Азғындық пен жұтаудың сан қилы түрін бір сәтке болса да, көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Бұл – сөз жоқ, қауіпті және өкінішке апарары анық.

Кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойының, оқу арқылы жетілуінің, кемелденуінің арқасында қол жеткен дамылсыз даму үрдісінің жемісі, өткен тарихы мен өмірлік тағылым-танымының алтын сандығы. Ғабит Мүсірепов: «Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың кейінгі ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» – деуі осыдан. Әлбетте, кітапты таңдай білу, оны зейінді зеректікпен мұқият талдап оқи білу, ондағы сөздің, ойдың, түйінді тұжырымының құдіретін түсіну мен түйсіну, алған әсерлерді кейін өмірлік қажетіңе жарата білу. Бұл – әрбір адамның білігі мен білім деңгейін, пайымы мен парасатын, көреген кемел кісілігін ұдайы шынықтыра білудің озық та ұтқыр жолдарын айқындай алатын алғы шарттарының бірі.

 Көркем әдебиет – жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді

Көз жетпейтін жерге ұшқыр ой жетеді. Ал сол ойдың жүйріктігін жетілдіретін де, ұтқырлығын оздыратын да, сөзге шешендігін шынықтыратын да – кітап екені ақиқат. Сондай-ақ, оқыған кітабыңдағы айтулы кейіпкерге еліктеудің өзі, тіпті автордың өзі сияқты тұлға болуға құлшыну, бұл – теңдесі жоқ құбылыс. Демек, кітап оқу, бұл – текті кісілікке, кемел адамгершілікке, кемеңгер көрегендік пен мәдениеттілікке қол жеткізу бағытында құрыштай шыңдала түсудің айтулы көрсеткіші екені хақ.

— Молдағали аға, «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» – деген неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің сөзінде үлкен салмақты  күш  бар  сияқты…

Иә, талдау, болжау, талғам, таңдау дейміз. Расында да бүгінгі жастарымыздың көпшілігінің кітап оқуға деген ниеті құрдымға құлдыраған тұста талғам, таңдау туралы, адамгершілік туралы сөз қозғаудың өзі артық сияқты. Мұның негізгі себебі неде? Бұл ел ішінде қандай өзгеріс-құбылыстың кесірінен туындап отыр? Сөздің шыны керек, бұл мемлекеттік идеологиялық саясаттағы ең үлкен қателік пен олқылықтың салдары еді. Яғни кітап оқымау, журнал ұстамау, газетке қарамау, қысқасы, жас ұрпақты кещелік пен надандыққа жығудың, яғни мұндай жүгенсіз азғындау мен рухани жұтаудың құрдымына қарай жеткізудің, мүгедектік шарықтаудың қасіреті – тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін басталған айтулы қасіреттеріміздің бірі екеніне бұлтартқысыз дәлел. Өмірлік шындыққа текті кісілікпен тіке қарайтын уақыттың туғаны қай заман. Бұл қаншама ащы болса да, шындығы – осы.

— Енді жапон елі қалай озық дамыған елге айналды дегенге келейік. ХХ-ғасырдың орта шенінде катаклизманы басынан өткерген жапондар кітап оқуды сақтап қалуы  арқасында ғана әлемдік өркениеттің шыңына шықты емес пе?

Көреген көсемдікпен қасіреттің алдын алу мақсатында, қалыптасқан ұтқыр құндылықты ерекше мүдделікпен сақтап қалуды үйлестіре де, оздыра да алмадық. Жеке бастың мүддесі үшін ұр да жық ұранды жекешелендірудің кесірінен елді мекен, аудан орталығындағы көптеген мәдени ошақ – кітапханалар, оқырман залдары талан-таражға түсіп, түбегейлі жабылып тынды. Елдегі болып жатқан құбылыстың барысын жан-жақты терең талдаудан ажыраған ұлт, ұрпақтың қандай таңдауы болуы мүмкін? Олай болса, кітап оқуға деген кешегі құмарлықты қайтсек қайта қалпына келтіреміз? Қазақ елі ұтқырлықпен жаңаша арттыра аламыз ба? Қашан? Қалай? Мұндай өзекті де өткір сұрақтардың жауабын күллі қоғам, мемлекет болып, һәм ұлт, халық болып талқылайтын көкейтесті ең өзекті мәселеге айналғаны қай заман. Алайда бүгінгі қоғамымыздың кітап орнына пайдаланып жүргендері – ұялы телефон, компьютер және ғаламтор, смартфон негізгі оқу құралы болып отырғандығы белгілі. Әрине, айналысқа енген жаңа технология мен техникалардың жетістіктері қоғамға қажет те болар. Бірақ…

Бұл жердегі әңгіме олардың ешқандай сараптаусыз, бақылаусыз, шектеусіз күймен жүгенсіз кетіп, зиянды тұсының тамыры тереңдеп бара жатқандығы жайында болып отыр. Бұл ешкімнен де жасырын емес. Бұл тарихи факт. Осының кесірінен бұлардың адамзат баласына тигізіп отырған пайдасынан гөрі, керісінше, кесапатты зияны әлдеқайда аса ауыр күйде екені ақиқат. Алды-артымызды тиянақты талдаусыз, болжаусыз, талғамсыз тек көзсіздікпен, бассыздықпен, ессіздікпен еуропалық «өркениет-сымаққа» есуастықпен еліктеу, ешіре құлшыну дертінің арты ауыр болатыны да даусыз. Айталық, бүгінгі және келешек ұрпақтарымыздың ой санасын жан-жақты улап, түрліше жағымсыз сәулелері денсаулыққа қатысты иммунитеттерді ұрлап, жүйке (нерв) талшықтарын талқандап, құлақ-көзден айырып, бойдағы табиғи қабілеттерін жалмап, мәңгүрттік қаулап, ақырында оларды теңдесі жоқ ұтқыр ұлттық дана жолдан қалай болған күнде де тайдыру, адастыру, азғындату, құрдымға жығудағы қатерлі қасіреттері анағұрлым басым күймен ушығып барады. Адам түгілі хайуан қорқатын сұмдықтар жасалынып жатыр. Соның салдарынан ұлттық тарихымызда бұрын-соңды болып көрмеген қылмыс пен опасыздықтың түрлері көбейіп, күшейіп келеді. Ол ол ма, бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген өзі-өзіне қол жұмаудың (суицидтің) сан алуан түрі де, одан көз жұмған адамдардың саны да шектен тыс артып, рекордтық дәрежені жаңалай түсуде. Міне, бұлардың кесапатты ықпалы қоғамымызда күшеюіне байланысты елдің, қоғамның, һәм ұлттың, ұрпақтың жүгенсіз зардап шегушілігі де жылдан жылға артып келеді. «Егер кітапханалар жабылса, онда түрме сала бастау керек» –  деген  сөздің қаншалықты маңызы бар. Сол сияқты кітап оқуды ыждаһатты түрде қолға алмайтын болсақ, біздің көретін қасіреттеріміздің зоры әлі алда сияқты…

— Балаларды кітап оқуға тартатын әлемде жақсы тәжірибелер бар. Солардың бірі «Бір қала – бір кітап» акциясы. Бұл шара кезінде кейбір қала тұрғындары бір айда бір жақсы кітапты оқып шығады екен. кейбір шетелдерде жоғары лауазымды  басшылар мектеп оқушыларымен кездескенде жас кезінде оқыған кітаптарынан  үзінділер айтып, соған көңіл аударуды өтінеді екен. Мұны өнегелі іс десек те болатын шығар?

Қазір қазақ ұлты, әсіресе, жастар кітап оқудан алшақтап ьарады дегенде біз сол кеңестік дәуірдегі кітап оқу деңгейін және кітап оқу мәдениетін еске аламыз және салыстырамыз. Бүгінде мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, мемлекеттік қызметкерлер қажеттің бәрін қолма-қол интернеттен алатыны белгілі. Олар кітап дүкенінен, кітапханадан кітаптар іздеп, уақыт кетіргілері келмейді. Әдеби  кітаптардың да  электрондық нұсқалары да интернетте пайда бола бастады. Қалай  десек те, кітаптың жөні бөлек. Ең бастысы – ой-санаңды өсіреді. Жақсыға үйретіп, жаманнан жиретеді. Бала денсаулығына да зиянсыз. Демек, рухани құндылықты ұрпақтың бойына  дарытып, ойына қондыра алсақ ұтылмас едік.