Home Әлеумет ЕМХАНА ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ ДЕ ҮСТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

ЕМХАНА ДӘРІГЕРЛЕРІНЕ ДЕ ҮСТЕМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният мәлімдеді.

“Емханада жұмыс істейтін дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің жалақысына үстемақы қосу мәселесі қаралуда, өйткені, олар жұқпалы ауруға шалдыққан науқастармен тікелей жұмыс істейді. Емханаларда провизорлық стационар ашылды, мамандар індет ошағына, үйге барып емдейді”,- деді

Ал симптомсыз пациенттермен жұмыс істейтін дәрігерлерге қосымша ақы төленбейді. Олар науқастарға телефон арқылы кеңес береді, яғни пациентпен тікелей байланыста болмағандықтан, мұндай медицина қызметкерлерінің денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.

Ажар Ғиният коронавирус инфекциясымен күреске 46 мыңнан астам медицина маманы тартылғанын айтты.

“Интерн-дәрігер, медициналық оқу орындарының жоғары курс студенттері де инфекциялық стационарларда, емханаларда қызмет етуде. Кеше көрші Ресейден бір топ әріптесіміз көмекке келді. Төсек-орны, медициналық базасы бар жеке меншік клиникалар да әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісім жасап, коронавирус инфекциясына шалдыққандарды емдеуге араласады”, -деді вице-министр.

Сондай-ақ, брифинг барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой пандемиямен қарсы күрестегі дәрігерлердің рөлі мен олардың құқығын қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлді.

“Біз үшін әрбір әріптесіміздің орны бөлек. Кей өңірде медицина қызметкерлері қудалауға ұшауда. Кез келген жағдай заңмен қаралады және әр дәрігердің тағдыры министрліктің де назарында болады. Біз медицина қызметкерлерін қорғауға дайынбыз”, – деді министр.