Home Басты жаңалықтар ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

ҚАЗЫҒҰРТТА КӘСІПКЕРЛІК ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

          Көктемнің алғашқы күні алғыс айту мерекесі қарсаңында түркістандық БАҚ өкілдері Қазығұрт ауданына бет алған болатын. Түркістан облысындағы тарихи тағылымды, шежірелі мекеннің туризм және кәсіпкерлік саласында айтарлық жетістіктері бар. Тарқатып айтсақ, айтулы мерекеде Сарапхана ауылдық округінде А.Байтұрсынов атындағы 300 орындық мектеп ашылды. Аудан әкімі Азизхан Исмаиловтың сөзінше, мектептің құрылысы республикалық бюджет есебінен 2021-2024 жылдар аралығында жүрген. Қазіргі таңда мектепте 261 оқушы екі ауысымда білім алады.

– Бүгінгі ашылып отырған мектеп толық заман талабына сай жабдықталған. Оқу ордасында физика, химия, биология, информатика, кабинеттерінен бөлек, тігін шеберханасы мен үлкен спорт зал бар. Өткен жылы ауданда 3 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ал биыл қосымша 3 білім беру ғимаратының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр,-деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, журналистер жорығы барысында түркістандық тілшілер  аудандық ауруханадағы оңалту орталығының жұмысымен танысты. Жуырда ауруханаға компьютерлік томографиялық және УЗИ аппараттары орнатылған болатын. Айта кетейік, аталған компьютерлік томография тәулігіне 30 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы. Бүгінде аудан тұрғындары өзге қалаларға бармай-ақ аудан орталығында толық медициналық тексеруден өте алады.

Мұнымен қоса аудан әлеуетін көтеру бағытында қолға алынған бірнеше ауқымды жобалар да жемісін беріп жатыр. Мәселен, қазығұрттық кәсіпкер Жақып Нұрсұлтан мемлекеттік гранттың шарапатын көріп отыр. «Суан» жеке кәсіпкерлігі «555» брендімен қабырға бояуын өндіріп, өңірдегі алыс-жақын аудандарға жөнелтіп келеді. Шағын цехта бүгінгі таңда 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қызметкерлердің орташа жалақысы 150 мың теңге.

– Шағын кәсібімізді дөңгелетіп, өз несібемізді тауып отырмыз. Мемлекеттік гранттан алған қаржымызға қажетті жабдықтарымызды сатып алдық. Қазір цехтың айлық табысы 2 миллион теңгеге жетті. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды көздеп отырмыз,- дейді жеке кәсіпкер.

Жоғарыда айтқанымыздай, өнім тек Қазығұрт ауданына ғана емес, Түркістан облысының басқа да аудандары мен Шымкент қаласына тасымалдануда. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді өнімге қызығушылар саны күн санап артып келеді.  

Қазығұрттық тағы бір кәсіпкер Нұрзада Өсербаева – ІІІ топтағы мүгедек. Қиындық пен сынаққа мойынсұнбаған ол 1 млн 380 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Балаларға арналған емдік массаж орталығын ашқан кәсіпкер айына 900 мың теңгеден аса табыс табады.

Қайтарымсыз грантпен кәсіп ашқан келесі қазығұрттық тұрғын – Пернекүл Исақова. Ол мүмкіндігі шектеулі балалар күтімімен айналысып қана қоймай, тігіншілік өнерін кәсіпке айналдырған. Ұлттық нақыштағы киімдермен бірге көлік жабындыларын да тігумен айналысатын цехтың өнімдеріне сұраныс жоғары.

Қазыналы Қазығұртта қарқынды дамыған кәсіпкерлік саласының тағы бір түрі – жылыжайлар. Аудан орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Тұрбат ауылындағы «Пасека-Бал» шаруа қожалығы жылыжай өндірісін дамытып отыр. 2010 жылы іске қосылған қожалықтың қазір 18 гектар егістік жері бар. Оның ішінде жылыжай көлемі – 1,46 гектар. Бүгінде шаруашылықта гүл өсіретін үш жылыжай бар. Онда жылына 1 миллионнан астам гүл қырқылады. Гүл бағында раушанның «Misty Bubbles», «Каталина», «Қара сиқыр» деп аталатын үш түрі өсіріледі.

Шаруа қожалықтың төрағасы Азизбек Қасымовтың сөзінше, бір ғана жылыжайдың өзінен жылына 400 мыңға дейін гүл қырқылады. Өнімді Шымкент, Алматы, Қызылорда қалаларына жөнелтеді. Гүлдердің орташа бағасы – 150-170 теңге. Бүгінде жылыжайда тұрақты 15 адам жұмыс істейді.

Сондай-ақ, бұл қожалық 2010 жылдан бері бал жинайды. Қожалық жылына 150 мың тонна бал өндіруге қауқарлы. Қазығұрттық бал елімізбен қатар, Ресей мен Өзбекстан еліне экспортталады. Айта кетейік, Республикада салынған жылыжайлардың 70%-ы Түркістан облысына тиесілі. Облыстағы жылыжайлардың жалпы көлемі – 1 640 гектар. Өткен жылы жалпы жылыжайлардан 140 мың тонна өнім жиналып, республика халқының 42%-ы көкөніспен қамтамасыз етілген.

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, халықтың тұрмыстық әл-ауқатын түзеу үшін кәсіпкерлік саласын дамыту, жастарды қолдау  мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар бағдарламалар жүзеге асуда. Соның нәтижесінде халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту үшін жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Жалпы, Түркістан облысында шағын және орта бизнес субьектілерін дамытуға мүмкіндік мол. Осыған орай өңірімізде, соның ішінде Қазығұрт ауданында кәсіп ашуға ниетті азаматтар қатары артқанын аңғару қиын емес.

Дәурен ТІЛЕУХАН.