Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздықтың көбеюі салдарынан шетелде жұмыс істеуге ұмтылу байқалады. Елімізде жұмыссыздық пен экономикалық тұрақтылық мәселесі жастарды және еңбекке қабілетті халықты шетелде жұмыс істеуге итермелеп отыр. Жастар шетелде жақсы жалақы табудың мүмкіндігін пайдаланып, Оңтүстік Корея мен Ресей сияқты елдерге жұмыс істеуге барады, онда орташа жалақы Қазақстандағыдан бірнеше есе жоғары. Мысалы, Оңтүстік Кореяда жұмыс істейтін азаматтар ай сайын 2 500-3 000 АҚШ долларына дейін табыс табады, бұл Қазақстандағы орташа жалақыдан айтарлықтай жоғары.
Мемлекеттік бағдарламалар
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың басында Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға жетсе, жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші 3,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіштер Қазақстандағы жастардың кәсіби тәжірибені шетелден іздеуімен тікелей байланысты. Жастардың шетелге көшуі көбінесе жақсы жалақы мен жұмыс жағдайларын іздеумен байланысты болып келеді, себебі Қазақстанда жұмыссыздықтың негізгі мәселелері, оның ішінде лайықты жұмыс орындарының болмауы, жұмыс сағаттарының ұзақтығы және төмен жалақы сақталуда. Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, осы мәселелерді шешу мақсатында бірнеше бағдарламалар іске қосқан. 2024 жылы «Жастар практикасы» және «Дипломмен – ауылға!» жобалары арқылы мыңдаған жас маманға көмек көрсетілді, бірақ бұл шаралар толыққанды нәтиже бере алмай отыр. Жастарға қажетті дағдыларды үйрету үшін биылдан бастап білім беру бағдарламалары мен оқыту жүйелері жетілдірілуде. Қолданысқа енгізілген skills.enbek.kz платформасы да жұмыс іздеуші жастарға қажетті дағдыларды игеруге мүмкіндік беруде
Бұл проблемаға қатысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова “Almaty TV” сайтында жарияланған мақаласында былай деп айтты: “Біз мұны проблема деп қабылдамаймыз. Негізі әр азамат қай жерде жұмыс істесе де құқылы. Шектеу жасамаймыз. Біздің басты мақсатымыз – еңбек нарығында жағдай жасау. Жаңа жұмыс орындары сапалы болса, қазақстандық жастар Қазақстанда қалады. Жастар шетелге жалақы аз болғандықтан кетіп отыр деп айтуға болмайды. Мысалы, электронды еңбек биржасындағы сапалы жұмыстардың санын 2 миллионнан 3,8 миллионға дейін жеткіземіз. Ол медиандық жалақыдан, яғни 350 мың теңгеден кем емес жұмыс деген сөз”.
Елімізде сонымен қатар, еңбек нарығын дамыту бойынша 2024-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама да іске асырылып жатыр. Тұжырымдама бойынша сапалы жұмыс орындарын құруға, жұмысшылардың құқықтарын қорғауға және кәсіптік өсу мүмкіндіктерін арттыруға баса назар аударылуда. Министрлік халықты жұмыспен қамтуға және әлеуметтік қолдауды арттыруға бағытталған бірнеше шараларды қабылдағанымен, шетелде жұмыс істеуге ұмтылыс әлі де жалғасып жатыр.Министрдің мәлімдеуінше, Кореяға т.б. шет елдерге жұмысқа барғысы келетін отандастардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету үшін мемлекет 8 үкіметаралық келісім бекітеді. Оңтүстік Кореяға заңды түрде жұмыс істеу үшін арнайы дайындық жүргізіледі. Алматыдағы әл-Фараби атындағы университетте сертификаттау орталығы ашылды, онда үміткерлер 2-4 ай тілдік және кәсіби дайындықтан өтеді. Барлық сынақ кезеңінен өткендер Кореяға барып, заңды түрде жұмыс істей алады”( KYN.KZ, 13.02.2024).
Министрліктің мәліметі
Қазақстандағы жастардың шетелде жұмыс істеуге ұмтылуының себептері, ең алдымен, ішкі еңбек нарығындағы қиындықтар мен лайықты еңбек шарттарының болмауымен байланысты. Осы мәселелерді шешу мақсатында, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі (СІМ) шетелде жұмыс істейтін азаматтарға құқықтық қолдау көрсетуде. 2023 жылы министрлік 10 000-нан астам азаматқа дипломатиялық көмек көрсетіп, еңбек шарттары мен заңды құқықтарды қорғауға көмектесті.
СІМ шетелдегі еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау жүйесін күшейтіп, еңбекақы мен шарттардың орындалуын бақылауға алды. Сонымен қатар, министрлік шетелдегі жұмысшылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізуді жалғастыруда. Бұл шаралар Қазақстанның еңбек нарығын жақсарту үшін қабылданған маңызды қадамдар болып табылады.
Статистикалық шолу: 2023–2024 жылдардағы жұмыссыздық пен көші-қон
Шетелде жұмыс істеп жүрген қазақтардың тәжірибесі
– Иә, жұмыссыздық менің Кореяға кетуімнің басты себебі болды. Қазақстанда тұрақты және лайықты жалақы төлейтін жұмыс табу қиынға соқты. Кореяда мен зауытта жұмыс істедім және ай сайын орта есеппен 2 500 АҚШ доллары (шамамен 3.3 миллион теңге) таптым. Бұл елдегі өндіріс саласындағы орташа жалақыны құрайды, себебі Кореядағы өндіріс саласында жұмысшылардың айлық табысы 5 000 000-нан 5 400 000 вонға дейін (шамамен 3.1-3.4 миллион теңге) өзгереді. Әрине, бұл оңай болған жоқ. Жұмыс сағаттары ұзақ (күніне 10-12 сағат), ал тілді білмеу алғашқы уақытта көп қиындық туғызды. Егер Қазақстанда осындай жалақы мен еңбек шарттары болса, елден кетпес едім, әрине. Шетелдегі жұмыс – мәжбүрліктен туындаған уақытша шешім ғана. Елде лайықты жағдай жасалса, туған жерге оралуға дайынмын, дейді Нұрлан Ақылбеков.
– Ұлыбританияда медбике ретінде жұмыс істеу – қаржылық жағынан да, кәсіби дамуға мүмкіндік беру тұрғысынан да үлкен артықшылық. Мұнда менің орташа айлық жалақым шамамен 2 900–3 200 фунт стерлингті (шамамен 1 650 000–1 800 000 теңге) құрайды. Бұл Қазақстандағы медбикелердің орташа айлық жалақысынан (шамамен 460 000–480 000 теңге) үш-төрт есе жоғары. Ұлыбританияда еңбек жағдайлары нақты реттелген: аптасына 37-40 сағат жұмыс істеймін, қосымша жұмыс сағаттары үшін сағатына жоғары мөлшерде төленеді. Жұмыс орнымдағы кәсіби қолдау мен мүмкіндіктер де маңызды: білімімді жетілдіруге және мансаптық өсуге толық мүмкіндік бар. Қазақстанда еңбек жағдайлары әрдайым жоғары деңгейде емес, әрі медбикелердің жұмысы жиі бағаланбай жатады. Егер елімізде денсаулық сақтау саласындағы мамандарға лайықты жалақы мен халықаралық стандарттарға сай еңбек шарттары жасалса Әлия Сағындық туған елге оралып, сол жерде еңбек етуді қалар едім, дейді бізбен әңгімесінде – Мен өзім “Polat.live” компаниясымен Ресейге 1,5 жылға жұмысқа барып келдім. Бұл сапарда барлық шығындар тегін болды: тамақ, жататын орын, киім, жұмысқа орналасу және медициналық сақтандырудың бәрі қамтамасыз етілді. Ресейде жұмыс істеу Қазақстанда қалудан 1000 есе артық тәжірибе берді. Шетелде жұмыс істеу тек қаржы табу емес, бұл – тәжірибе жинақтау мүмкіндігі.Ресейде құрылыс саласында жұмыс істеп жүріп, жаңа технологиялар мен заманауи тәсілдерді үйрендім. Бұл тәжірибені Қазақстанда қолданғым келеді. Алайда жастардың көбі қаржылық тұрақтылықты басты мақсат санайды, өйткені өз елінде мұндай табыс табуға мүмкіндік аз. Егер Қазақстанда кәсіби дамуға және жоғары жалақылы жұмыс орындарына жағдай жасалса, жастар елде қалып, осында дамуға ұмтылар еді, дейді тағы бір сұхбаттасымыз Еркін Өтеміс.
Зерттеп байқағанымыздай, шетелге жұмысқа орналастыруда Easy Sky компаниясы 7 жылдық тәжірибесі бар және осы уақыт ішінде 2000-ға жуық адамды жұмысқа жіберген екен. Компанияның негізгі қызметі Оңтүстік Корея мен Еуропа елдерінде жұмысшыларды түрлі салаларға орналастыру. Олардың арасында өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика, сондай-ақ қонақүй мен мейрамхана салалары бар. Easy Sky жұмысшыға қойылатын талаптар тұрғысынан арнайы дағдыларды міндеттемейді, бірақ жұмыс тәжірибесі немесе корей тілінің негізгі деңгейі ерекше артықшылық береді, Easy Sky компаниясы Оңтүстік Корея мен Еуропа елдерінде жұмысшыларды өндіріс, ауыл шаруашылығы, логистика, сондай-ақ қонақүй мен мейрамхана салаларында орналастыратынын білдік. Оның айтуынша, бұл жұмыстарға арнайы дағдылар талап етілмейді, бірақ жұмыс тәжірибесі немесе корей тілінің базалық деңгейін білу артықшылық саналады. Компания жұмысшыларды тиімді жұмыс істеуге бейімдейді, бірақ арнайы білім мен тәжірибе талаптарын қоймайды. Жалақы мөлшері айына 1,500-2,500 доллар аралығында өзгереді. Қосымша бонус ретінде жұмысшыларға тегін тамақтану, көлік, сақтандыру және кей жағдайда қосымша жұмыс уақыты үшін төлем беріледі. Компания тарапынан жатын орны да ұсынылады.
Қорытындылай келе, Қазақстан жастарының шетелге жұмысқа кетуінің басты себептері белгілі: жоғары жалақы, тәжірибе жинау мүмкіндігі, және кәсіби дамуға қолайлы жағдай. Алайда бұлай кете берсе еліміздің болашағы қалай болмақ? Шетелге жұмысқа үдере көшуді(арзан еңбек мигранттары болуды) тоқтату мүмкін бе? Бұл үрдісті тоқтатудың орнына, оны еліміздің мүддесіне икемдеу қажет деп ойлаймын. Бірінші кезекте, «Ұтқырлық пен тәжірибе алмасу бағдарламаларын» дамыту ұсынылады. Мысалы, жастардың шетелде уақытша жұмыс істеп, тәжірибе жинап, міндетті түрде елге қайтып, алған білімін Қазақстанда қолдануына бағытталған келісімшарт жүйесін енгізуге болады. Мұндай тәжірибені Оңтүстік Корея мен Жапонияның кейбір бағдарламалары сәтті жүзеге асыруда. Екіншіден, жұмыс орындарын цифрландыру және икемді еңбек нарығын дамыту қажет. Қашықтан жұмыс істеу форматтарын кеңейтіп, шетелдік компаниялармен аутсорсинг келісімдерін көбейту арқылы жастардың Қазақстанда отырып-ақ әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасау керек. Сондай-ақ, дағдыларды жетілдіру орталықтарын ашып, оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру ұсынылады. Бұл орталықтарда шет тілдерін үйретіп қана қоймай, IT, құрылыс, медицина сияқты салаларда сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықаралық сертификаттар алуға мүмкіндік беру керек. Осы арқылы жастардың шетелге тұрақты көшуіне емес, кәсіби тәжірибе жинап, елдің дамуына үлес қосуына жол ашылады.
Нұрай Арысбекова,
Ахмет Ясауи университеті,
Журналистика мамандығының 4-курс студенті.