Бүгінгі күні мемлекет бюджетін пайдаланудың тиімділігін бағалау және бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалау мақсатында елімізде «Ашық бюджеттің интерактивті картасы» жобасы іске қосылды.
Интерактивті карта – қалалық объектілердің құрылысы мен оған бөлінген бюджет қаражаты мониторингінің жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Сондықтан, бұл жоба ел экономиасының тұралауына қауіп төндіретін сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесуде айрықша маңызға ие.
Осыған орай, бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғанижан Асанұлы «интерактивті картаны» толықтыру барысында туындаған бірқатар мәселелердің шешу жолдарын түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.
Облысқа қарасты бірқатар аудан/қалалардың басшылары мен басқарма басшылары қатысқан жиында Ғ.Асанұлы ашықтықты қамтамасыз ететін жобаның ел алдындағы өзектілігін атап өтіп, бүгінгі күні облыстағы барлық мемлекеттік мекемелердің 81%-ы активациядан өткендігін және жариялануға тиісті 1350 мекеменің 1119-ы өз бюджетін жариялап үлгергендігін жеткізді.
Кездесуде сөз алған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің бас маманы Нұрсерік Оразалы бюджетті жариялау барысында орын алған қателіктер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, «интерактивті картаның» іске асырылу жолдарын атап көрсетті.
Жиын барысында түсіндіру жұмыстарының жүйелі түрде жүргізілгеніне қарамастан, облысқа қарасты Кентау және Түркістан қалалары мен Жетісай, Сарыағаш, Ордабасы, Бәйдібек аудандарының, сондай-ақ облыстық «Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар», «Адами әлеуетті даму», «Мәдениет», «Қоғамдық денсаулық сақтау», «Қоғамдық даму», «Цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер» басқармаларының тиісті деңгейде жүргізілмегендігі ескертіліп, аталған аудан/қалалар мен бірқатар басқарма басшыларына осы аптаның соңына дейін тапсырылған міндетті толық аяқтау бойынша қатаң нұсқау берілді. Жиын соңында қойылған бірқатар сауалдарға жауап беріліп, ақпараттық-консультациялық мәліметтер ұсынылды.