«Nur Otan» партиясынан Түркістан облыстық мәслихатының депутаттығына үміткер ретінде Сарыағауш ауданынан түсіп отырған Мадина Иманбек «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шықты. Ол сайлаушыларға Сарыағаш ауданы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, қазіргі таңда атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Өздеріңіз білесіздер, аудандағы барлық елдімекендердегі түйіткілді мәселелерді «Nur Otan» партиясының 5 жылдық сайлауалды бағдарламасына енгізіліп отыр. Әлі де болса, ел ішінде кейбір проблемалар сайлауалды бағдарламаға енбей қалуы мүмкін. Осы ретте, сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңін пайдалана отырып, елдімекендерді аралап халықпен кездесулер өткізіп келеміз. Яғни, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелермен танысып, сайлауалды бағдарламаға енбей қалған проблемаларды партияның 5 жылдық жоспарына қосуға атсалысудамыз», – деді М.Иманбек.
Сондай-ақ, депутаттықтан үміткер М.Иманбек тікелей эфир арқылы аудан тұрғындарының бірқатар сауалдарына жауап берді. Әлеуметтік желі қолданушылары қойған сұрақтардың дені ауылдардағы инфрақұрылым, білім және кәсіпкерлік салаларына қатысты болды.
Жалпы аудандағы 71 елдімекеннің 36-сы орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтылған. Сарыағаш ауданы бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін қалған елдімекендерді таза ауыз сумен қамту жоспарланған. Сондай-ақ, білім ұяларындағы техникалық базаны жақсартып, үш ауысымда оқытатын және апатты жағдайдағы мектептерді жою мақсатында жаңа ғимараттар салу көзделуде. Одан бөлек, азаматтардың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін кәсіпкерлік және жас отбасыларға арналған мемлекеттік бағдарламалардың тиісті деңгейде орындалуын қадағалауды қолға алып отыр.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі
«Nur Otan» партиясының Түркістан облысы Сайлау қорының қаражатынан төленді