Home Басты жаңалықтар ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ ФРОНТ-ОФИС АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНДЕ ФРОНТ-ОФИС АҚПАРАТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Төлеби аудандық полиция бөлімінде Төлеби ауданы әкімдігінің қолдауымен фронт-офис ашылды. Аталмыш кеңсе Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында іске асып отыр. Бұл өз кезегінде аудан азаматтары үшін полиция қызметкерлерімен кері байланыс жасау мүмкіндігін береді.
Орталық заман талабына сай толығымен компьютерлік техникалармен және жиһаздармен жабдықталған. Аталған нысанда азаматтарды қабылдауға барлық жағдай жасалып, бейнебақылау жүйесі тартылған. Келген тұрғындар үшін барлық жағдай қарастырылған.

Фронт-офисте Полиция саласына қатысты көмек сұрап келген қала, ауылдық округ тұрғындары ішкі істер органдарына қатысты сұрақтарына жауап алып, қабылданған арыз бойынша өтініштері арнайы мамандарға жолданып, қабылданған арыз-шағымдардың қаралуын қадағалай алады. Мамандар түсіндірмелер мен кеңестер беріп, мәселелерін қарайды. Оны тікелей фронт-офисте орналасқан жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері, анықтаушылар, тергеушілер және көші-қон қызметі тобының мамандары орындайды. Фронт-офистің ашылуы азаматтардан келіп түсетін өтініштердің қаралу мерзімін қысқартып, полиция жұмысының ашықтығын және сұрақтардың жедел шешілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне өзіндік септігін тигізеді.

Салтанатты түрде ашылған Төлеби ауданындағы халықтық кеңсеге Түркістан облысы Полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбеков, Төлеби ауданының әкімі Бауыржан Омарбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Нұрлан Қойбағаров, аудандық полиция бөлімінің басшысы Бауыржан Жанаев, «Nur Otan» партиясының Төлеби аудандық филиалының бірінші орынбасары Қуаныш Қансейтов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әтірхан Шыңғысбаев, Қоғамдық кеңестік төрағасы Бұхарбай Оралбеков, Төлеби аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Бердіғали Өмірәлиев, аудандық сот төрағасы Жәнібек Сейтжаппаров, Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Төлеби ауданы бойынша бөлімшесінің басшысы Айдар Шагирбаев, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бақтығали Есіркепов, Ленгір қаласының әкімі Болат Әділбеков, аудандық мешіттің бас имамы Самат Анарбаев, БАҚ өкілдері және бөлімнің жеке құрамы қатысты.

Ашылу шарасында сөз алған аудан әкімі Б.Омарбеков: «Бұның барлығы халықтың құқық қорғау органына, сот жүйесіне деген сенімін арттыру мақсатында жасалып жатқан жұмыстар. Азаматтар полиция ғимаратына келіп өзінің маңызды сұрақтарына жауап алып, полиция қызметкерлерімен тығыз жұмыс істей алады. Халқымыздың амандығын сақтау мен Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз аз емес, еңбектеріңіз әрқашан жемісті де табысты болғай! Дендеріңізге саулық, отбасылырыңызға амандық тілеймін!» деп өз құттықтауын жеткізді.