«Baurzhan Foundation» қорының негізін қалап, еліміздегі бірқатар әлеуметтік сәтті жобаның бастамашысы болып жүрген Жұлдыз Омарбектің есімі кітапсүйер қауымға етене таныс. Оның менеджерлік қырының арқасында өмірге келген әдеби һәм әлеуметтік жобалар кейінгі онжылдықта зор қарқын алып, баспагерлер мен қаламгерлер арасын жалғаған алтын көпірге айналды. Биыл қоғам белсендісінің идеясымен өмірге келген іргелі жобалардың бірі «KitapFest» кітап фестивалінің 10 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. Осы ретте тәжірибелі маманмен отандық әдеби нарық, кітап оқу мәдениеті төңірегінде аз-кем әңгіме өрбітіп, саланы дамыту тетіктері туралы сұрақ-жауап алмасқан едік.
– «Тасқа басылған кітап өркениеті өлді, роман өлді, бұл әдебиеттің ақыры» деп көп айтылады. Әсіресе әлеуметтік желі өмірге енгелі көркем әдебиеттің орны ойсырап кеткендей көңілге алаң кіргені де рас. Бірақ кітап – ешқашан өлмейтін құдірет. Себебі кітап өлсе, адамзат қоса құриды. Соның бір айғағы сіздің жасап отырған игі шаруаңыз екені өте сүйінішті. Осы туралы толығырақ, тереңірек айтып берсеңіз?
– Біз жиырма жылдан астам уақыт қайырымдылық жобаларын жүргізіп келе жатырмыз. Әртүрлі әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келіп, күрмеуін шешумен тікелей айналысып жүргендіктен, бұл дүниенің негізгі себептерінің бірі білімсіздік пен сауатсыздық екеніне анық көзіміз жетіп келеді. Яғни әлеуметтік мәселенің, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты сұмдықтардың түпкі себебі – надандық. Осы сүреңсіздіктің алдын алу жолында жас ұрпақты кітап оқуға баулу, білімсіздік пен надандықты түбірімен жоюды міндетіміз деп білеміз. Ал «KitapFest» кітап фестивалін ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – қазақ жерінен шыққан қаламгерлеріміз бен олардың туындыларын әлемге көрсету. Өткен ғасырда кеңес одағы санамызға түрлі қасаң түсініктерді сіңіріп тастады. Осындай шаралар арқылы қолдан жасалған таптаурын түсініктің тігісін сөгуді қолға алдық. Көріп жатқан нәтижемізге қарап, бұл мақсатымыздың орындалып келе жатқанын байқап, іштей қуанамыз. Бұл жобамыз қазақтың төл мәдениеті, зиялы азаматтарының құнды еңбектерін, жаңа замандағы қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау мен қолдауда біршама батыл қадам жасады деп айта аламын.
– Отандық кітап нарығы қостілді екенін жасыру қиын. Бізге қымбаты – ана тіліміздің мәртебесі. Қазақ тілінде шыққан кітаптар ең көп оқылатын рейтингтен қаншалықты орын алады деп ойлайсыз және қандай авторлар көш бастап тұр?
– Қазақ тілінің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келе жатқанымызға отыз жылдың жүзі болды. Жасыратын несі бар, 2020 жылға дейін орыс тіліндегі әдебиеттің үлесі басым болды. Мұның себебі – қазақ әдебиетінің жазылмауы емес. Қазақ әдебиетін сатуға, монетизациялауға, маркетингін жолға қоюға жеткілікті жағдай жасалмағанның салдарынан осындай ахуал қалыптасып отыр. Алайда кейінгі уақытта оқылымы артқан Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Аслан Орақбайдың «Кешірдім», Санжар Керімбайдың «Мәдени майдан», Азамат Сқақовтың «Сен» сынды бестселлерлер мен «Мазмұндама», «Steppe&World» сынды баспалар қазақ тіліндегі шығармалардың өз оқырмандары барын, олардың өтімді екенін әрі мазмұны жағынан өте қызық екенін дәлелдеп берді. Бүгінгі сана-сезімі азат, еркін ойлы жас жазушылар буыны қаламдарының қуатын әлемдік деңгейде таныта алады деген сенімім бар.
– Қазақтілді ортаның сұранысы кітап нарығына қаншалық сай? Неліктен мықты авторларды баспагерлер өздері іздеп жүріп шығармайды? Өйткені бұл істе екі жақтың, яғни қос тарап – баспа мен жазушының мүддесі бірдей бола тұра көбінесе таразының басы тең түсе қоймайды. Негізінен қаламгерлер қауымы жалынышты сияқты сезіліп жатады. Қаламақы мәселесі жыл өткен сайын жақсарып келе жатыр. Бұл ретте оқырман тарабы қаламгер мен баспагерге лайықты серіктес бола ала ма?
– Бұл – өте күрделі сауал. Жоғарыда атап өткенімдей, барлық мәселенің өзегі – сауатсыздықта. Ең бастысы, бізде жақсы шығармалар жазылып жатыр. Жазылған шығармаларды оқуға оқырмандардың да ықыласы жоғары. Бірақ, өкінішке қарай, оқырман мен жазушының арасындағы байланыс үзілген. Мәселен, қазір «Зият», «Қазына», «Кітап ал» сынды кітап дүкендері нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Алайда Қазақстан ТМД-дағы цифрландыру бағытындағы көшбасшы ел саналғанымен, әлі күнге дейін қазақтың тұтас әдеби мұрасы жинақталған бірде-бір электронды кітап сататын цифрлық платформа іске қосылмаған. Қазір отандық нарыққа Яндекс, MyBook, ЛитРес сынды платформалар еніп жатыр. Мұнымен қоса қазақ қаламгерлері маркетинг құралдарынан бейхабар. Қаламгерлерді өз шығармашылығын жарнамалауға бағыттау керек. Өкінішке қарай, әлі де әдеби агент ұғымы толық қалыптасқан жоқ. Бізге мұндай мәдениет жете алмай жатыр. Мұндай жұмыстарды кім жүргізу керек? Сөзсіз, бұл – нарықтық мәселе. Алайда мұндай үрдістер енді жанданып, қаз басып келе жатқанда, бұл шаруамен идеологиялық тұрғыда Мәдениет министрлігі айналысуға тиіс. Қазір жас қаламгерлерді ынталандыратын, сәйкесінше оларды жаңа дүниелер жазуға жетелейтін әдеби байқаулар санын арттырған ұтымды болар ма еді. Сонда жазушы да риза, мемлекет те өзіне қажетті өнімге ие болады. Жаңа заманның үні байқалатын жаңа туындылар өмірге келеді. Нәтижесінде, жазушылар ғана дамып қоймай, жаңа жанрлар қалыптасып, уақыт үдерісіне икемделе бастайды. Салалық орган қаламгерлердің туындыларын жарнамалап, сатылымдарын ұлғайтуға, осы кітаптарды сатуға мүмкіндік беретін жаңа платформаларды өмірге әкелуге мүдделілік танытып, түрлі субсидиялар беруі керек. Шығармашылықты осындай әдістермен қолдап, жағдай жасау қажет. Егер креативті идеяларды кино саласын қолдағандай қолдаса ғажап болар еді. Мәселен, елімізде кино қоры бар, кітап қоры жоқ. Менің алға қойған мақсаттарымның бірі де осы — қазақ қаламгерлері мен кітап қорын құру. Арамызда жүрген таланттарды дер кезінде тауып, оларға қолдау көрсетпесек, көп нәрседен нарықтық тұрғыда кеш қалуымыз мүмкін. Бұл бағытта біз «KitapFest» жобасының аясында жас қаламгерді жазу өнеріне баулу, шығармашылығын дамытып, монетизациялауды үйрету мақсатында тегін онлайн вебинарын іске қосқанын қуана хабарлағымыз келеді.
– Жоғарыда атап өткен цифрлық платформа мәселесіне қайта оралар болсақ.
– Қазақстанда интернет жылдамдығы жағынан ахуал біршама жақсырақ. Мұны не себепті айтып отырмын? Мысалы, өңірлер «Kitap Fest» сынды кітап фестивальдарын өткізгісі келеді. Бірақ өткізе алмайды. Себебі кейбір өңірлерде кітап дүкендері мүлде жоқ. Облыс орталығындағы дүкендердің саны 2-3-тен аспайды. Елімізде танымал кітап сату желісі жалғыз «Меломан» ғана. Басқа баламалы нұсқалар жоқтың қасы. Ал «Меломан» өнімдерінің 80 пайызы орыс тілінде. Қазақ тіліндегі кітаптардың сатылымы көңіл көншітпейді. Біз осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Qazaq mura» цифрлық платформасын іске қосып, қазіргі таңда платформаның электронды сөрелерін қазақтың бай әдеби мұрасына толтыру жұмысымен қал-қадірімізше айналысып жатырмыз. Ал шын мәнісінде мұндай жобалардың екпінді жүзеге асуы мемлекеттің негізгі мүддесіне айналуға тиіс. Өзіңіз салыстырып көріңіз, біздің отандық кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылатын «Kitap Fest» фестивалін қолдауға 15 миллион теңге бөлінеді. Ал жапон мәдениетін қолдауға бағытталған «Comic Con» фестиваліне 800 миллион бөледі. Бұл идеологиялық мәселе деп есептеймін. Біз үшін мұның қайсысы маңызды? Мемлекет осының аражігін ажырата алуға тиіс. Кітап нарығын, әдеби жобаларды, баспаларды мемлекет қолдағаны жөн. Ұдайы, тоқтаусыз қолдаудың қажеті жоқ. Ең болмаса даму жолына түсіп келе жатқан алғашқы онжылдықта демеп жіберсе, әрі қарай өзін-өзі қамтамасыз ете алатын нарық қалыптасады. Өкінішке қарай, бұл нарық сәтті дамыған кино және музыка нарығы сияқты аяққа тұра алған жоқ. Әлі де тәй-тәй басып келе жатқан сәби кейпіндеміз. Сондықтан да мемлекет тарапынан ауқымды қолдау қажет. Ал бұқараның кітапқа деген назарын бұрып, біздің бүгінгідей ауқымды іс-шараларды сәтті ұйымдастырып, ақырындап нәтиже көре бастауымызға Мемлекет басшысының айтарлықтай ықпалы болды. Ол үнемі кітап оқудың қажеттілігі мен маңыздылығын тілге тиек етумен келеді. Бәлкім өзі қаламгердің ұлы болғандықтан да кітаптың маңызын жақсы түсінетін болар.
– Қазақ әдебиетінің де әлемдік үрдістен құр қалмауы – заңдылық. Кітап саудасын өсіріп, аса талантты деген шоғырдың бағын ашатын бір тетік – әдеби агенттер. Сіздер сондай мамандармен жұмыс істейсіздер ме?
– Қазақстандағы әдеби кеңістікте «әдеби агент» ұғымы толыққанды қалыптасқан жоқ десем, қателеспеймін. Бірен-саран ғана агенттер бар. Әдеби агенттің жұмысын атқарып жүрген, жұмысы жүйелі түрде жолға қойылған баспалар да баршылық. Бұл осыдан бірнеше жыл бұрын жылжымастай көрінген сеңнің қозғалғанын аңғартады. Бірақ жоғарыда атап өткеніміздей, бұл біз үшін аздық етеді. Әдебиет пен кітап нарығы жүйелі түрде, мақсатты түрде мемлекет тарапынан қолдау тапса, бұл бағытты қолдаудың маңыздылығын мемлекет тереңінен түсінсе, алдағы уақытта біршама өзгерістерді байқаймыз деген үміттемін. Ал біз бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіп жатырмыз? Бір ғана «KitapFest» фестивалінде осы он жылда жүзге жуық автордың кітабы таныстырылды, қырыққа тарта лекция мен семинар өтті, елуден аса баспа өз кітаптарын сатты, жиырма мың қонаққа тегін кітап таратылып, жалпы саны 28 000 адам фестивальға мейман болды. Бұл дегеніміз осыншама адамның санасына кітап оқу мәдениеті мәдениеттің биігі екенін сіңіргенімізді айғақтайды. Біз осы жылдар аралығында кітапсүйер қауым мен сол кітаптарды өндіруші авторлар мен баспагерлер арасында алтын көпір бола білдік. Осы биігімізден төмендемей, әрі қарай жандана түсуді көздеп отырмыз. Биыл атап өтілгелі отырған онжылдық мерейтойымызда жаңа белес белгілеп, ерекше екпінмен жаңа межені бағындыратынымызға сенеміз.
– Әңгімеңізге рақмет.
Әңгімелескен –
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ.