Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІ ҚАНДАЙ?

ТҮРКІСТАН: КІТАП ОҚУ МӘДЕНИЕТІ ҚАНДАЙ?

Жыл сайын 23 сәуірде Бүкіләлем­дік кітап және авторлық құқық күні атап өтіледі. 1995 жылы Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында осы күнді кітап пен оның авторларына арнау туралы шешім қабылданды. Кітапсүйер қауымның бұл мереке­сінің басты мақсаты – кітап оқуға шақыру, адамзаттың мәдени және әлеуметтік өрлеуіне үлес қосқан авторларды құрметтеу, есімдерін ұлықтау. Әлем елдері адамзат дамуындағы кітаптың мән-маңызын әлдеқашан мойындаған. Қазіргі озық технологиялар дәуірінде де тасқа басылған басылымдар өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, ой-сананы өсіретін, интеллектуалдық тұлға қалыптастыратын, жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрететін кітапқа деген сұраныс барған сайын өсіп барады. Бұл ретте қазіргі жастар қандай кітап оқып жүр, жалпы кітап оқу мәдениетінің бағыты қандай деген сауал ойландырады. 

Бүгінгі жастар кітап оқиды. Оқы­ғанда да таңдап, талғап оқиды. Оған кітапханалардың оқу залдарында кітапқа шұқшиған, кітап дүкен­дерінде кітап сатып алып жатқан, смарт­фонның экранына телміріп кітап оқып отырған жастар дәлел. Мәселе олардың нені оқитындығында. Осы орайда «Көркем әдебиет жас баланы саяси қайраткерге дейін тәрбиелейді» деген неміс жазушысы Лион Фейхтвангердің сөзінің жаны бар. Өйткені балауса өмірге бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол сілтер даналыққа, ұлағат пен өнегеге толы кітап бар да, «шөп те өлең, шөңге де өлең» дегендей көр-жерді әңгімелейтін деңгейі төмен дүниелер де аз емес. Одан қала берді ұлттық мүддені назардан тыс қалдыруға болмайды. Сон­дықтан қазіргі жастардың қандай кітап оқитынын білу мақсатымен кітапханалар мен кітап дүкендеріне барып, өз көзімізбен көруге тырыстық. Бұл бүкіл жастарға тән үрдіс болмаса да, басым көпшілігінің көзқарасы, пайым-түсінігі бір арнаға тоғысатынын аңғару қиын емес. Жалпы кітапқа қол жеткізудің бірнеше көзі бар екені белгілі. Ең алдымен, кітапханалар мен кітап дүкенде­рін айтуға болады. Ал үй кітапханасы не­гізінен білім-ғылым, әдебиет ­маңа­йын­­­­дағы адамдардың еншісінде ғана бар дүние. Демек, басым көпшілік ізде­ген кітабын кітапханалардан тауып оқиды немесе дүкеннен сатып алады. Бұл ретте Алматыдағы атақты Ұлттық кітап­хананың жөні бөлек. 7 миллионға жуық қоры бар кітапханаға күніне мың­даған адам бас сұғады. Мұндағы оқыр­ман қарасы үзілмейтін орынның бірі – көркем әдебиет залы. Қазақстан кітаптары бөлімінің жетекшісі Гүлнәр Бақтыгерееваның айтуынша, бұл бөлімнің негізгі оқырмандары – жастар. Күніне 700-800 оқырман келеді. Олардың дені студент болғандықтан, тапсырманы орындау үшін келеді дегеннің өзінде, көз майын тауысып өз бетімен көркем шығарма оқитындар да жеткілікті. Орташа алғанда, бір оқырманға күніне 2-3 кітаптан айналады. Көркем әдебиет залындағы сұ­ранысқа қарағанда, Мұқағали Мақатаев – қазіргі оқырмандардың да ең көп оқитын ақыны. Ғабит Мүсі­репов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкеев, т.б. жазу­шылардың өз оқырманы бар. Сала­лық әдебиетке келсек, І.Кеңес­баевтың «Фразеологиялық сөздігі», З.Қабдоловтың «Сөз өнері», Ш.Сарыбаевтың этимологиялық сөздігі қолдан-қолға тимейді. Сондай-ақ қазір экономиканың рөлінің өсуіне бай­ланысты, кәсіпкерлік, бизнес ­туралы қазақша кітаптарға сұраныс жоғары. Көпшілікке арналған таным­дық, психологиялық әдебиет­тер де жас­тардың іздеп жүріп оқитын кітап­тарының қатарына жатады. Бірақ ондай қазақша кітаптар санаулы, көпшілік­тің сұранысын қанағаттандыра бер­мей­ді. Мысалы, қазір А.Рысмендиевтің, Қ.Шонбайдың, О.Жәлелдің іскерлік әдебиет сериясын­дағы кітаптары өтімді. Бұл ретте рухани, эстетикалық әсер сыйлайтын туындылардан гөрі нақты өмірге қажетті, бағыт-бағдар беретін кітаптардың жақсы сұраныста екендігі байқалады. Ұлттық кітапхананың шетел әде­биеті бөлімінде барлығы 64 тілдегі туындылар оқырман назарына ұсы­нылған. Ең көп оқылатыны – әрине, ағылшын тіліндегі кітаптар. Мұнда қазақстандық жазушылардың да түрлі тілдегі кітаптарын табуға болады. Дегенмен, «шетел әдебиеті арасында оқылымы жағынан авс­тралиялық жазушы Грегори Дэвид Робертстің «Шантарам» романы озып тұр. Кітапханаға осы кітапты оқу үшін күніне ондаған адам келеді» дейді шетел әдебиеті бөлімінің қызметкері Гүлжайна Мырзакерімова. Жалпы таралымы миллион данадан асып кеткен бұл кітап әлем оқырмандарының сүйікті кітабына айналған. Автордың басынан кешкендері баяндала­тын романда шым-шытырық уақиға да, мистика да, философиялық ой-толғам да бар. Жастардың бұл кітапқа қызығушылығының сыры да сонда сияқты. Кітап дүкендеріндегі көрініске қарасақ, жарнамасы күшті, сәнге айналған кітаптарды елден қалмау үшін оқитындардың көп екені көрінді. Дүниежүзі оқырмандарының сұранысын дөп басқан батыс кітап нарығы маркетинг пен менеджмент жағынан ешкімге дес берер емес. Ханья Янагихара секілді авторлар мен «Шантарам», «Куриный бульон» сияқты кітаптардың сауда көшін бастауының бір себебі де сол екені анық. Қазіргі заманда жарнамасыз ең керемет деген кітаптың өзі оқырманға жете қоюы неғайбыл. Сондықтан шетелдің осы саладағы озық тәжірибесін үйреніп, қазақтілді кітаптардың қазақ оқырманына жетуіне көңіл бөлу өзекті мәселенің бірі болып отыр. Ең ­бастысы, балабақша, мектептен ­бастап зейнеткерлерге дейінгі оқырман аудиториямыз бар, соларға кітапты қолжетімді ету, кітап оқу мәдениетін насихаттаудың заманауи тетіктерін пайдалану – бүгінгі күннің талабы. Бұл орайда «Бір ел – бір кітап», «Жыл кітабы» және т.б. акциялар мен жобаларды жүйелі түрде ұйымдастыру, қазақ кітабын насихаттаушыларға қолдау көрсету де кітап оқуды жолға қоюға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ «Қазақ жастары оқуға тиісті 100 ­немесе 200 кітап» деген сияқты тізімдерді ұсыну да кітап­сүйер қауымның уақытын босқа шығын­дамай, таңдаулы кітаптарды оқуына көмектесе алады. Өйткені жастармен пікірлескен кезде олардың белгілі бір жүйемен емес, достарынан, «ұзынқұлақтан» немесе әлеуметтік желілерден алған ақпараты бойынша оқитынын да байқадық. Және де жас оқырмандар кітаптың мазмұнына ерекше мән береді. Кітап әйтеуір бір ерекшелігімен оқырманды тартуы тиіс. Ол басты кейіпкерді жақсы көруі не жек көруі, құрметтеуі не қорқуы керек. Яғни қазіргі заманғы оқырманға эмоция маңызды. Міне, нарық заманында «толмаған толстойлар мен шала шекспирлердің» дәурені жүрмейді. Кітапханалар мен кітап дүкенде­рін­­дегі талғампаз оқырмандар ара­сында жоғары сұранысқа ие кітаптар тобы – интеллектуалдық проза. Мәселен, қазақстандық кітап нары­ғын­да ресейлік «Corpus» баспасының серия­лық өнімдері сауда көрігін қыз­дырып келеді. 2009 жылдан бері шығатын бұл сериялы туындылар оқырмандарға әлемдік әдебиеттің ең үздік туындыларын жеткізуде. Мұнда көркем әдебиетпен қоса барлық бағыттар: мемуар, тарих, деректі зерттеулер, ғылым жетістіктері, саясат, өмір салты, психология, медицина, т.б. қамтылған. Қазіргі күні жастардың арасында ең көп оқылатын кітаптарды осы бағыттағы әдебиеттер құрайды. Мұндай дүние­лерді қорытудың өзі белгілі бір дәрежеде ой еңбегі екенін ескерсек, жастардың бұған ішкі дайындығы бар екенін, талғамына қарай талабы қалыптасқанын көреміз. Өкініштісі, әлемдік әдебиетке тек орыс тілі, ресейлік кітап нарығы арқылы жетуден әлі де арылмай келеміз. Көрші елдің саудасын жүргізумен қоса, тіл мен діл туралы айтыла-айтыла жауыр болды. «Өзгенікі таңсық, өзіміздікі қаңсық» дегендей, бұдан жастардың бойында ойлы кітап тек шетелде ғана сияқты көзқарас қалыптасуы бек мүмкін. Сол сөренің басында қазақ интеллектуалдық про­засының көшбасшысы Жүсіпбек Аймауытов, одан берідегі Асқар Сүлейменов, Қалихан Ысқақов, Марат Қабан­баев, Сайын Мұратбеков сынды жазу­шыларымыздың кітаптары неге тұрмасқа? Кітап оқу саласындағы әлемдік үрдістер, сондай-ақ кітапхана­ла­рымыз бен кітап дүкендеріндегі ұсыныс пен сұраныс кітап оқу мәдениетінің қай бағытта дамып бара жатқанын айқын аңғартады. Яғни біздің отандық кітап нарығы­ның құлағын ұстағандар оқырман сұранысына бейімделуі, оларға қажетті әрі пайдалы дүниелерді ұсынуы керек. Әйтпесе, бәсекелес­тікке жарамсыз әдебиет деп қазақстандық кітаптардан бас тартқан оқырман қауым тек шетелдік жазушылардың ­туындыларынан тұшынып жүре беретін болады. «Кітап аяулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін ­интеллигент бола бастадым деп ­санауына болады» деп ­жазыпты ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов. Қоғамда кітап оқудың құндылығын ұққандар мен кітап оқымайтындар деген екі категорияның бір-бірінен айырмашылығы тереңдей бермек. Сондықтан кітап оқу мәде­ние­тін ­насихаттау жөнінде жүйелі іс-шаралар жүргізумен қоса, жас буынның әдеби, тарихи, көркем ойлау жүйесін ұлттық мүддеге сай қалыптастыру мәселесін қаперде ұстасақ игі.

Ерасыл, студент: – Менің әдеби кітаптар оқып жүргеніме көп бола қойған жоқ. Шынымды айтсам, оқушы кезімде 1-2 кітаптан артық оқыған емеспін. Мектепте негізінен тестілеуге даярлануға басымдық берілетіндіктен, көркем әдебиетке аса назар аударыла бермейді. Негізі, маған саясаттан тыс, таза әдеби шығармалар ұнайды. Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Оралхан Бөкеев сияқты жазушылардың шығармаларын ұнатып оқимын.

Қазыбек, банк қызметкері: – Дәл қазір мен Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебе» романын оқып жүрмін. Бұл кітапты іздеп жүріп әрең таптым. Жалпы тарихи-әдеби кітаптар қызықтырады. Кітапқа қызығушылығым Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романынан басталды. Айына кем дегенде бір кітап оқуды өзіме мақсат етіп қойдым. Бірақ кейде мен іздеген кітаптар таптырмайды. Ал елдің бәрі оқып жүрген сәнді кітаптарға құмарлығым жоқ.

Нұрлан, студент: – Мен қазір қазақ жазушыларының кітаптарын ағылшын тілінде оқуға ден қойып жүрмін. Өйткені бүгінгі таңда кез келген адам үш тілді меңгеруі тиіс. Мысалы, І.Есенберлиннің «Көшпенділер» романының ағылшын тіліндегі ­аудармасы маған тіл үйрену үшін және халқымның тарихын білу үшін қажет. Кейін шетелге барғанда өз елімнің тарихынан хабардар болуға тиіспін. Жалпы маған өмір жайлы кітаптар ұнайды. Кейбір кітаптар бірінші бетін оқығаннан-ақ қызықтырып кетеді. Негізінен алдағы өміріме пайдалы кітап оқығанды дұрыс деп есептеймін.

Дина ИМАМБАЕВА