Өнер қиындығымен, қызығы қатар жүретін барлық адамның қолынан келе бермейтін, бірінің бойынан кездессе, екінші бірінің бойынан табылмайтын ерекше жаратылыс. Өнердің сан қилы жолының қай тармағы сенікі екенін жүрегің ғана біледі. Сені сол жолға жетелейтін бойыңдағы талпынысың, қызығушылығың.
Түркістан қаласы облыс болғаннан бастап қала төрінде көптеген өнер орталықтары ашыла бастады. Соның бірі де бірегейі «Түркістан музыкалық драма» театры. Театр аз ғана уақыттың ішінде көптеген премьераларының тұсауын кесіп үлгерді. Бұл театр жас болса да өзінің аудиториясын жинап, халықтың көңілінен шықты. Театрмен бірге өсіп келе жатқан, қойылымды халыққа жеткізу үшін күн демей, түн демей дайындалып керемет шедевр жасап шығатын жас әртістерімізді де айтпасқа болмас. Солардың бірі Түркістан музыкалық драма театрының жас әртісі Рабина Белгібай. Рабина Алматы қаласында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мектеп-интернат, колледжіннің, «музыка театрының әртісі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Мамандығын аяқтай салысымен Түркістан қаласы, Түркістан музыкалық драма театрына жұмысқа қабылданған. Рабинаның айтуынша бала кезінен өнерге жақын болып өскен. Мектеп кезінен түрлі ән, би үйірмелеріне қатысқан.
Жас театр әртісі Рабинамен кездесу…
Шынымды айтсам, осы 20 жасыма дейін театрға мүлдем барып көрмеппін. Бір күні құрбыларым театрға «Келіндер көтерілісі» комедиялық қойылымына барайық деп ұсыныс тастаған соң ойланбастан спектакльге баруға шешім қабылдадық. Комедиялық болғаны үшін және басты рөлдер де актер Мейірғат Амангелді мен блогер Айжұлдыз Адайбекқызы ойнайды деген соң да қызыққан едік. Қойылым басталды сахнада Мейірғат Амангелдінің қасында Айжұлдыз емес, басқа қыз. Қасымдағы қыздарға қайта қайта қарап «неге өзі ойнаған жоқ ?», «бекер келдік па?» деген сұрақ мазалады. Солай сұрақ қойып, сұраққа жауап таба алмай отырғанда қойылым әп сәтте басталып та кетті. Басты рөлде ойнап жатқан қызды таныған жоқпын. Тек танитын актерлерге қарап, қызықты туындыны тамашалап отыра бердік. Қойылымның ортасына келгенде басты рөлдегі бейтаныс қызға назарым ауа түсті. Оның рөлге берілуі, жан тәнімен сезініп кейіпкердің бойына еркелік, батылдық, биімен көрерменді өзіне баурап алуы бәрі-бәрі ұнай бастағандай болды. Солай назарымды өзіне қарата бастады. Басты рөлдегі Айжұлдыздың орнына ойнаған қыз Түркістан музыкалық драма театрынын жас әртісі Рабина болатын. Бұл қойылымның ұнағаны соншалықты, келесі қойылымдардан қалмауға тырысатын болдым. Әрине, Рабина бар қойылымдарға баруға тырыстым. Келе келе әр қойылымға барған сайын Рабинаның рөлдеріне қараумен, сол рөлді, өзін зерттей бастадым. Мені таңдандырғаны сонша бір қойылымда нәзік қыздың болмысын сомдаса, келесі бір қойылымында қайсар, батыл қыздың рөлін сомдады. Осы мақаланы жазу үшін кейіпкерді таңдау қиын болған жоқ. Тез шешім қабылдап сұхбатты Рабина Талғатқызынан аламын деп шештім. Рабинаны әлеуметтік желіден біраз уақыт зерттеп жүрдім. Бір күні өзіне жазып, өзімен сұқбаттасып, өзі жайлы мақала жазғым келетінін айттым. Әрине қуанышыма орай келісті…
Актрисамен сұхбатым төмендегіше өрбіді…
«Келіндер көтерілісінде» басты рөлді сомдағаныңызды көрдім. Танымал блогер Айжұлдыздан кейін көременге сол бейнені сомдап шығу қиын болған жоқ па ?
-Бұл рөл негізінде маған қиындық тудырған жоқ. Маған берілгені – кіші келін Нигораның рөлін сомдап шығу. Неге бұл туынды оңайға түсті дерсіз? Себебі, қойылымдағы Нигора өмірдегі мына мен. Өзім сияқты ерке, шолжыңдау, батылдықтары тура өзім. Бірақ толықтай жеңілде болды деп айта алмаймын. Менің болмысыма қарама-қарсы жағы да болды. Ол қойылымда барлық жеңгелерін, қайын ағаларын жинап жігерлендіретін сөздер айтып, бәріне түсіндіру және соны дұрыс халыққа жеткізу қиын болды. Бірақ, дайындық барысында түсінуге, өзімді сол болмысты толықтай сезінуге тырыстым. Ал Айжұлдыздан кейін көрерменге бұл қойылымды қайта қою кезінде мен үлкен сыңға қалдым. Екеуміздің видеоларымыз әлеуметтік желіде үлкен сынға қалды. Бізді салыстыра бастады. Бірақ мен халыққа басқа қырыммен жеткізе алдым деп ойлаймын. Несімен мен Айжұлдыздан ерекшелендім? Ол менің Айжұлдызды қайталап, көшірмегенімде. Әдетте, театрда бір қойылымды бірінші құрам қалай ойнаса, дәл соны екінші құрам еріксіз қайталауы таңғаларлық емес. Ал менде ондай болған жоқ. Неге мен бұлай айтып жатырмын себебі, біздің видеоларымыз инстаграм, тик- ток желілеріне тарап кетті, сол кезде пікірлер екі жақта да болды. Бірі Айжұлдыздың бойы харизмаға толы, сондай жарқын десе. Ал, Рабина нәзік екен деп пікір қалдырды. Осындай талқылардың арқасында Айжұлдыз екеуміз екі түрлі Нигораны көрерменге ұсындық деп ойлаймын. Бұл менің кәсіби карьерам үшін сәтті рөл болды. Осы рөлде ойнағаныма өте қатты қуаныштымын, маған үлкен тәжірибе болды. Бір қуанарлығы, танымал актерлермен бір сахнада жұмыс жасадым. Олар режиссер Дәурен Серғазин, Жандаулет Батай, Бақыт Қажыбаев. Тағы да көптеген он жылдан астам жұмыс жасап келе жатқан тәжірибелі сахна майталмандарымен жұмыс жасау мен үшін үлкен құрмет болды.
Алғашқы дебютіңіз ? Ең қиын соққан рөліңізге тоқталып кетсеңіз ?
– Колледж қабырғасында алғаш біздің сахнаға шығуымыз, алғаш рет өнер көрсетуімізді де дебют деп те алып қарасақ болатын шығар. Бірақ менің алғашқы, кәсіби түрдегі дебютім осы Түркістан музыкалық драма театры сахнасында «Беу, қыздар – ай» қойылымындағы Күнсұлудың рөлі болды. Қиындық тудырған рөлге келетін болсам ол менің дипломдық жұмыс кезіндегі ойнаған кейіпкерім. Дипломдық жұмыста Г.Хугаевтің «Қара шекпен» әфсанасындағы басты кейіпкер «Көкшулан» қасқырдың рөлін сомдадым. Қиын болды себебі мен колледж қабырғасындамын, 18 жасар қызбын өнерде де, өмірде де ешқандай тәжірибем жоқ. Сол кезде маған Көкшуланды, махаббатты ойнау қиын болды. Неге ? деген сұрақ мазалайтын шығар. Себебі, сол дипломдық жұмыс кезінде менің жігітім бар еді. Махаббат ойнай алмауымның басты себебі де осы қасымдағы серіктесімді сахнада жақсы көре алмадым. (негізінде , жақсы көруге, жақсы көргенболып көрсетуге тиіспін). Сахнадан бөлек өмірде де оны қабылдай алмадым, онымен мен өзімді жайлы сезіне алмадым. Серіктесімді ойнаған «Тұзар» менің курстасым болды. Сол кезде өзімнің салама кәсіби түрде қарай алмағандығымнан болса керек. Бұл тек дипломдық жұмыс деп қарай салғанымна ба екен? Тәжірибе жетіспеді ме екен? Бірақ махаббат сахнасын жақсы ойнай алмасам да, басқа сахналарды жақсы ойнауға тырыстым. Бәлкім жүрегім бос болмағаннан кейін бе ? Әлде жұмыс пен сахнадағы өмірді араластырмау керектігін сол кезде дұрыс түсінбегенімнің кесірінен шығар деп ойлаймын. Қазір бұл әрекетіме жай ғана тәжірибе ретінде күле қараймын.
-Қиынға соққан кейіпкеріңіз «Көкшулан» екені түсінікті. Ал, өзіңізге жақын болған, сол рөлді құлшыныспен, бар жігеріңізді салып сомдаған кейіпкеріңіз қайсы болды?
-Осы жақында «Ромео мен Джулетта» спектальінде «Фортунато» деген ойдан шығарылған кейіпкердің рөлін сомдадым. Қойылымның режиссері: Дина Жұмабай Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірім театрында жұмыс істейді. Қазақ театрына өзінің “Бернарда Альбаның үйі” қойылымымен танымал режиссері болды. Дина ханымның тапсырмаларын түсіну қиынға түсті, өйткені ол нәтижені бірден көргісі келетін режиссер. Бірақ берген тапсырмаларын толықтай түсініп алғаннан кейін, басында айттым ғой ойдан құрастырылған кейіпкер болғандықтан, ол рөлге өзімнің жағымнан мінезімді алып қоса беруге болады. Сондықтан бұл рөлді толықтай менікі екенін сездім. Мен бұл рөлде ойнағанда ләззат алдым, рахаттандым. Режисермен ойларымыз дөп түсіп жатты. Дина ханымды ең мықты, мені түсінетін режиссердің бірі десем де болады. Ақырында ол кісімен жұмыс жасау біздің труппаға да қатты ұнады. Өз ісінің маманы Дина Жұмабай қойған “Ромео & Джульетта” қойылымында аталған кейіпкерді ойнағаным мен үшін сәтті болды.
Өнердің ортасында жүргеннен кейін қызығы мен қиындығы қатар жүретіні анық. Сол сахнадағы ең қызықты сәттермен бөліссеңіз…
-Есімде қалған қызықты сәттерімнің бірі ол 3 курс кезімде болды. Колледждегі апайларымыз Түркістан музыкалық драма театры кастинг өткізуге келетінін айты. Кастингтен өтсеңдер 3 курстан кейін жұмысқа қабылдайтынын айтып, бізге дайындалып жүріңдер деп ескертіп кетеді. Менің бұл театрға деген қызығушылығым басында болған жоқ. Өтуіне екі күн қалғанында «мен бұл театрдың кастингіне қатыспаймын ау» – деп дайындалмағанмын. Театр туған қаламнан жырақта болған соң да барғым келмеген болар. Кастингке қабылдауға келген күні бізге айтты кім театрға барғысы келеді солар қалсын, кім бармайды шығып кете берсін деп. Дәл сол кезде мен қалып қоямын. Дайындалмағандықтан не істеу керектігін білмедік. Кейін қасымдағы қыздар өзімізді көрсетейік, ән айтып, би билеп дегенге кастинг өткізушілер келісті. Сүйтіп өнер көрсетіп біткен соң мен комиссияға ұнаппын. 2023 ж. наурыздың 30 күні жазады чатымызға «Рабина, Ақбөпе және Диана» деген қыздар кастингтен өтті деп. Және бізде 1 айдан кейін қойылымның премьерасы өтеді, соған тез арада келіңіздер деп ұсыныс түсті. Мен сол хабарламаны естіген кезде басында бара алмаймын ау деп ойлағам. Себебі сәуір айында мен Москвадағы ГИТИС-ке “Серебряная шпага» байқауына баруым керек болды және дипломдық жұмысым да 2 айдан кейін қойылу керек еді. Барлығы бір уақытқа жиналып қалғандықтан да, ол жаққа бір жағынан баруды қаламадым. Екінші жағынан олар кастингтен өткен қыздар дер кезінде келу керек деп отырды. Не істерімізді білмей, жетекшімізге хабарластық. Ағайымыз мен сендерге сенемін, дипломды уайымдамаңдар оған дейін екі ай бар. Ал сендер бір айда келіп қаласыңдар және бұл сендерге көп тәжірибе болады, деді. Солай басында бір айға ғана барып келемін деген театрым, бүгінде құтты мекен қарашаңырағым болды. Тұңғыш жұмыс жасап бастаған театрым осы Түркістан музыкалық драма театры. Қазір осы өнер шаңырағында жұмыс істеп жатқаныма қуанамын.
– Рабина сіз үшін жетістік деген не ?
– Мамандығымды жақсы көргендіктен шығар сомдаған рөлдерім аса қатты бір қиындық тудырмай, аз уақытта меңгеріп, жақсы нәтиже көрсетуімді жетістік деп айта аламын. Өзімнің саламды адаспай тапқаным, жақсы нәтижелерге жету үшін еңбектенетінім, батыл шешім қабылдайтыным және өзіме деген сенімділігім. Осы қасиеттердің арқасында аз болса да, биікке қадам басуым, саф өнерге қол созуым жетістік. Ата-анамның әрқашан да мені қолдауының өзі жетістік. Жақын адамдарымның қолдауларының арқасында өзіме деген үлкен сенімділік пайда болып қазір өзім таңдаған, өзім жақсы көретін театр сахнасында қызмет жасап келемін.
Рабинаның қызығушылығы мен талпынысы театр аялдамасына тура жолды нұсқап әкелгеніне көзім жетті. Бұл жолмен шығармашылығы тоқтамай, өнер жолындағы аялдаған алғашқы тұрағы осы болсын дегім келеді. Ал оны алда өнердің сан қилы жолдары күтіп тұр… Асылай Сайрамбай, Қожа Ахмет Ясауи университетінің 3 курс студенті.