Театр қоғамдық ой сананы қалыптастыра алатын күшке ие. Өйткені әр елдің , ұлттың тарихымен, салт санасымен жалпы мәдениетімен, тарихымен тығыз байланысты дүние десек те болады. Әрбір көріністің көрерменге шынайы әсер қалдыруы актердің шеберлігінен. Ауыз толтырып айтарлықтай түрлі пікірдің артында, рөлді сәтті алып шыға алған әртістердің қыруар еңбегі жатыр. Сондай әртістердің қатарында, көрермен көзайымына айналған театр топтарының бірі «Алдараспан» театрының шебер әртісі, ерекше рөлдерді сомдаған, халық сүйетін актер Шәкен Амантұровпен сұхбаттасып көрген едік:
– Алғашқы шығармашылық жолыңыз жайлы айтып өтсеңіз, қалай басталды?
-Шығармашылық жолым мектеп кезімнен басталды десем болады. Мектептегі біліммен қатар саз өнер мектебінде домбыра сыныбын аяқтағанмын. Бала кезімнен жан дүнием шығармашылыққа жақын болды. Сондықтан болар қазірге дейінгі өмірімде өнерді қоса алып жүргенім. Мектеп бітірген соң, тарих, құқық негіздері бойынша алғашқы мұғалімдік мамандығымды алып шықтым. Ал, шығармашылық бағытында 2003 жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрік университетінде екінші мамандығым ретінде актерлікке түстім. Оқуға түскен жылы, бірінші курсымнан бастап, Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрында актер болып қызметке тұрдым. Театрдағы еңбек жолым сол кезден басталды. Содан бері қазір 21 жыл болды, әлі де қызмет етіп келемін.
• Қазіргі театр өнері жайлы не айта аласыз? Бұрынғымен салыстырғанда өзгеріс бар деп ойлайсыз ба?
-Қазіргі театрдың жағдайы бұрынығмен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Біршама өзгерістер бар. Мәселен, бұрынғымен салыстырғанда қазір адамдардың ой өрісі де, көрермендердің талабы да өзгерген. Кино әлемінің дамып кеткендігінен бе екен…? Қойылым жабдықтарын алсақ, үй ішіндегі көріністі дәл сол кейіпте көрсету керек болған, қазір театр барынша минимализмге бет бұрған. Яғни, актер бар күшін спектакльге салу керек. 1990-2000-жылдардағы жоқшылық заманында қаншама қиынышылықтар өтті ғой. Шүкір, театрдың қазіргі жағдайы айтарлықтай жақсарған деуге болады.
-Жергілікті театрларда көрермендер аз деседі, мұның себебі неде деп ойлайсыз? Қызығушылықтың төмендегенінен бе?
-Түркістан қаласындағы театрда көрермендер аз деп айта алмаймын. Әр театрдың өзінің сүйіп келіп көретін көрермендері бар. Бір театрды жиырма рет қойсақ, жиырма рет көретін көрермендер бар. Театрымыздың ашылғанына 24 жыл болды. Өз көрерменін қалыптастырған театр деп айтуға болады. Ал жалпы, қазір адамдар кино мен театр деп бөліп кетті ғой, барып бір сағат уақытын киноға бөлетіндер бар, болмаса басқа жаққа уақытын арнауы мүмкін. Көрермені қалыптасқан қойылым болады, «театрмен ауыратын» адамдар болады. Сондықтан сондай көрермендеріміз бар кезде, театр өмір сүреді. Кейде демалыс немесе мереке уақыттарына сәйкес келген жағдайлар да көрермен аз болуы мүмкін. Қойылым билеттері мекемелерге өткізіледі немесе өздері келіп сатып алады. Кез келген театрда аншлаг болады. Тек кейбір шұғыл жағдайлар кезінде болмаса, көрермен азайып кетті деуге келмейді.
• Көпшілік сізді “Алдараспан” театрының актері ретінде таниды, ол театрға қалай келдіңіз?
-Иә, көпішілігі менің жергілікті театрда жұмыс істейтінімді біле бермейді, мені халық «Алдараспан» театры арқылы таниды. Райымбек Сейтметов ұстазым Алматыдан Түркістанға келіп университетте арнайы театр әртістерін даярлайтын бөлім ашып, алғашқы шәкірттерін тәрбиелеген, солардың қатарында Нұржан Төлендиев ағамыз да болған еді. Біз сол кісілерден кейінгі буын шәкірттеріміз, бәріміз де бір ұстаздан тәлім алдық. Түркістан қаласындағы театрда Нұржан ағамен әріптес болғанбыз. 2010 жылы «Шаншар» театрынан еншісін алғаннан кейін, өзінің жеке «Алдараспан» театрын ашқан кезінде: ”Райымбек ұстазымыздың шәкірттерінен құралған театр ашайын деп едім, келсеңдер” деп қолқа салды. Түркістандағы театрдағы 250 көрермендік залындағы өнерімді одан әрі жетілдірейін (1000 көрерермендік залдарға шығайын) деген ниетпен, ұсынысын қабыл алып, іргетасын қалауға атсалысып, қазірдің өзінде бірге жұмыс жасап келе жатырмыз.
• Өзіңіз сомдаған рөлдердің ішінде қиын болған рөлдер болды ма? Және ең есіңізде қалған, өзіңізге ұнаған рөліңіз қандай?
-Райымбек Сейтметов театрындағы мен «Алдараспандағы» сомдаған рөлдерімді бөліп жармаймын. Барлық сомдаған рөлдерім өзімнің жүрегімнен шыққандықтан олардың бәрі де маған ыстық. Мен жақсыны да, жаманды да, зұлымды да, мейрімді адамды да, жасты да, кәріні де сомдадым. Солардың барлығын сәтті алып шығуға мүмкіндігім болып жатқанына шүкір деймін. Әлі де жалғасын тауып жатыр. Түрлі спектакльдер де түрліше рөлдер бұйырып, режиссер маған сенім артып, керемет дүниелерді алып шыға алатыныма кәміл сенемін. Сол үшін де өзімді бақытты сезінемін.
• Қазір театрмен қатар, киноларға да түсесіз, қазақ кино мәдениеті жайлы көзқарасыңыз? Арзан күлкіге толы кинолар көп дейді, оны қалай бағалар едіңіз?
-Мен театр мен киноны қатар алмаймын. Мен үшін театр бірінші орында. Маған кино саласынан толықметражды киноларға түсуге көп ұсыныс түседі. Бірақ уақыттың тығыздығына байланысты бастартуыма тура келеді. Басқа актерлер сияқты кино мен театрды қатар алып жүруге уақыт табыла қоймайды. Кино саласына келер болсақ, қазір қазақ кино саласы жақсы дамып жатыр. Ой салатын керемет киноларымыз да бар, шет елдерге де көрсете алатын киноларымыз бар. Тегіс бәрін арзан күлкі деп айтуға келмейді. Көш жүре түзелер, болашақта биік шыңға жететініне сенемін.
• Қазір екі-үш жұмысты қатар алып жүресіз, бұл қиындық тудыра ма? Қалай үлгересіз?
-Жоғарыда айтып өткенімдей мектеп кезімнен бері өнер мен өмірді қатар алып үйренгенмін. Іштегі энергиямды солай шығарамын. Адам өз ісін сүю керек, сонда ғана жемісін көреді. Менің қазіргі жұмыстарымның барлығы дерлік сол шығармашылық саланың істері. Сүйіп істегендіктен болар, бәріне үлгеруге тырысамын.
• Қазір актерліктан бөлек, шәкірт тәрбиелеудесіз, Шәкен Амантұров шәкірт тәрбиелеген Ұстаз ретінде қандай адам? Шәкірт тәрбиелеуде Қандай ұстанымдарға басымдылық бересіз?
-Мені негізі сахнада жүргенде, мінезі ашық жарқын адам ретінде көруіңіз мүмкін. Алайда мен өмірде тұйық, қатал адаммын. Ұстаз болу жоспарымда жоқ болатын. Мен үшін тек сахна маңызды. Сахнасыз өмір сүре алмаймын. Түркістан Оқушылар сарайынан шәкірт тәрбиелеуге ұсыныс түскен соң, өзімнің жиған тәжірибеммен бөлісіп,өнерімді кейнгі жастарға үйретейін деп бүгінде ұстаздықты да қатар алып жүрмін. ХҚТУ студенттерінің арасында да шәкірттерім бар. Менің шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ең басты ұстанымым тәртіп. Бойындағы өнерін ашу үшін, жақсы маман болып шығу үшін қатал тәртіп керек.
-Арнайы уақыт бөлгеніңізге рақмет, шығармашылық жолыңызда толағай табыстар тілеймін! Көркем ӘБДІҒАЛИ, ХҚТУ-дің 3 курс студенті.