Home Қоғам ТҮРКІСТАН: «ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІН БАРШАМЫЗ БІРІГІП КӨТЕРУІМІЗ КЕРЕК»

ТҮРКІСТАН: «ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІН БАРШАМЫЗ БІРІГІП КӨТЕРУІМІЗ КЕРЕК»

Қазақстан Республикасының Президенті «елді біріктіруші бірінші фактор – қазақ тілі, сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін баршамыз бірігіп көтеруіміз керек» деген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезең келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деп, қазақ тілін дамытуға қатысты өз ойымен бөлісті.

Мұны тек жекелеген азаматтар тобына емес ұлтына қарамай тұтас Қазақстан халқына бағытталған сөз деп қабылдаған жөн. Тәуелсіздік жылдары мемлекеттік тілдің әлеуетін арттыруға арналған бірқатар маңызды істер атқарылғанымен, әлі күнге шешімін күткен мәселелер баршылық. Бұл орыс тілінің бүгінгі күнге дейін ұлтаралық, қоғамдық қатынас тілі ретіндегі рөлін сақтап келе жатқанына байланысты айтылып жүрген сын-пікірлерге қатысты.

Елдегі тіл саласындағы қалыптасқан жағдайға байланысты түрлі пікірлер бар. Кейбір азаматтар еліміздің полиэтникалық құрамын алға тарта отырып, толерантты саясатты одан әрі жалғастыру қажеттігін алға тартады.

Тағы бір топ елімізде деколонизация саясатының жүргізілмегенін сынап, мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеруде радикалды қадамдар жасаудың әбестігі жоқ екенін айтады.

Үшінші тарап, геосаяси жағдайды ескере отырып, тілдік саясатты эволюциялық жолмен жүргізуді қолдайды.

Біз де осы мақалада тіл саясатына қатысты кейбір түйіткілдерге қатысты ойларымызбен бөлісетін боламыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық дағдарыспен қатар, этникалық көңіл-күй, тілдік ахуал да сын көтермей тұрғанын жақсы білеміз. Кеңес дәуірінде импершілдік саясаттың ықпалынан жаншылған қазақ тілінің тынысы тәуелсіздік жылдары қайта ашыла бастады. Тіл туралы заң қабылданып, мемлекеттік тілдің әлеуеті арта түсті.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға, 2011-2019 жылдарға және 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламалары қабылданып, республика көлемінде атқарылатын жұмыстар айқындалды. Бұл бағдарламалардың орындалуына қатысты, атап айтқанда мемлекеттік тілді дамытуға, іс-шараларға қатысты сын-пікірлер айтылғанымен қазақ тілінің өркендеуіне ықпал еткен тұстарын да ескеру қажет.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда үш тұғырлы тіл, яғни мультилингвизм ұстанымы қолданысқа ене бастады. Бұлар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерушілер санын арттыру. Аталған ұстаным мемлекеттік бағдарламаларда нақты индикаторлармен көрініс тауып, жүзеге асырылуда. Алайда тілдік алаңда әлі де билингвизм (қазақ және орыс тілдері) сипатының басым екенін, ағылшын тілінің азаматтар арасында енді тарап келе жатқанын байқауға болады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен 2019 жылы жүргізілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалы зерттеулерде» сарапшылардың 40 пайызы қазақ тілі мен орыс тілінің қолданыс деңгейі алдағы уақытта теңесетіні, 38,3 пайызы алдағы он жылда қазақ тілі барлық салада басымдыққа ие болады деген болжам айтады (Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалы зерттеулер, «ЮПИТЕР» Зерттеу орталығы» ЖШС, Нұр-Сұлтан, 2019, 162-бет). Яғни, сарапшылар арасында мемлекеттік тілдің дамуына қатысты оптимистік гипотеза бар.

Бұл мемлекеттік саясаттың қазақ тілін қолдау үрдісі мен елдегі демографиялық үрдістер аясында орыс тілінде сөйлейтін әлеуметтік және этникалық топтардың азайып, қазақ ұлты санының өсімен де тығыз байланысты. Шетелдегі қандастарымызды ата жұртына қоныс аудару саясаты да елдегі тілдік балансқа ықпал етті. Сондай-ақ, урбанизация үрдісі аясында ауыл тұрғындарының қалаға көшуі қаладағы қазақ тілді қазақтардың санын күн санап арттырып келеді. Бұл да мемлекеттік тілдің қолданыс ауқымын ұлғайтуға мүмкіндік беруде.

Тәуелсіздік алған жылдармен салыстырғанда титулды ұлт ретінде қазақтардың үлес салмағы жыл санап артып келеді. Бұл тілдік алаңда қазақ тілінің үстемдігін уақыт өткен сайын нығайта беретін болады. Қазіргі таңда қазақ ұлтының елдегі үлес салмағы 70 пайызға жуықтады. Бұл моноұлтты мемлекеттің қалыптасып келе жатқанын білдірсе керек.

Алайда қазіргі таңда Қазақстан халқының мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткіші бойынша өңірлер арасында бірыңғайлық жоқ. Бұл тиісті өңірдің географиялық орналасу ерекшелігі мен тұрғындардың этникалық құрамына байланысты. Мысалы «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты мәселелері бойынша әлеуметтік және талдамалы зерттеулерге» сүйенсек қазақ тілін меңгерген респонденттердің ең көп саны Қызылорда (97,9%), Атырау (94,7%) облыстары мен Шымкент қаласының (91,9%) тұрғындары. Қазақ тілін Қостанай облысында (24,9%), Батыс Қазақстан облысында (26,3%) және «Ақмола облысында (42,7%) меңгерген. Бұл тиісті өңірлерде тіл саясатын жандандыру қажеттігін білдіреді.

Тіл саясатында соңғы жылдары орын алған маңызды өзгерістің бірі қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары.

Бұл заман талабынан туындаған тарихи маңызды шешім. Қазір әлемдегі тілдердің басым көпшілігі латын әліпбиінде таңбаланады. Бүгінде ғылым мен білімнің, әлемдік коммуникацияның тілі де латын қарпінде жазылатын ағылшын тілі.

Қазақ тілі латын әліпбиіне эволюциялық жолмен, кезең-кезеңімен көшеді. Жалпы, латын әліпбиі біз үшін таңсық емес. Қазақ тілі 1929-1940 жылдары латын әліпбиінде таңбаланып келді. Сол уақытта да қаншама құнды дүниелер жазылды. Сондықтан мұны латын әліпбиіне көшу емес, латын әліпбиіне қайта оралу деуге де болады.

Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек.

Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.

Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деген болатын. Осыған орай, «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» бекітіліп, жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.     

Кейбір сарапшылар қазақ тілі латын қарпіне көшу арқылы біртіндеп кирилл қарпіндегі орыс тілінің ықпалынан ажырап, өзінің дербес тіл ретіндегі күшіне мінеді дегенді алға тартады. Сондай-ақ, қазақ тілінің төл дыбыстарын қалпына келтіру, яғни кірме дыбыстардан арылту, шет тілдерінен енген сөздерді қазақ тілінің заңдылықтарына сай қайта атау жұмыстары қолға алынады.