Home Білім ТҮРКІСТАН: ТІЛ БЕДЕЛІ – ҰЛТ МӘРТЕБЕСІ

ТҮРКІСТАН: ТІЛ БЕДЕЛІ – ҰЛТ МӘРТЕБЕСІ

 «Мақсат алыс, өмір шақ»

                                             Абай

Орыс ғалымы, этнолингвист Д.Н.Овсянико-Куликовскийдің (1853-1920) пікірі бойынша сәбидің тілі шыққанға дейін ұлттық психологиялық белгілері болмайды, ол «интернационалист».

Ана тілін меңгере бастағаннан ол бірте-бірте ортаның ұлттық қасиеттерін бойына сіңіреді, оның ойлау жүйесі де, ақыл-ой өрісі де, ұлттық нышандары да айқындалады. Сондықтан адамның ана тілі – оның ата-анасының тілі емес, оның өскен, тәрбиеленген санасына сіңген тіл. Адам қай тілде сөйлеумен бірге сол тілдің грамматикасын, дыбыс ерекшелігін, сөз байлығын, әдебиетін игеріп, сол тілде ойлау әдісін де меңгереді. Бұл психология, әсіресе шетелде тұратын эмигранттарға, отарланған халықтарға тән.

Отарлаушы ұлттың тілін, мәдениетін зорлап таңу екі жақты психология туғызады. Бір жағынан, гипертрофиялық ұлттық идея, шовинизм, басқа тілдерді менсінбеу, ығыстыру болса, екінші жағынан, ол атрофия, бағынышты халықтарды ұлтсыздануға, ұлттық қасиеттердің, тілдің әлсіреуіне әкеледі. Атрофияға ұшыраған ұлт өкілдерінің басым көпшілігі бөтен тілді, мәдениетті де терең қабылдамай, өз құндылықтарынан да біраз қол үзіп, құлдырауға ұшырағандар аз емес. Олар интеллектуалдық та, моральдық жағынан да кемшін. Бірақ ұлтсыздану індетіне шалдыққан өздерінің құл болғанын сезе бермей, өмірден өте береді.

Сондықтан Кеңес Одағы сияқты ірі державаның күйреуі барлық одақтық республикаларда тіл төңірегінде әрқилы психологиялық көңіл күй туғызды. Байырғы халықтар дербес мемлекеттілікке қол жеткізіп төбелері көкке жетіп, эмоциялық жағдай асып-тасып, кейде ұлттық жауапкершілікті де ұмыттырды. Мысалы, Молдовада мемлекетік тіл молдован (румын) тілін жариялаған тұста славяндар басым аймақтың халқын шошындырып, олар бөлініп кетті. Енді бүгін Приднестровье – Ресейдің ықпалындағы халықаралық мәртебесі жоқ аумақ.

Тәуелсіздік алу тілдердің еркіндік алуынан басталып, ең өткір саяси мәселеге айналып, бүгінге дейін тиянақты шешімін таба алған жоқ.

Эстония, Латвия, Грузия сияқты елдерде орыс тіліне шетелтілі мәртебесі беріліп, орыс тілі тек мемлекеттік емес мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылады. Балтық жағалауындағы елдер ағылшын тілін білуге зор мән береді. Өзбекстан, Тәжікстан мемлекеттерінде орыс тілі төңірегінде проблема жоқ деуге болады, оларда славяндар 5-6%-ы құрайды. Бірақ олар бүгін орыс тілін білуге мүдделі, ақылы курстарға барып, орыс тілін үйренуде, себебі Ресейде еңбек етіп, табыс табады, ал тапқандары елдерінің бюджетінің үлкен қаржы көзі болып отыр. Украинаның Ресеймен шекаралас аймақтары халқының басым көпшілігі орыс тілін басымырақ қолдаса, батыс аймақтары түгелге жақын орыс тілін қолдамайды. Тіл мәселесі елдің бірлігі мен тұтастығына зор ықпал етеді. Бірқатар постсоветтік елдерде орыс тілін отарлаушы ұлттың тілі деп бағалап, оның үстемдігінен арылуды рухани тәуелсіздіктің кепілі, құлдықтан еркіндікке жетудің амалы деп есептейді. Әрине, өзінің құл болғанын сезінген ұлт қана азаттыққа, тілдік тәуелсіздікке ұмтылады, сонымен бірге отарлаушы ұлттың өркениетінен алыстамайды.

Тіл саясаты әр елдің тарихына, демографиялық және діни құрамына, геосаяси жағдайына, білім мен мәдениетінің ерекшеліктеріне, елдегі саяси биліктің ұстанымына байланысты. Көп жағдайда тілдік ахуал диаспоралардың саны мен сапасына, ұстанымына, тарихи отандарының жақын-қашықтығына байланысты. Тілдердің өзіндік өмірбаяны мен географиялық аумағы да бар. Мысалы, Қазақстандағы алпысқа жуық диаспоралардың тарихи отаны, мемлекеттік тілі бар, олар тарихи отанына оралып та жатады. Сонымен бірге, бірқатар диаспораның мемлекеттілігі, бір жерде шоғырланған аумағы жоқ. Сондықтан болар, біздегі кейбір диаспора өкілдері бірыңғай қоныстанған аумақты меншіктегісі келеді, кейде ол дау да туғызып жатады. Ондай диаспоралардың Қазақстанда саны қырыққа жуық.

 Этнолингвистердің тілдер пирамидасы деген сөзі бар. Конституция бойынша барлық тілдер тең дегенмен, мемлекеттік тіл пирамиданың төбесінде, онан төмен басқа тілдер орналасады. Осыған сәйкес пирамиданың төрінде қазақ тілі, онан төмен сан жағынан көп орыс диаспорасы, онан да төменгі сатыда жеті ірі диаспоралар – украин, өзбек, неміс, татар, ұйғыр, белорус, корейлер, ең төменгі сатыда 124 этностық топ орналасады: олардың 86-сының саны мыңнан, 42-сінің саны 200-ден, 53-інің саны 100-ден аспайды. Ал егер тілдердің қолдану аясы тұрғысынан сараласақ, пирамиданың басында орыс тілі тұрады. Бұл – көптеген отарланған ұлттардың тағдыры.

Бүгінде қай елдің де ұлттық бейнесі күрделі. Әр елдің тілдер мәселесін реттеуінің өз моделі, қайталанбас үлгісі бар, сонымен бірге ортақ заңдылықтары, қағидалары да бар. Оның ең бастылары: тыныштықты қаласаң, өз тіліңді сақта, бөтен тілді сыйла, сонымен бірге әділетті болу; мемлекеттік тілді саяси да, лингвистикалық та, экономикалық та, құқықтық тұрғыдан да қорғау; тіл тілге жау емес, бірақ тіл тілге бәсекелес. Сондықтан оларды қорғаудың деңгейі, әдісі, жолдары әрқилы.

Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттілік қалыптастыру жолында жас мемлекеттер ұлттық идеяны негізге алды. Қазақстан да ұлттық идеяны ұстанды. 1993 жылы қабылданған бірінші Конституцияда елдің конституциялық құрылыс негіздерінің бір маңызды қағидасы былайша баяндалады: «Өзін өзі билейтін қазақ ұлты мемлекеттлігінің түрі ретінде Қазақстан Республикасы өзінің барлық азаматының құқық теңдігін, қамтамасыз етеді». Бұл байлам Қазақстанның қазақ ұлтының мемлекеті екендігін айқын тиянақтады. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Орыс тілі «ұлтаралық қарым-қатынас тілі болып табылады» деп бекітті.

«Ұлтаралық тіл» дегеннің мәні әрқилы. Мысалы, АҚШ-та ағылшын тілі, Германияда неміс тілі, Ресейде орыс тілі, Францияда француз тілі – ұлтаралық тіл. Кеңес өкіметі ыдырағаннан кейін Әзербайжанда, Тәжікстанда, Түрікменстанда орыс тілі ұлтаралық тіл деп қабылданды.

Ұлтаралық       қарым-қатынас тілдерінің мемлекеттік тіл қызметін де, мемлекеттің ішіндегі әртүрлі этностардың қатынас тілі функциясын да атқаратындығы бұл ұғымды әрқилы қабылдауға негіз болды. Қазақстандықтар арасында әлі де орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі деп те түсінушілер көп. Ал 1995 жылғы референдуммен қабылданған Конституцияда «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген сөздермен басталады. Енді Қазақстан қазақтардың ғана емес, қазақстандықтардың да мемлекеті болып танылды. Ал «байырғы қазақ жерінде» деген, ел, жер қазақтікі, ал мемлекет барлық ұлтқа ортақ, барлығының қорғаны, ал «мемлекет құраушы ұлт – қазақ» деген концепцияға кейінірек келдік. Сол кезде қазақтардың көбі мемлекетіміздің ұлттық негізінің өзгергенін байқамаған да болар, пікірталастар да айтарлықтай өрбімеді.

Референдум арқылы қабылданатын заңдарды халық зер салып үңіліп оқи бермейді. Француз президенті Франсуа Миттеран (1981-1995) айтты деген сөз бар: «Референдум тамаша және демократиялық дүние, бірақ мәселе мынада, француздарға бір сұрақ қойсақ, олар екінші сұраққа жауап береді». Бұл тек француздарға ғана емес, Конституцияны қолдағанда елдің басым көпшілігі онымен мұқият таныса бермейді. Олар мемлекеттің саяси бағытын ғана қолдады. Дегенмен қазақстандықтар жаңа Конституцияны қолдап қателеспеді. Себебі бірұлттық, біртілді мемлекеттің ұлттық идеяға негізделуі қисынды, ал көпэтносты топтардан тұратын мемлекетті жалпы азаматтық идея біріктіреді. Біз Конституция дайындау барысында француздардың тәжірибесіне сүйендік. Тіл мәселесінде де олардан үйренетін, үлгі тұтатын мәселелер көп-ақ. Әрине, Франция – отарлаушы ел. Француз тілі ХVІ ғасырдан дипломатия мен білім тілі болған. Академия сөзі – біздің түсінігімізде ғылым, білім шаңырағы. Францияда Академия француз тілінің шаңырағы, 1635 жылы оның негізін қалаған кардинал Ришелье – Людовик XIII тұсындағы премьер-министр. Ол француз тілін: «барынша ұқыптылық және ынтамен біздің тіліміздің ережелер жинағын дайындап, сонымен бірге оны тазалап, одан да сыпайы өнерлер және ғылымдар туралы пікірлер айтуға икемдеу» деп тапсырма берген. Жергілікті диалектілерде сөйлеуге тыйым салынып, оны орындамағаны үшін мектеп оқушыларын таяқпен ұрған. Кейін француздар отарланған халықтарды да француз тілінде сөйлемегені үшін ұрып-соққан.

Француздар үшін ана тілі – әрі өнер, әрі мәдениет, әрі ұлттық намыс, сондықтан тіліне үлкен кұрметпен қарайды. Әсіресе, жазба тілге аса зор назар аударады: грамматиканы дұрыс білу, орфография және пунктуацияны меңгеру, ең бастысы – тілдің барлық байлығын пайдаланып ойын сауатты жеткізу.

Ал Қазақстан Конституциясының 7-бабының бірінші тармағындағы «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп, екінші тармағында «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» делінеді. Осы «тең» сөзіне әсіресе орыс диаспорасы зор мән береді. «Тең», бірдей деген қазақ және орыс тілдері мемлекеттік тілдер деп қабылдайды.

Тағы бір жиі кездесетін қателік – «ресми» сөзін қолдану, орыс тілі ресми тіл деп түсіну. Тіл саясаты төңірегіндегі терминдерді біздің халық ажырата бермейді.

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы.