Home Білім ТҮРКІСТАН: МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ – МАҢЫЗДЫ КҮШ

ТҮРКІСТАН: МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ – МАҢЫЗДЫ КҮШ

Қоғамның қозғаушы күші жастар. Ал, өсер ұрпаққа тәлімді тәрбие мен сапалы білім беру бүгінгі «Жаңа Қазақстанның» ұзақ жылдарға арналған стратегиялық бағдарламасы. Ендеше, осыдан төрт жыл бұрын ғана облыс мәртебесін алған Түркістанда бүгінгі таңда 33 білім ошағы бар. Онда мыңдаған балалар білім алумен бірге кәсіби біліктіліктерін де жетілдіруде. Бұл мақсатта ұстаздардың мәртебесінің көтеріліп, өз дәрежесінде қызметін сапалы атқаруына жағдай жасау. Жасыратыны жоқ, күні кешеге дейін мұғалімдердің дені қағазбастылықтан арылмай, күнделік толтырумен, қоғамдық һәм саяси науқандарға белсене қатысып, өз міндетін ақсатып алды.

Ұстаз мамандығының беделін арттыру кез келген мемлекеттің білім беру саясатының басты бағыттарының бірі саналады. Тәуелсіз еліміздің жас жеткіншектеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісі ең алдымен мектептегі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне байланысты. Мұғалім беделінің төмендеуіне әсер ететін объективті және субъективті факторлар болатыны белгілі.

Объективті факторлар қоғамдық жүйеге, мемлекеттің ішкі саясатына байланысты жәйттер болып табылады. Күнкөріс қамымен 90-шы жылдары көптеген мұғалімдер басқа салаларға ауысып кетті. Табысы жақсы болғандықтан, мектепке оралғандары шамалы болса керек. Олардың арасында ер мұғалімдердің тым азайып кетуі де тәрбиеге әсер етті. Мінезі қыздай, «шыбық тисе, шыңқ етер» ұлдарымыз пайда болды.

Жаппай нарық экономикасына көшу кезінде жеке меншік оқу орындары көбейіп, арзан оқу ақысымен студенттерді оқытып, орта деңгейде білім алған мұғалімдер қатары да көбейді. Олардың қатарын жоғары оқу орындарының «сырттай оқу» бөлімдерін ақшаның күшімен оқып бітіргендер толықтырды. Сапалы білімнен гөрі саудаға бейімдер көбейді. Республикада Оңтүстік өңірінің оқу орындарының беделі түсіп кетті. Осындай факторлардың бәрі мұғалім беделінің төмендеуіне тікелей әсер етті. Ал «орташа» деңгейдегі мұғалімдер шәкірттеріне өз деңгейінде ғана білім беретіні өзінен-өзі түсінікті.

Үш ауысымды мектептерде жұмыс істеу, жаз-күз мезгілінде оқушыларды апта сайын көше сыпыруға апару, сайлауға қатысты үгіт-насихат жұмыстарына, халық санағы кезінде үй аралап тізім жасау, жергілікті әкімдіктер тарапынан түрлі жиындарда залды толтыру үшін мұғалімдерді жұмсау және т.б. қосалқы тапсырмалар мұғалімдердің уақытын жеп, оларды әбден қажытатын.

Ақпарат құралдарында мұғалімді балағаттау, жәбірлеу, ұру тәрізді оқиғалар жиілеп кетті. Жоғары оқу орындарына түсуші талапкерлердің төменгі балл жинағандары амалсыздан мұғалімдік мамандыққа баратын жағдайы да белгілі. Жалақының аздығынан, қалалық жерде пәтер алу мүмкіндігінің шектеулігінен, мұғалім жұмысының қиындығынан және т.б. себептерден мектептерде ер мұғалімдер үлесі де азайып кетті. Көп жылдық тәжірибесі бар мұғалімдер мен саясаткерлердің айтып жүргеніндей бұл мектептегі ұлдар тәрбиесіне, болашақ ер азаматтың мінез-құлқының, батыл да жігерлі болып қалыптасуына зиянын тигізді.

Мұғалім беделінің түсуі оқушылаардың білім сапасына ғана емес, кейбір өңірлердегі мектептерде химия, физика, математика, ағылшын тілі пәндері мұғалімдерінің тапшылығына да әкелді. Өңірлерде орта буын мамандардың жетіспеушілігі мектептер, колледждер мен өндіріс орындарының бірлескен жұмыс жасамауынан туындап отыр.

Ал, қазіргі бәсекеге толы дүниеде мұғалімдік қызметке барынша дарынды адамдарды тарту өмірлік қажеттілікке айналуда. Жаңа адамды тәрбиелеу, білім беру мектептен, мұғалімнен бастау алады. Мемлекет басшысы бірнеше жыл бұрын айтқанындай «жаңа формацияға жаңа педагог қажет» болуда. Мемлекет басшысы әр жылғы Жолдауында білім беру ісіне, ұстаздар қауымына үнемі көңіл бөліп отыратыны көпшілікке мәлім.

Елбасының тапсырмасымен құрылып, жұмыс жасап жатқан Назарбаев зияткерлік мектептері еліміздің білім жүйесіндегі үлгісі болуда. Үкімет тарапынан «Үздік педагог» байқауы ұйымдастырылып, «Ең үздік ұстаз» атағы тағайындалып, конкурстардан үздік шыққандарға көлемді сыйақылар берілуде. Педагог мәртебесін көтеру туралы хабар тек ұстаздар қауымын ғана емес барлық қоғам мүшелерін қуантты десе де болады. Өйткені еліміздегі әрбір балалы жанұя ерте ме, кеш пе мектеппен байланысты болады. Баласына білім мен тәрбие беретін мұғалімінің жалақысының аз, тұрмысының жұтаң болғанын ешкім де қаламайды. Нарықты экономикаға көшкен тұста мұғалімнің әлеуметтік жағдайын көтеру кезек күттірмес маңызды мәселенің біріне айналды. Мұғалімнің мәртебесін көтеру ең алдымен оның материалдық жағдайын жақсартуға тікелей байланысты. Осы бағытта игілікті істер бірнеше жыл бұрын басталып та кетті.

2018 жылы мектеп мұғалімдері үшін біліктілік сынағы енгізілді. Аттестациялау нәтижесінде елімізде 34 мыңнан астам мектеп мұғалімі біліктілік санатына ие болды. Сынақтан өткен мұғалімдерге қосымша төлем қосылды. Жалпы, қосымша төлем ҚР Білім және ғылым министрінің мәлімдеуінше, санатына қарай 30 бен 50 пайыз аралығында өзгереді. Жасалатын жаңа заңда педагогтың әлеуметтік мәртебесін көтеретін стимулдар, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тексерістерді азайту мәселелері көрініс табатыны белгілі болды.

Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға тартуды тоқтатуды тапсырды. Сонымен қатар мұғалімдерге еңбекақы төлеу жүйесі қайта қаралатынын мәлімдеді. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру мәселесін ерекше айтты. Бұл заң мұғалімнің құқықтық жағдайын, әлеуметтік-экономикалық жағынан қорғалуын құқықтық тұрғыда реттейтін болады. Сонымен бірге мұғалімнің қоғам алдындағы міндеттері мен жауапкершілігі де нақты айқындалатыны белгілі.

Ескендір АБЫТХАНҰЛЫ.