«Ата Заңым – айбарым» атты тақырыппен өткен облыстық жас ақындар айтысына он екі ақын қатысып, ата заңымыз туралы жыр мәйегін төгілтті. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында 30 тамыз – Қазақстан Республикасы Конституция күні мерекесіне орай Түркістан облыстық әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ата Заңым- айбарым» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті.
Шабысы Нұрмаханның бөлек екен,
Мен мұны деп ойласам зерек екен.
Шумақты жаттап айттың деп қояды,
Мынауың өтіріктеу дерек екен.
Өтірік сөз айтуға болмайд қазір,
Бауырым, оған мынау себеп екен.
Өткенде Ата Заңды оқып шықтым,
Ол заң да төбемізден төнеді екен.
Өтірік ақпар берген адамдарға
Кемінде бес-он жылдай береді екен.
Бұл келіп тағы өтірік айтып отыр
Білмеймін, ондағысы неден екен.
Ата Заңның аясында бұл баланы,
Заң бойынша жазалау керек екен.
Бұл Ахметрасулдың Нұрмаханға айтқаны. Нұрмахан да оңай шағыла қоятын жаңғақ емес. Жауабы былай:
Түркістаным – тектілер мекенісің,
Бәйгеге шауып жүрген көп құлыны.
Ақындардың елісің Әселхандай,
Қара өлеңге арналған ақ ғұмыры.
Батырлардың жерісің дұшпанына,
Табыт та бұйыртпаған тақ түгілі.
Қысқасы, жайнай берші Түркістандай,
Тәңірімнің сыйлаған тәтті жыры.
Қазақ деген халықтың басындағы,
Бір ауыз сөзге сыймас бақ-тұғыры.
Түркістан – бұл Расулдың отқан жері,
Түркістан-тектілердің жатқан жері.
Өтірікке он жылды кеседі деп,
Мынау да елге жалған ақпар береді.
Өтірікке негізі тоғыз жыл ғой,
Жалған ақпар бергені үшін елім,
Мемен қоса бұны да соттау керек.
Бауырым, көп мыжымай енді бізге,
Осы жерден «конкретно» тоқтау керек.
Ата Заңымыздың құдіреті мен қасиетін жырға қосқан жас ақындар айтысын тамашалауға келген көрермен, ХҚТУ оқытушысы Үміткүл Мелдебековамен үзіліс кезінде сұхбаттасқанымызда, пікірін былайша білдірді:
«Жас айтыскерлердің айтысы болған соң әдейі қызықтап келіп едім. Бұл балалар әлі шыңдалу керек. Шыңдалып, дайындықты көбірек жасау керек. Қазақта сөз толғамы деген керемет нәрсе бар ғой. Бұл басқа халықтарда жоқ нәрсе. Сондықтан соған жақсы дайындалып, көбірек оқу керек. Топ алдына шығып сөз айтатын болғасын білімдерін үнемі жетілдіріп отыру керек. Кейбір тақырыптарды аша алмай жатыр. Жаңа біраз тақырыптарды айтып еді, аша алмады. Мысалы, бүгін негізгі тақырып Ата Заң туралы, еліміздің дара тұлғалары Қаныш Сәтпаев, Нұртас Оңдасынов, Өзбекәлі Жәнібеков туралы тақырыптар ұсынылғанда, кейбір ақындарымыз іркіліп қалды. Бұлар қазір көздері жарқырап, алқынып тұрған жастар ғой. Іліп алып, суырып салып тұру керек. Біздің өлкенің азаматтарымен мақтанамыз. Соған сай болу үшін көп іздену керек. Осы жағы кемшін түсіп жатыр. Маған жаңа соңына қарай шыққан Нұрмахан деген ақынымыздың айтысы ұнады. Домбыра қағысы, тегеуріні мықты екен. Суырып салма екенін, төгіліп тұрғанын, көп ізденетінін көрсете алды деп ойлаймын. Жалпы осындай айтыстар ақындарды шыңдайды, айтыс өнерін дамытады. Айтыскерлер елдің алдында жүретін өнер иелері. Елдің қамын ойлайтын азаматтар. Бір өкініштісі, бүгінгі айтысқа қыз балалар қатыспапты. Қыздар қосылса, аналар мәселесін көтеріп, айтысқа көркем әр берер еді. Жалпы бастама жақсы. Әділ қазылар айтыстың шынайылығын көрсетеді деп ойлаймын» – деп пікір білдірді.
Сонымен бірнеше сағатқа созылған аламан айтыс өз мәресіне жетіп, сахна төріне қазылар алқасының төрағасы Бекарыс Шойбеков көтеріліп, қорытынды сөз сөйледі:
– Бүгінгі айтыс көз алдарыңызда өтті, қадірлі көрермен! Мұндай айтыстың салмағы өте ауыр болады. Себебі ақындарға бұл психологиялық жағынан ауыр. Қарсыласын білмеу. Тақырыбын білмеу. Он жерден суырып салма дегенмен, жауапкершілігі өте үлкен. Сол жағынан келгенде бүгінгі айтыстың сәтті шығуы да, сәтсіз шығуы да заңды. Айтыстың табиғатының өзі, ерекшелігінің өзі аяқ астынан, жөппелдемеде сөз табу деген кез келгеннің маңдайына жазылмаған нәрсе. Бірақ соның өзінде қиыннан қиыстырып жол тауып, елдің көңілінен шыққан ақындарымыз бар. Біз күткен биіктен көріне алмаған ақындар болды. Мысалы Отырар ауданының ақындарына барынша шыңдалу керек. Өздерін жетілдіру керек. Осындай айтыстарға жиірек түсу керек. Сондықтан бұл әркімнің өзінің күшін, тұрған жерін байқау үшін де керек нәрсе. Ал ақындарға осындай мүмкіндік жасап отырған облыс әкімшілігіне, оның ішінде қоғамдық даму басқармасына, жастар ресурстық орталығына, бұрыннан өнерді қолдап, қолпаштап келе жатқан, зәулім сарайын берген ХҚТУ басшылығына рахмет! Бағана бір ақынымыз айтты ғой «Қазақтар мен түріктердің сұлулыққа тұрғызған сувенирі» деп. Осы айтысты өткізуге күш салып отырған барша азаматтарға, ең бастысы, тапжылмай осы айтысқа жанкүйерлік жасаған сіздерге, көрерменге мың рахметімізді айтамыз. Бұл айтыстың бас жүлдесі ғана емес, арнайы жүлделеріне дейін қазылар алқасының бірауызды шешімімен қабылданды. Сіздер де оны бірауыздан қолдайды деп ойлаймын, – деді.
Қазақ айтысының ақтаңгерлерінің бірі, «Алтын домбыра» иегері, жас ақындар айтысына Астана қаласынан арнайы келген Еркебұлан Қайназаров ізін басқан ізбасар інілері туралы лебізін былайша білдірді:
«Жастар айтысын көріп шын жүректен қуанып отырмыз. Бір облыстан осыншама жүйріктің шығуы бұл біздің қазақы болмысын сақтаған қасиетті Түркістан топырағы деп білеміз. Бұл ақындарымызды қандай топқа салсақ та, кез келген додада «Түркістанның бетке ұстары осы» деп көрсететін жігіттер екеніне көзіміз жетті. Қазір жастар айтысы көптеп өтіп жатыр. Бірақ кейде төрт облыстан бір ақын таппай қалатын кезіміз болады. Бүгін Түркістаннан, бір ауданнан төрт ақын шықты. Мұның өзі үлкен жетістік! Жастарға- сәттілік!»
Көрермен қауым тағатсыздана күткен сайыс өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бас бәйгені айтыс барысында ұтымды ой айтып, тапқыр шумақтарымен көрермен қошеметіне бөленген Түркістан қаласының намысын қорғаған айтыскер ақын Исламхан Мұхамедхан (500 000 теңге) еншілеп, республикалық «Күміс домбыра» байқауына жолдама алды. Сөз реті келгенде айта кетейік, бұл дәстүрлі «Күміс домбыр» байқауы айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының бастамасымен, ақтаңгер ақын Біржан Байтуов мұрындық болып, Шымкент қалалық әкімдігінің қолдауымен өтеді. Аталған жыр жәрмеңкесіне қатысып, алғашқы жүлделерін еншілеген Нұрмахан Жақыпбек, Даниал Болысбек, Аян Ниязбектер «Күміс домбыра» иегерлері. Енді осы байқауға Исламхан Мұхамедхан қатысып, бақ сынамақ. Бірінші орынды (жүлде қоры 400 000 теңге) жыр саңлағы, ақтық сында салиқалы ойларымен тереңдіктің үлгісін көрсеткен Ахметрасул Баянбай иемденді. Екінші орын арынды, арқалы ақын, түйдек- түйдек сөздері нысанаға дөп тиетін Нұрмахан Жақыпбекке (жүлде қоры 350 000 теңге) бұйырды. Үшінші орынды Түркістан облысының байрағын талай аламандарда желбіреткен Аян Ниязбек пен Нұрдәулет Өмірбек өзара бөлісті (жүлде қоры 200 000 теңге).
Қазақтың айтыс өнерінде өзіндік жыр мектебін қалыптастырып, сүре соқпақ салып кеткен тау тұлғалы Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде (150 000 теңге) Мейіржан Жақыпқа, Сарыағаш пен Келестің кең даласын шиырлап, алты Алаштың сөзін сөйлеген қайталанбас тұлға Жарқынбек Наушабаев атындағы арнайы жүлде Нұрдәулет Тілләбекке (жүлде қоры 150 000) берілді. Ал Нұртілеу Төлембек, Қазыбек Аманқұл, Ердәулет Ыбыраев ынталандыру сыйлықтарына(120 000) ие болды.
Қорыта келе айтарымыз, «Ата Заңым – айбарым» атты жас ақындар сайысы жырдан шілтер тоқыған, шоқтығы биік айтыс өнерінің айдынында жүзуге талпынған жас ақындарды биіктерге талпындырған тағы бір баспалдақтың бірі болды. Айтыс өнерінің, жыршы-термешілердің халықаралық одағының Түркістан облысындағы бөлімшесінің бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен, қоғамдық даму басқармасының, жастар ресурстық орталығының йымдастыруымен өткен жыр жәрмеңкесі Ата Заңды құрметтеудің, оның мәртебесін көтерудің жарқын көрінісіне айналған маңызды, мәнді іс- шара киелі домбыра мен қасиетті қара өлеңді пір тұтқан жастарға шабыт сыйлады десек қателеспейміз.
Роза Нарымбетова,
Түркістан.