Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМ ҰЛТ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУІ ТИІС

ТҮРКІСТАН: ҒЫЛЫМ ҰЛТ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕУІ ТИІС

Ұлттық тіл білім ілімінің келешегі оны латынға көшіруден бастау алады немесе ұлттық тіл білімі ғылымының негізі латынға көшу арқылы қалыптастырылатын болады. Яғни тіл білімі ілімі ұлт тілінде, қазақша сөйлеп, шынайы қазақша ғылыми ахуал қалыптаспақ. Олай болмаған күнде, латынға көшу ешбір қисынға келмейтін берекесіз тірлік болар еді.

Мінеки, біз латынға көшу арқылы 30 жыл бойы айтумен келе жатқан, шешімі табылмаған аса күрделі мәселенің, мемлекеттік тіл мәселесінің шешімі табылатын болды. Олай деуімізге дәлел – өзіміздің мына еңбегімізде (Ш.Біләл. Ұлттық ғылым тілі негіздерін қалыптастыру. Алматы, Ғылым, 1996ж.,426 б.) тиянақталған «Мемлекеттік тіл мәселесінің шешімі – ғылымды ұлт тілінде сөйлетуде» деген дәйекті тұжырымда.

Иә, ұлттық тіл білімі ғылымының тілі – қазақ тілі, ол – мемлекеттік тіл. Сондықтан да «осылай, тіл мәселесі шешіледі» деуге толық негіз бар. Солай дегенмен, бұл қалайша, аса күрделі мәселе бір мезетте бірден шешіле салады? Оның себебі мынада:

Біріншіден, латынға көшу дегеніміз, қазақ тіл білімі ілімінің заңдылықтарын, ере­желерін, жалпы ғылымды қайта қа­рау, оны ұлттық қалыпқа келтіру деген сөз.

Екіншіден, ғылымның идеология­лық (теориялық) негіздері дұрыс, Ахмет Байтұрсынұлы үлгісінде қалыптас­тырылған.

Үшіншіден, Ахаңның ұлттық тіл білімі теориясы қазіргі таңдағы қазақ тілінің өркендеп-өскен деңгейін ескере отырып немесе оның өсу деңгейіне сәйкестендіріп жаңғыртылған.

Төртіншіден, ғылым атаулары ұлт тілінде өрнектелген.

Бесіншіден, ұлттық ғылыми өрнек қалыптастырылған.

Алтыншыдан, ұлттық ғылым ті­лі­­нің ақпараттылығы қамтамасыз етілген.

Жетіншіден, ғылым тілі тұрпаттан­дырылған (формализация).

Бұл дегеніміз – ұлттық ғылым өз тұғырына қонды деген сөз. Енді оны орнынан қозғау қиынның қиыны, мүмкін емес десе де болады. Осы атал­ған фактілерді іске асыру үшін Ахмет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі тіл білімі ілімінің теориясы кеңінен қолданылатын болады, қолданылуы тиіс, әрине. Ол ілім теориясы осы уақытқа дейін жарияланбағандықтан немесе ол қоғамға жат элемент еңбегінің нәтижесі танылғандықтан, оны қоғамның тұты­нуына тыйым салынған еді. Енді соны жария ету, қайта жасау қажеттілігі туып отыр. Ол қалай жасалмақ? Біздің зерттеулеріміздің нәтижесінде мынандай (Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі ілімінің теориялық негіздері) бағдарламалық жоба дүниеге келді. Бағдарламамыз төрт түрлі қомақты да, атқарылуы күрделі жобалардан тұрады:

1-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі ілімі атауларының көптілдік (қазақ, орыс, араб, ағылшын), екіжақ (ұғым, этимология) түсіндірме сөздігін жасау.

2-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі ілімі атауларының жасалу теориясын әзірлеу.

3-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы тіл білімі грамматикасы теориясын жасау.

4-жоба. Ахмет Байтұрсынұлы тіл білі­мінің жалпы теориясын жасау. Бағ­дар­ламаны орындауға жиырмаға жуық белгілі мамандарды қатыстыру көзделіп отыр, аяқталу мерзімі – бір-ақ жыл. Ендігі мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Жұмысқа, негізінен, тіл білімі институтының қызметкерлерін тарту жоспарланған.

Ал енді латынға көшу, жазуымызды латынға көшіру ісінде асқан парасат-пайым қажет екендігін, бұл істің жай емес, ғылыми проблема екендігін оған тартылған жұрт түсіне ме екен? Түсінсе, жақсы. Сонда ғылым қалай жасалады екен? Тарихи қалыптасқан дәстүр бойынша, алға қойылған проблеманы шешуге қажетті материалдар жинақтау қажет, оның ішінде, сол проблеманы шешуге бағытталған отандық ғылыми мектептер, оның жетеқші ғалымдарын анықтау аса маңызды. Ондайлар анықталғаннан кейін олардың еңбектерін іске жарату – парыз. Ондай мектеп бізде бар. Ол – мемлекеттік сыйлықтың иегері, физика-математика ғылымының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындагы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Жасанды интеллект институтының директоры Алтынбек Шәріпбаев мектебі. Бұл мектеп университет ашылғаннан бері жұмыс істеп келеді, яғни 20 жылдық тарихы бар деген сөз.

Адами қасиеттің жақсы үлгісі ретінде ұлт тілінің нағыз жанашырлары туралы айта кеткенді жөн көрдік. Нағыз жанашырлары дегеніміз, біздің түсінігімізше, тіл, мемлекеттік тіл проблемаларын терең түсінетін, пікірлері нақты да дәлелді, лингвист ғалымдар. Меніңше олар – терминолог ғалымдар: академик Өмірзақ Айтбаев, профессор Байынқол Қалиев, профессор Махамбет Жүсіпов, ҰҒА корр-мүшесі Шерубай Құрманбайұлы, профессор Спандияр Ақаевты сол қатарға жатқызсақ керек. Олардың басты еңбектері мыналар: Ө.Айтбаев. «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы», (1988 ж.); Б.Қалиев. «Түсіндірме сөздік жасаудың теориясы мен практикасы», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі (15 томдыққа қосымша 1 том)», Мемлекеттік тілді дамыту институты, (2014 ж.); М.Жүсіпов. «Фонемография А.Байтурсынова и фонология сингармонизма», Ташкент, (1995г.), «Ұлттық ғылым тілін қалыптастырудың өзекті мәселелері». Алматы, Ғылым, 1996ж., 420 б.; Ш.Құрманбайұлы. «Қазақ тілі лексикасының терминденуі». Алматы, Ғылым, (2001 ж.); С.Ақаев. «Терминнің танымдық табиғаты». Алматы, (2004 ж.), осы қатарға өзімнің «А.Байтұрсынұлы һәм терминология мәселелері», Алматы, (2017 ж.) еңбегімді де қосар едім.

Мемтерминком бекіткен атау – жасау қағидалары ұлт тілінің даму аясын барынша тарылтып, оның еркін дамуына нұқсан келтіреді. Қазақ тілі ғылым тілі болудан мүлде қалатын болады. Себебі ғылым атаулары қазақша сөйлемеген жерде қазақ тілі ғылым тілі болады немесе болды деп айту орынсыз. Мүмкін қазақ тілін ғылым тілі етудің қажеті де жоқ шығар немесе сондай мәселе тіпті қойылмаған да шығар. Бірақ ұлт бар жерде оның тілі бар, тілдің өсіп-өркендеуі қажет. Ол үшін ұлт тілі өмірдің бар саласында еркін қолданыста болуы шарт. Олай болмайынша, тілдің қалыпты дамуы қамтамасыз етілмейді. Сондық­тан да тіл мәселесі оның еркін дамуына жағдай жасалғанда барып шешіледі. Ғылымның қазақ тілінде жасал­мағандығы қаншалықты шындық болса, оның атау­лары біз үшін «халықаралық» болып танылуы да шындық. Себебі қазақ тілі көшіретін, айнытпай ұқсататын орыс тілінің ұстанған бағыты – осы. Өзі жасаған, өзі тудырған атаулар болмаса, жат тілдік атауларды аударып қиналып жатпайды, өзінің тілдік қалыбына салып келтіреді де, қолдана береді. Одан орыс тілі зардап шегіп жатқан да жоқ, қайта сөздік қоры молайып, жаңа сөзбен толыққандай сыңай танытады. Қазақ тілінің сырқаты осыған көзсіз еліктеуден болса керек. Соның салдарынан сырқат дертке айналып, негізі қалана бастаған ұлттық ғылым тілінің тірегі шайқала бастады.

Көп ұлтты мемлекеттің даму барысы, оның мәдениетінің өсіп-өркендеуі басым бағытта өрістеді. Орыс мәдениеті, орыс әдебиеті өзге ұлттар мәдениетіне, әдебиетіне зор ықпалын тигізбей қойған жоқ. Бұл міндетті түрде солай болуға тиісті, табиғи құбылыс еді. Осы құбылыстың ұлттық тіл мәдениетінде, оның ішінде ұлттық ғылым тілі мәдениетіндегі көрінісі әрқилы болды. Басында ғылымның, ғылым тілінің ұлттық негізде қалануына жағдай жасаса, көп ұзамай ұлттық негізді шайқалта бастады. Қазақ тілінде жасалған ғылым атаулары біртіндеп орыс тіліндегі «келтірілген» нұсқаға ауыстырылып, ұлттық ғылым тілі орыстануға бет алды. Мұндағы «келтірілген» нұсқа деп отырғанымыз – орыс тілі өзінше бейімдеп алған шет тілдік атаулар. Ғылым тілі ұғымы осы ғылыми атаулар арқылы анықталатын болғандықтан, оларды орыс тіліне еліктеп түпнұсқада қабылдай беруді орыстану десек керек. Яғни орыс тілі бағытын ұстану. Осы бір шайқалуды, ұлттық негіздің шайқалуын немесе ұлттық ғылым тілінің орыстану үрдісін, ұлттық санадан тәуелсіз құбылыс ретінде түсіндіру жолында, жалпы қоғамдық қатынастардың даму бағытымен сәйкестендірген болатынбыз. Ол алғашқы, 30-жылдары жасанды «ұлтсыздандырудан» көрініс берсе, Ұлы Отан соғысы, соғыстан кейінгі жылдары ұлттардың табиғи жақындасуынан көрініс берді. Бұл – біріншіден.

Екіншіден, орыс тілі ғылымды, оның ішінде математиканы ерте меңгергендіктен, ғылым атаулары тұрақты қалыптасқан болатын. Ал қалыптасқан атаулар болса түгелдей дерлік шет тілдерден ауысқан, орыс тіліндегі атаулар тым аз. Сондықтан да оларды игеру қазақ тіліне де оңайға түспеген болар еді. Сонымен қатар мектеп математикасы атауларымен салыстырғанда жоғары математика атауларының күрделілігі, әрі тым дерексіздігі оны нақты зат, нақты та­биғат құбылыстарымен салыстыруды қиындатып, балама табу ісін баянсыз етер еді және де мектеп математикасында анықталған атаулардың қайсыбірі жоғары математикада қайта анықталып, жаңа қырларымен танылып жатады. Мұндай жағдайда, яғни мектеп математикасы атауларының ұлттық нұсқасын жасау барысында, атау мағынасы жан-жақты қарастырылмаған жағдайда бастапқы ұлттық атаудың мағынаны толық бейнелеуге дәрменсіздігі көрініс береді. Осыдан келіп атаудың ұлттық тілдегі баламасы жарамсыз танылып, тәрк етіледі.

Профессор Әлімхан Ермекұлының (Аналитикалық геометрия) өзіне дейінгі жасалған кейбір қазақы атаулардың пайдаланылмай түсіп қалуын біржақты осылай түсіндіруге болар еді. Олар ұғым мағынасын толық ашпайды деп табылып, қолданыстан шығарылған. Ал ұғым мағынасын толық беру немесе бір сөзбен толық бейнелеу мүмкін бола бермейтіндігі ескерілмеген. Осылай басталған ғылым тіліндегі ұлттық тіректің шайқалу кезеңі жаппай орыстану кезеңіне ұласты. Ол шамамен 50-жылдардан бастау алады деп жорамалдадық. Сол кездерде кейіннен жарық көрген оқулықтарда, сөздіктерде «халықаралық» деп аталған ғылыми атаулар сол күйінде түпнұсқада берілген. Оларға қазақша балама табу қажетсіз деп табылған. Орыс тіліндегі атауларға балама іздестіріледі. Ол ешқандай күмән туғызбайды. Ал басқа жаттілдік атаулар болса «халықаралық» деп танылған атау арқылы аударудан сақтандырылады, орыс тіліндегі нұсқада қабылдана береді.

Ендігі жерде осы кезеңде жарық көрген жоғары математикаға арналған еңбектердің ішінен өзіміз таңдаған еңбектерге жеке тоқталамыз деп едік. Бірақ ол еңбектердің бәріне бірдей ортақ қасиет «халықаралық» атау­лар­дың аударылмай түпнұсқада, дәлірек айтқанда, орыс тілі қабылдаған нұсқада алынатындығын, ғылым тіліне қоса­рымыз аз болғандықтан ол райымыздан қайттық. Қанша үңіліп іздесек те ол кітаптардан ұлттық ғылым тілін байытар жаңа атаулар тізбегін көптеп кездестіре алмаған болар едік. Ол кітаптардың тілі тек орыс тіліндегі сөздердің немесе кейбір атаулардың әртүрлі аударылуымен ерекшеленуі мүмкін. Сондықтан да оларға үңілуді жөн көрмедік.

Шерәлі Біләл,

филология ғылымының

докторы, профессор