Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП КӨРСЕТКІШТЕРІНДЕ ОҢ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП КӨРСЕТКІШТЕРІНДЕ ОҢ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ

Түркістан қаласында өнеркәсіп өнімі артып келеді. Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, өткен жылы өнеркәсіп саласы бойынша өнім көлемі 14,8 миллиард теңгеге жеткен. Биылғы көрсеткіш 15,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда  3,8 пайыз жоғарылаған.
– Мемлекет басшысының жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру – алдымызда тұрған аса маңызды міндет. Президент тапсырмасы қазіргі таңда киелі шаһарымызда жүйелі іске асып, өз нәтижесін беруде. Биыл Түркістан қаласына 179,1 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл ретте, тоғыз айдың ішіндегі көрсеткіш 192,1 миллиард теңгеге жетіп отыр. Жалпы 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жоба мақұлданып, 761 миллиард теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде биыл шетел инвесторлары есебінен 7 жоба іске асырылып, 278 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді Нұрбол Әбсаттарұлы. Сонымен қатар, «TURKESTAN» индустриалды аймағында 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 миллиард теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылып, 857 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 900 миллион теңгені құрайтын 3 кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылмақ, олар – «Асфальт бетон», «Газоблок», «Газобетон» зауыттары. Ал баспанамен қамту саласында 2022 жылы 288,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Нақтырақ айтқанда 2 667 пәтерлі 42 тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Инфрақұрлым бойынша да шаһарда оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда қала аумағында 37655 абонент таза ауызсумен қамтамасыз етілген. Жыл соңына дейін таза ауызсумен қамту деңгейі 98,5 пайызға жетпек.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының Жарлығын іске асыру үшін Үкімет Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін аша түсуге бағытталған. Оның аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы қараша айында ҚР Президенті лауазымына кіріскеннен кейін осы Тұжырымдаманы әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойды. Құжатта «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республика бойынша ауыл тұрғындарының 90% өмір сүріп жатқан даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді (АЕМ) кешенді жаңғыртуға баса назар аударылған. Мұндай елді мекендер адамдардың еңбек етіп, өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады. Негізгі мақсаттардың бірі – ауылдық елді мекендердегі әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту. Атап айтқанда, жаңа мектептер мен медициналық нысандар салынып, сумен және электрмен үздіксіз жабдықталады, кең жолақты интернет және ғарыштық байланысы тартылады, ауыл жолдарының сапасы жақсарып, кітапхана, клуб, музей және кинотеатр, спорт ғимараттары сияқты мәдени нысандар салынады, халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылады.

Тұрғын үй құрылысын жандандыру үшін жаңа жер учаскелеріне инженерлік коммуникацияларды жүргізу жұмыстары жалғасады. Бұл ретте ауылдық елді мекендерде өз қызметкерлеріне үй салып берген жұмыс берушілердің шығындары жалпы алаңы 100 шаршы метрден аспайтын үй құнының 50% мөлшерінде субсидияланатын болады. Ауылдық жерлердегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту үшін заманауи учаскелік полиция пункттерін салу, аудан орталықтарында бейнебақылау жүйесін енгізу, ауылдарда жаяу жүргіншілер жолдары мен мал айдау аймақтарын белгілеу, шомылуға рұқсат етілген және жабдықталған орындар құру бойынша жұмыстар жүргізіледі. Оған қоса шекаралас ауылдық елді мекендерді дамытуға ерекше назар аударылатын болады. Атап айтқанда, инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы шекара маңындағы аудандардың экономикалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланып отыр. Ал еңбек тапшылығы бар өңірлердің шекаралас ауылдық округтер тұрғындарының жалақысына үстемеақы қосу мүмкіндігі қаралатын болады.

Сонымен қатар тұжырымдама аясында топырақ құнарын жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту, жаңа суармалы учаскелерді айналымға енгізу, су қоймаларын реконструкциялау және салу, өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және т.б. бойынша жүйелі шаралар көзделген.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мәселесін агроөнеркәсіп өндірісін жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы шешу жоспарланып отыр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жанар-жағармай материалдары, жем-шөп, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ делдалдарсыз тұрақты түрде тауар өткізіп отыруға мүмкіндік береді.

Жалпы мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарық, көлік және логистика инфрақұрылымын қалыптастыруға ықпал етпек. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары ашылып, жас кадрлардың тұрақтап қалуына жағдай жасалады.

Осыған дейін Үкіметте 2024 жылы шетелдік инвестицияларды тарту жоспары талқыланған болатын. ҚР Премьер-Министрі Инвестициялық штабтың отырысын өткізді, онда негізгі капиталға және тікелей шетелдік инвестицияларды тарту бойынша өткен жылғы жұмыс қорытындылары, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған міндеттер қаралды. Ұлттық экономика вице-министрі Ілияс Өсеров өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,1 трлн теңгені (жылдық жоспардың 94,2%-ы) құрағанын, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 7,9%-ға артық екенін баяндады. Жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау сияқты салаларда өсім тіркелді.

Орталық мемлекеттік органдар арасында жылдық жоспарды Ғылым және жоғары білім (121,8%), Денсаулық сақтау (103,5%), Оқу-ағарту (102,3%) министрліктері орындады. Ең төмен көрсеткіштер Экология және табиғи ресурстар (79,4%), Мәдениет және спорт (72,5%) министрліктеріне тиесілі. Өңірлер арасында Ұлытау (75,6%), Атырау (84,2%) және Жамбыл (86,5%) облыстары аутсайдер болып отыр. Нысаналы индикаторларға қол жеткізбеудің негізгі себептері – жер учаскелері мен техникалық шарттарды беру рәсімдерінің созылып кетуі, қажетті инфрақұрылымның дайын болмауы, сондай-ақ геосаяси ахуалдың күрделенуі. «Кейбір өңірлерде инвестиция 1-2%-ға ғана өскен, әкімдіктер оны жетістік деп түсіндіруге тырысты. Бірақ бұл – жақсы көрсеткіш емес, жүйелі жұмыстың жоқтығының белгісі. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес республика бойынша өсім 8%-ды құрады. Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейін ЖІӨ-ге 25%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Бұл жыл сайын өсім 10%-дан жоғары болуы керек дегенді білдіреді», — деді Үкімет басшысы.

Салалар бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, энергетика министрі Болат Ақшолақов және ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабардар етті. Аталған бағыттарға инвестициялар тарту бойынша жұмысты күшейту, оның ішінде іске асырылмаған ірі жобалар бойынша іс-қимылды жандандыру қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Мәдениет және спорт, Экология және табиғи ресурстар министрліктеріне де қатысты. Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров тікелей шетелдік инвестицияларды тарту туралы айта отырып, олардың көлемі 2022 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша $22,1 млрд-ты құрағанын, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,8%-ға артық екенін баяндады. Атап айтқанда, машина жасау, жаңартылатын энергетика, ТМК, металлургия, АӨК және т. б. салаларда шетелдіктердің қатысумен 46 инвестициялық жоба пайдалануға берілді.

Үздік 10 инвестор елдердің қатарына Нидерланды, АҚШ, Швейцария, Бельгия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Франция, Ұлыбритания және Түркия кірді. Премьер-Министр 2023 жылы экономикаға кемінде $24,4 млрд шетелдік инвестиция тарту міндеті тұрғанын, ол үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.

«Сыртқы істер министрлігі Kazakh Invest ұлттық компаниясымен және өңірлермен бірлесіп, осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуі тиіс. Белгіленген көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Қазақстанның шет елдердегі мекемелерімен өзара іс-қимылды күшейту қажет», — деді Үкімет басшысы. Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов өңір басшылары мен министрлер сын-ескертпелерді ескеріп, өткен жылғы олқылықтарды түзету бойынша шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Түркістанда макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім байқалады. Жыл басынан бері облысқа 97,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Айта өтейік былтыр Түркістан қаласында халықтың табысын арттыру мақсатында арнайы жұмыспен қамту картасы құрылған болатын. Жоба аясында өткен жылы 2 жарым мың жаңа жұмыс орны ашылды. Оның 675-і – тұрақты жұмыс. Ал биыл 5 мыңға жуық бос орын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар күнгей шаһарға 5 жылда тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өскен. Мәселен өткен жылы көрсеткіш 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген.

Күнгей өңірде макроэкономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар. Жыл басынан бері облысқа 97,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Ал ауыл шаруашылығының өнім көлемі 118,4 млрд. теңгені құрады. Биыл аталған көрсеткіштерді бақылаушы 14 индикатор құрылған. Ол әр ауданның жұмыс барысын тұрақты түрде тексеріп отырады. Қанат Қайыпбек, Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы: «Негізгі көрсеткіштерде өсім бар. Атап айтқанда өнеркәсіп өнімінің көлемі 209,4 млрд. теңгеге жетті. Өсім 6,3 пайыз. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 106,3%-ды құрады. Кен өнеркәсібінен басқа саланың бәрінде өсім бар».

Айта кетейік, 2023 жылдағы жағдай бойынша жергілікті бюджетке 37,7 млрд. теңге кіріс түскен. Жоспар 120,9%-ға орындалып, меже 6,5 млрд. теңгеге асыра орындалды. Ал өсу қарқыны 15 пайызды құрайды.