Home Әлеумет ТҮРКІСТАН: МАЛ АЗЫҒЫН МОЛАЙТУ МАҚСАТЫНДА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

ТҮРКІСТАН: МАЛ АЗЫҒЫН МОЛАЙТУ МАҚСАТЫНДА ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

Облыста жыл сайын мал басының ұлғаюына орай, жем-шөпке сұраныс артқан. Бүгінде егіс құрылымын қалыптастыруда мал азықтық дақылдарға басымдылық берілуде.  Биылғы  жылы мал азықтық дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 2,1 мың га артып, 223,7 мың га орналастырылды. Бұл жалпы егіс көлемінің 26 %.
Агроқұрылымдарға мал азығы дақылдарын еккені үшін және мал шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар тұрақты көрсетілуде. Оның ішінде,  жоңышқа, жүгеріге нақты сатып алған тұқымына, минералды тыңайтқыштарына және зиянды организмдерге қарсы қолданылатын пестицидтердің шығын көлемдерінің 50% субсидия қаржысы  төленеді.  
Ал, жеңілдетілген жанар-жағармай агроқұрылымдардың сұранысына сәйкес, 33,9 мың тоннаға қажеттілік анықталды. Соның ішінде, мал азығын жинауға 203 тауар өндірушіден  1,1 мың тонна өтінім қабылданды. Бүгінгі таңда ақпараттық жүйе арқылы  23,2 мың тонна дизель отыны қанағаттандырылып, жұмыстар жалғасып жатыр.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, өсімдік шаруашылығының даму қарқыны тұрақты сақталып отыр. Атап айтқанда, мал қыстату науқанына қажетті 4,3 млн. тонна ірі сояулы мал азығы дайындалды. 
Бүгінде   273,4 мың гектарға егілген астықтың гектар түсімділігі 18,0 центнерді құрап,  492 мың тонна өнім жиналды.  Егіс алқаптарынан мал қыстату науқанына қажетті 300,1 мың тонна сабан, бидай, арпа қалдықтарынан 89,4 мың тонна пішендеме дайындалған.
Биылғы жылы 1,5 жылдық  мал азықтық қорды қамтамасыз ету мақсатында, 1,7 млн. тонна  – жоңышқа, 1,9 млн. тонна – табиғи шөп, 22,4 мың тонна – сүрлем жиналды. Сонымен қатар  тауар өндірушілер арқылы өзге облыстардан 399,3 мың тонна мал азығы сатып алынды. Қазіргі таңда нарықта сабан бағасы 650-700 теңге,  жоңышқа бағасы 1250-1300 теңге,  пішен бағасы 900-950 теңгеден саудалануда.
Айта кетейік, ауыл шаруашылығы дақылдары 870,2 мың гектарға орналастырылып, өткен жылмен салыстырғанда 9,4 мың гектарға артты. Осы орайда мал азығы туралы мамандардың арнайы мақаласын өңір тұрғындарына ұсынамыз.

Еліміздегі ауылшаруашылық өн­дірісінің маңызды саласы мал шаруашылығы ежелден қазақтың дәстүрлі кәсібі ретінде дамып келе жатыр. Әдетте мал шаруашылығын өркендетуде шешімін табатын шаруа көп қырлы болып келеді. Соның ішінде мал азығын қамдау ең маңызды мәселе. Өйткені, жеткілікті мал азығы қоры жасалмай мал шаруашылығы ешуақытта серпінді дами алмайды. Қазақстанда мал өсіруді ежелден кәсіп еткен ата-бабаларымыз неліктен мал соңында көшіп-қонып жүрген? Себебі, еліміздің ауа райы мен жер ерекшелігіне байланысты бұл әдіс табиғи жайылымдықтарды ұтымды пайдалана білудің жолы болған. Бүгінгі технология қарыштап дамыған заманда мал өсіру шаруасында азықтандыру мәселесі көбіне табиғи жайылымдықтар мен шабындықтардың әлеуетіне әлі де тәуелді болып отыр. Жаңа технологиялар бізге мал азығын дайындау ісін қазіргі заман тұрғысынан толық шешудің тың мүмкіндіктерін ұсынғанымен біз оны толық пайдалана алмай келеміз. Демек, елімізде мал шаруашылығын қарқынды дамыту мәселесі әлі де болса аса өткір күйінде қалып отыр. Мысалы, сүрлем мен пішендеме дайындау технологиясының мүм­кін­діктері толық игерілмеуде. Осы­дан барып, кейбір өңірлерде шаруашылықтардың көпшілігі дайын шөптің тапшылығын сезінуде. Шөп тапшылығы, қысы ұзақ солтүс­тік өңірлерге ғана тән емес, сонымен бірге оңтүстік өңірлерлерде де сақтық қоры ретінде қажет екенін уақыт дәлелдеді. Соңғы жылдары аязы қатты қыс пен қалың қар шаруаларға шөп дайындаудың қан­ша­лықты маңызды екендігін ескерткендей. Республикамызда шөп дайын­дау­дың кепілді көзі – өзен, көл жағалауындағы жайылмалы шалғын­дықтар, тау бөктеріндегі шабылмалы жайылымдықтар және жалпы шабындықтар, ал олардың көлемі республикада үш миллион гектарға жетпейді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні осы жерлердің өнімділігі төмен, гектарынан 11-13 центнерден аспайтын шөп дайындалады. Суға бөктіру арқылы гектарына 40 центнерден астам шөп алынатын Орал-Көшім жайылмалы шалғындықтары мен Орталық Қазақстандағы көл табан­­дап суарылатын шабындықтар бүгінде қолданыстан шығып қалған. Кеңес дәуірінде кең таралған қарапайым әдіс – сай-салалар мен аңғарларға шөп егу арқылы шабындықтар өнімділігін арттыру да бүгінгі таңда ұмыт болған. Жайылымдарды, шалғындықтар мен шабындықтарды көпжылдық шөп тұқымдарын егу арқылы жақсарту өз алдына бір мәселе. Бұл проблема да назардан тыс қалып отыр. Мал азығы қорын нығайту барысында ертеректе өндірісте тиімділігін дәлелдей білген осындай ұтымды шешімдермен қатар, бүгінгі таңда өндіріске жол тапқан ғылыми әзірлемелер де бар. Мысалы, соңғы жылдары республикамыздың оңтүстік-шығыс өңірлерінде майбұршақ дақылын өндіру кең етек алуда. Осы орайда, микробиология институтының ғалымдары осы дақылдың өнімділігін арттыратын бактериялық препараттан басқа олардың сабанын мал сүйсініп жейтін азық қорына айналдыру жолдарын да ұсынды. Сонымен, майбұршақ дәнінен түскен пайдамен қатар оның сабаны да шаруаның қажетін өтей алмақ. Жоғарыда республикамызда өндірісте қолданылған кейбір ұтым­ды әдістерді еске алдық. Ескеретін жайт, заманауи талаптарға сәйкес мал азығын дайындауда құнарлылығы жоғары әрі өнімділігі мол бұршақ тұқымдас өсімдіктерге, әсіресе, беде, жоңышқа және түйежоңышқа сияқты дақылдарға көңіл аударған жөн. Өйткені, бұл дақылдарда ас­тық тұқымдастарға қарағанда протеин мен ақуыздың мөлшері екі еседен астам көп. Сонымен қатар, амин қышқылы құрамы да малға жұғымдылығымен құнды. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бұршақ тұқым­дастар өсімдігінен ең арзан және мол ақуыз өндіріледі. Тоқсаныншы жылдары шаруашы­лық­тарды реформалау кезінде көптеген олқылықтар орын алғаны аян. Мал шаруашылығының дамуы дағдарысқа тіреліп, республикамызда мал азығы дақылдарын өсіретін алқаптардың көбі айналымнан шы­ғып қалды. Тоқсаныншы жылдары 11,4 млн. гектардан астам жерге мал азығы дақылдары егілсе, бүгінгі таңда осы алқаптар 2,4 миллионнан аспайды. Көпжылдық өсімдіктер алқабы екі жарым есе азайса, жүгері алқаптары 27 есеге азайды. Осы орынсыздық, бүгінгі күні қолдағы бар малдың жемшөппен толық қамтамасыз етілуіне қолбайлау болып отыр. Өйткені, көптеген шаруалар мал азығын дайындаумен шұғылданбайды. Малдың қысқы азығы сапалы пішен, мал сүйсіне жейтін пішендеме және сүрлем сияқты жемшөп қорының аздығы малды азықтандыруда аса қажетті ақуыз, қант, каротин және тағы басқа да элементтердің жетіспеуіне жол беріп, малды азықтандыруда оның қажеттілігін өтей алмауда. Осындай сапалы шөптердің жетіспеушілігінен солтүстік астықты өңірлерде, малды көбіне дәнді дақылдармен азықтандыру кең етек алды. Етті ірі қара шаруашылығында осы үрдіс ет өнімінің қымбаттауына мұрындық болды. Өйткені, өндірілген ет бағасының елу пайыздан астамын жемшөп қоры анықтайды. Қазіргі кезеңде мал шаруашылы­ғында қалыптасқан үрдіс негізінен мал азығындағы ақуыз тапшылығынан жемшөптің ысырапқа ұшырап, мал өнімінің өзіндік құнының артуына әсерін тигізуде. Сондықтан да, алдымен мал азығының сапасын арттыру, оның ішінде ақуызбен қамтылуын қолға алған жөн. Бұл ретте жайылымдарды және шабындықтарды бұршақ тұқымдас өсімдіктерді еге отырып жақсарту шаралары жүзеге асырылса, мал азығын дайындау науқанының көрігі қыза түсер еді. Көпжылдық бұршақ тұқымдас өсімдіктерді өсірудің өндіріске оң­тайлы әсері мол. Біріншіден, ақуыз­ға бай мал азығы қоры дайындалса, екіншіден, топырақ құнарының жақсаруына ықпал етеді. Бұршақ тұқымдас шөптердің өсу және тамырлану ерекшеліктері топырақта үнемі жүріп отыратын микробиологиялық үрдістерді оңтайлы бағытта дамытып, оның құнарлылығын арттыруға әсерін тигізеді. Бұршақ тұқымдас шөптер тамырдағы түйнек бактерияларымен тығыз симбиоздық қатынаста бола отырып, өсу ке­зеңін­дегі ауа райы мен топырақ ерекшелігіне орай гектарына 600 кг. дейін биологиялық азот жинақтай алады. Яғни, топырақты минералды азот тыңайтқыштарымен емес, биологиялық азотпен тыңайту жүзеге асады, бұл өз кезегінде химикаттарды қолдануға тосқауыл қойып, экологиялық ахуалдың жақсаруына мүмкіндік туғызады. Сонымен, ғылыми тұрғыдан қара­ған­да, көпжылдық өсімдіктер мал азығы қорын өнімділік және сапа­лық тұрғыдан нығайтумен қатар, егіншілік жүргізудің биологиялық жолмен дамуына, топырақтың құнар­лылығын арттыруға және қоршаған ортаның экологиялық ахуалын сауықтыруға зор ықпалын тигізеді. Республикамызда соңғы жылдары мал азығы дақылдары есебінен екі миллион азықтық өлшем көлемінде шөп дайындалатынын ескерсек, ол малға қажетті азықтың 1/3 бөлігін ғана қамтиды. Қалыптасқан жағдай мал шаруашылығының өркендеуіне және оның қарқынды дамуына қолбайлау болып отыр. Осы орайда мал азығын дайындау мен оны ұқсату мәселелері – мал азығы базасын нығайтудың технологиялық өзегі. Өйткені, мал азығын ұқсату бар мүмкіндіктерімізді толығымен пайдалануға ықпал етеді. Республикамызда қазіргі уақытта 1 миллион тонна сүрлем, 0,5 миллион тонна пішендеме дайындалса, мал шаруашылығы дамыған тоқсаныншы жылдары 35 миллион тонна сүрлем, 7 миллион тоннадан астам пішендеме дайындалатын еді. Малды азықпен қамтамасыз ету көрсеткішін сараласақ, ірі қара шаруашылығында бір жылға шаққанда бір шартты мал басына 22 центнер азықтық өлшем берілетіні, ондағы протеин мөлшері 12-14 килограмнан аспайтыны мәлім. Ал, қысқы мерзімде қолданылатын мал азығы 11 центнерлік азықтық бірлікпен шектелген. Малазық­тық өлшем бірлігінің бұл көрсеткіші зоотехникалық талап деңгейін­дегіден екі есеге дейін төмен. Осы ретте мал шаруашылығы дамыған еуропалық елдерде шартты мал ба­сына шаққанда 36 центнер, Амери­ка елдерінде 45 центнер, ал көршіміз Ресейде 30 центнерден астам азықтық бірлік көлемінде мал азығы дайындалатынын еске алуға болады. Демек, біз осы мәселеге үлкен ыждағаттылықпен қарап, мал азығын дайындау мәселесін тиісті стандарттық талаптар деңгейіне көтергенде ғана мал өсіру саласында табысқа жететін боламыз. Мал азығы сапасын арттыру үшін бірінші кезекте, әрине бұршақ тұқымдас өсімдіктерге басымдық беру қажет, мысалы, егістікте беде, жоңышқа, эспарцет, түйежоңышқа, тағы басқа да екпе шөптердің үлесін арттырған жөн. Өйткені, бұл дақылдардан мол шөп дайындала­ды және шөп құрамындағы ақуыз мөлшері жоғары болады. Екінші кезекте, биологиялық сүрлем әдістері­мен шөп құнарлылығын сақтау тәсілдерін кеңінен пайдалану, яғни олардан сүрлем мен пішендеме дайындау бар мүмкіндікті тиімді қолдануға қол жеткізеді. Пішендеме құнарлылығы мен жұғымдылығы жағынан табиғи шөптерден кем емес. Пішендеме құрамында шөптің қуаттылығы мен құндылығы толығымен сақталады, ал ақуыз, каротин, қант және басқа да малға қажетті заттардың мөлшері барынша мол әрі азықтың жалпы қуаты шоғырланған құрғақтау шөп есебінде де өте маңызды. Әсіресе, өнімділігі жоғары малдарды азықтандыруда таптырмайтын мал азығы. Әлемдік тәжірибеде де мал азығын дайындау саласында пішендеме үлесі жылдан-жылға арта түсуде. Сүтті мал шаруашылығында сүрлемнің орны ерекше. Сүрлем қоректілігі жағынан балауса шөптерге жетеғабыл шырынды азық. Ең бастысы, кез келген мал сүйсініп жейді. Пішендеме де, сүрлем де құра­­мын­­да мал ағзасына қажетті қорек­тер­­дің басым көпшілігі бар, малға өте жұғымды азықтар. Бұл азықтардың пішенге қарағандағы артықшылығы, дайындау және сақтау кезінде қоректік заттардың барынша сақта­луы, ал биологиялық сүрлеу үдері­сіне орай кейбір қосымша қоректік заттардың түзілуіне байланысты құндылығының артуы. Сонымен қатар, сүрлем кезіндегі қышқылдар әрекетінен азықтың дәмі кіріп, малға жұғымдылығы арта түседі. Сон­дықтан да пішендеме қыс мерзімін­де малға қажет шөп ретінде құнарлы азық болып есептеледі. Мысалы, пішендеме жеген малдың ағзасында оңтайлы қант-ақуыз теңгерілімі сақталады, сүтті мал шаруашылығында бұл ең басты проблема. Сүрлем ретінде азықтағы жалпы қуатының артуы және құрғақ заттың мол болуы, әсіресе, жоғары өнімді мол сүт беретін сиырлар үшін таптырмас азық. Өндірісті жүргізу барысында сүрлем дайындаудың артықшы­лығы шөптегі азықтық қуат пен құндылығының барынша сақталуы. Мысалы, сүрлем дайындау барысында пішен дайындаумен салыс­тырғанда құрғақ заттың сақталуы екі есеге артық. Қоректік заттардың сақталуын сараласақ, пішендемеде қант толық сақталады, ал сүрлемде ол органикалық қышқылдарға ыдырайды. Мал азығын сүрлеудің өндірістік тиімділігі де зор, пі­шен­мен салыстырғанда екпелі егістіктің әр гектарынан алынатын қорек­тік заттардың молдығы және азықтық бірлікке шаққанда жұм­салған шығынның өтемі жоғары. Мысалы, судан шөбінен пішен дайындағанда азық өлшемі 7,8 центнер болса, сүрлем дайындағанда азық өлшемі 10 центнерден асады, ал пішендеме дайындалса 12 центнерге дейін жетеді. Сондықтан да республикадағы суармалы жерлерді мал азығы дақылдарын өсіруге тиімді пайдалану сүрлем немесе пішендеме дайындау арқылы ұтымды ұйымдастырған табыс көзінің қайнары.