Home Әлеумет ӘЖЕЛЕР – ҰЛТТЫҢ АР-ҰЯТЫ

ӘЖЕЛЕР – ҰЛТТЫҢ АР-ҰЯТЫ

Арыс қаласындағы Ардагерлер орталығында қалалық «Әжелер алқасының» ұйымдастыруымен «Әже – ұлттың ұйытқысы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ардагерлер мен әжелер қауымы бас қосқан жиынға қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен әкімдік аппаратының өкілдері және бөлім басшылары қатысты.

Арыстың өсіп-өркендеуі жолында талмай еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсенді қатысып жүрген ата-әжелердің өнегелі өмірін насихаттай отырып, жастарды тәрбиелеуді мақсат еткен отырыста өсиет сөздер мен өрелі ой айтылды.

«Дана халқымыз: «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп бекер айтпаған. Біз заманауи үлгіге сай киініп, ісі мен сөзін үйлестіре білген өздеріңіздей ата-әжелерімізге арқа сүйеп, жастарды тәрбиелейміз. Жұдырықтай жұмылып, осылайша сіздермен ақылдасып, кеңесіп бірге дамимыз. Ұлттық құндылығымызды бүгінгі уақыт талабымен үндестіре отырып дәріптеп жатқан «Әжелер алқасының» алғысым шексіз. Айтары бар, өнегесі мол қарияларымызды қоғам арасында кеңінен насихаттау арқылы ұрпақтар сабақтастығын жалғауымыз керек», – деді Гүлжан Мамытқызы.

Арыс қалалық «Әжелер алқасының» төрағасы Өрікгүл Елубаева жетекшілік еткен жиында зейнеткер ұстаз Злиха Орынбекқызы мен «Аналар кеңесінің» басшысы Раушан Әбдуәліқызы арнайы баяндама жасап, ұрпақ тәрбиесінде бүгінгі ата-әжелеріміздің қосар үлесі жайын сөз етті.

Сыр-сұхбатқа негізделіп, әңгіме-диалог форматында жалғасын тапқан жиында азаматтық қоғамдағы алдыңғы толқын мен кейінгі буын өкілдерінің арасындағы байланысты жаңғырту жайы тақырыпқа тұздық болды. Жиын аясында мектеп оқушылары өз өнерлерін көрсетіп, әнші әжелер тобы құйқылжыта ән салды. Сондай-ақ, қалалық этно-мәдени бірлестік өкілдерінің қолөнер бұйымдарынан арнайы көрме ұйымдастырылды.