Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құжыра бөлмесінде “Қазақфильм” және
“Оңтүстікфильм” киностудиялары түсірген деректі және анимациялық
фильмдер зияратшылар мен туристерге тұрақты түрде көрсетіліп келеді.
“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келген әрбір
келуші жәдігерлермен қатар тарихи фильмдерді де тамашалап, алғысын
білдіруде.
2016 жылдан бастау алған бастама аясында Түркістанға қатысты деректі
фильмдер тамашаланса, 2018-2019 жылдары “Алмас қылыш”, “Көшпенділер”,
“Жаужүрек 1000 бала” көркем фильмдері мен “Күлтегін”, “Мұзбалақ”, “Көне
құмыраның сыры”, “Қажымұқан”, “Қазақ Елі”, “Отырарды қорғау”,
“Түркістан”, “Оқсыз” анимациялық фильмдерін тамашалауда.
-“Көрсетілімдер тек балалар ғана емес ересектер үшін де қызықты.
Алыс-жақын жерден келген қонақтар бір сәт демалып, фильмдерімізге де көз
жүгіртеді. Күніне орта есеппен 200-300- дей келуші Құжыра бөлмесіне бас
сұғады.Тарихи тағылымы мол бұл істің да берер тәрбиесі мол”,- дейді
“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының
орынбасары Мұрат Тастанбеков.
Айта кетсек, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың
«Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде
жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары, батырлары мен игі
жақсылары тізімі цифрлы форматта үш тілде әзірленсе, кесене ішінде 2
ақпаратты киоскі, шағын кинозал, 3D тур қызмет көрсетуде. Сондай-ақ,
«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің жаңартылған ресми сайтының мобильді
қосымшасы да іске қосылған.