Домой Uncategorized ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП — БІЛІМ ТІРЕГІ, ҰСТАЗ — ОНЫҢ ЖҮРЕГІ

ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП — БІЛІМ ТІРЕГІ, ҰСТАЗ — ОНЫҢ ЖҮРЕГІ

Осыдан бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтқан осы тәмсіл ұстаздар қауымын іргелі істерге жетелейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында елді ілгерілетудің тың жолдарын ұсынды.

«Біздің бұрын кім болғанымыздан қазір кім екеніміз, ең бастысы, болашақта кім болатынымыз әлдеқайда маңызды. Сондықтан қандай қиындықтан өткенімізді бағамдайтын кезде ғана ауызбіршілік танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. Біз өткенді аңсаумен өмір сүрмеуіміз керек. Керісінше, келешегімізді кемел етуге ұмтылып, ұлттың ұлылығын нақты іспен дәлелдеуге тиіспіз. Дүниетанымымызға жат мәдениеттерге көзсіз еліктеуден, жалған патриотизмнен, даңғойлық пен дарақылықтан сақтануымыз керек. Халқымыздың бойындағы кемшіліктерге көз жұма қарамай, одан арылуымыз қажет. Мұның бәрі күн сайын құбылған тұрлаусыз заманда өмір сүріп жатқан Қазақстанның келешегі үшін айрықша маңызды. Сондықтан ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн», — деді Мемлекет басшысы.

ҚАЗАҚСТАН БОЛАШАҒЫНЫҢ ТҰҒЫРЫ БИІК, ТҰТҚАСЫ МЫҚТЫ БОЛУЫ — ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМДІ ҰРПАҚ ЕНШІСІНДЕ

Иә, жаңа ғасырдың ұлы көшінде, Тәуелсіз Қазақстан болашағының тұғыры биік, тұтқасы мықты болуы — тәрбие мен білімді ұрпақ еншісінде. Сол сеніммен үміт артқан ұрпақтың тәлімді тәрбие, терең білім алатын орын мектеп. Мектеп — тұлғаны қалыптастырушы, Ұстаздар қауымы оқушыларға қалай тәрбиелеп білім берсе, халқымыз да жоғары деңгейде болады. Еліміздің көркеюіне жас жеткіншектерге тәрбие мен білім беруде өз үлестерін қосып жүрген Сауран ауданы, Шорнақ ауылындағы Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп интернат ұжымы. Мектеп директоры Бекжанов Аскар Кыдырбекұлы. Шорнақ елді мекеніндегі Қ.Рысбеков атындағы мектеп-интернатының іргетасы 1949 жылы қаланған. Алғашқы онжылдықта Фрунзе ауылдық Кеңестер үйінің қызметін атқарған.

1959 жылы Қазақ ССР министрлер советінің шешімімен ауылда мектеп-интернат ашылады. Мектеп-интернат шопан отбасыларының балалары мен орталықтан шалғай жатқан ауылдың балаларын оқытуға арналған.

Сол жылдың қазан айында М.В.Фрунзе мектебінің директоры болып Алтаев Өмірәлі тағайындалады. Мектеп ашылған жылы 50-60 оқушы, 7-8 мұғалім ғана қызмет атқарған. Алтаев Өмірәлі 1962 жылы қайтыс болып, оның орнына Ықтияров Мұсахан деген соғыс ардагері директор болды, 1965 жылы мамыр айының 5 күні М.Ықтияровтың орнына директор болып Сарбасов Нұртай тағайындалды. Сарбасов Нұртай 1973 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған. 1974 жылы «Отличник Народного образование КазССР». РайОНО кеңес мүшесі болған. 1966-1984 жылдары арасында аудандық партия комитетінің пленум мүшесі. Аудандық ңеңеске 2 рет, ауылдық кеңеске 4 рет депутат болған.

Сарбасов Нұртай 1965 жылы мамыр айынан 1984 жылға дейін, яғни құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін директор болып қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде оқушы саны 280-ге жетті.

Мектеп-интернат сол жылдары облыстық, аудандық «Зарница» және «Туризм» ойындарында жүлдегер атанды. Ұжым республика бойынша алдыңғы қатарлы мектеп-интернат ретінде танылып, Қазақ ССР Оқу министрлігінің Қызыл Туын бірнеше рет және Бүкілодақтық Кәсіподақтар Кеңесі төралқасының Қызыл Туын жеңіп алып, тұрақты сақтау құқығына ие болды.

1968 жылы мектеп-интернатқа Кеңес Одағының Батыры осы Шорнақ елді мекеннің тумасы Құрманбай Рысбековтың есімін беру туралы Түркістан аудандық атқару комитетіне ұсыныс беріліп, 1972 жылы мектеп-интернат батырдың есімімен атала бастады.

1984 жылы Омарбаев Еркінбек мектеп басшылығын өз қолына алды.

Омарбаев Еркінбек 1974 жылы КазССР Оқу министрінің Мақтау қағазын, одан кейін облыстық атқару комитетінің Мақтау қағазын алған.

1978 жылы Халық ағарту ісінің үздігі болған. Сонымен қатар, А.П.Жуковтың 100 жылдығы медалімен, Тәуелсіздікке 25 жыл медалімен, Астана медалімен марапатталған.

1992 жылы ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың алғыс хатын, 2002 жылы облыс әкімі Б.Сапарбаевтың Мақтау қағазын алған. Оңтүстік Қазақстан облысының, Түркістан қаласының Құрметті Азаматы.

1987 жылы мектеп директоры болып Әшенов Өтеген сайланды. Әшенов Өтеген 1976 жылы Қазақстан Оқу министрлігінің Құрмет грамотасымен; 1996 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ облыстық, қалалық білім беру бөлімдерінің Мақтау қағаздарымен марапатталған.

1988-1990 жылдары мектепке Кішібаев Жұмаділла басшылық етсе, 1990 жылы Исатаев Ибадулла директор қызметін атқарды.

1991-2002 жылдар аралығында Әшенов Өтеген қайта өз қызметіне оралды. 2002 жылы Сапорова Гүлназ мектеп директоры болды.

2007 жылы Түркістан қаласының әкімдігінің № 7593 қаулысына сәйкес мектеп-интернат жаңа типті, 300 орындық жатақханасы бар 3 қабатты ғимаратқа көшіріледі. 2008 жылы сол кездегі ҚР Білім және Ғылым вице министрі Күләш Шәмшидинова интернатқа келіп, мектеп-интернаттың тыныс-тіршілігімен танысып, Сол кездегі мектеп директоры Сапорова Гүлназдың жұмысына жоғары баға беріп, оны марапатқа ұсынады.

2013 жылдан 2016 жылға дейін мектепті Бекназаров Бақтияр басқарды.

Мектеп — тұлғаны қалыптастырушы, сондықтан мұғалімдердің ауызбіршілігінің арқасында елдің үмітін артып отырған ұрпақ білімді, әрі саналы болып өсері сөзсіз.

2016-2023 жылдар аралығында мектепті Шүкірбаев Әмірхан басқарды. 2015 жылы Қазақстан Республикасы, Оңтүстік Қазақстан облысы «Qurmet — AB» Қоғамдық бірлестігінің «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.

2023 жылдың 31-наурыздан бастап мектеп-интернаттың директоры болып Бекжанов Асқар Қыдырбекұлы тағайындалып, мектебіміздің ынтымағы мен бірлігін дамытуда атсалысып жүрген игі істердің бастамашысы болып келеді.

ІЗДЕНГЕН ЖЕТЕР МҰРАТҚА

70 жылдан аса тарихы бар киелі мекеніміз, жас ұрпаққа білім беру жолында еңбек етіп келе жатқан білім ұясы. Заманымыз алға дамыған сайын уақыт талабы күшейіп, шәкірттерімізді тәртіпті, білімді, талапты тұлға болып қалыптасуы, үздіксіз іздену, ой өрісі мен шығармашылық қабілеттерін дамыту басты мақсатымыз деп білеміз. Ақыл таразысында өлшенбеген білім негізсіз дегендей, білім алушының зияткерлік және рухани дамуына үлес қосып, оқушыларымыз аудандық, облыстық жарыстарда жүлделі орындарды иеленді. Телібай Едігебатыр «Зерде» ғылыми жоба бойынша аудан көлемінде ІІ орын иеленді. Абдужалал Айару «Қазақ би шешендер мұрасы» ғылыми жобасынан Республика көлемінде 2-орын иеленді. Асылханұлы Мұхамедқанапия Айқанат облысқа жолдама алды. Кенжебай Әсет «Айқанат» Рсымбек Мұхамедәли «Айқын» олимпиадасынан облысқа жолдама алды. Тұрғанмұрат Айару «Менің кіші отаным» олимпиадасының 3 орын иегері, Абдужалал Айару «Ақберен» олимпиадасынан 2-орын иеленді. Балтабай Біржан «Ақберен» олимпиадасының 2-орын, Телібай Едігебатыр, Ергеш Нұрбақыт «Алтын сақа» олимпиадасының 3-орын иегерлері, Оралбай Нұрбақыт «Алтын сақа» олимпиадасынан алғыс хат алды. «Абайтану» аудандық олимпиадасының 3-орын иегері Жұмахан Арай, Абылайхан Сүндет, Сейітмұханов Нұрлыбек, Ералы Айару, Чапай Жәния, Балтабай Әли, Бекзатхан Рахат, Бұйрабаева Жұлдыз, Шыңғысбекова Шапағат, Балбабай Әділ, Сейдахан Бексұлтан, Бұйрабаева Аружан Махамбет Шапағат, «тоғыз құмалақ» топтық сайысынан 2 орынды иеленді.

БАСТЫ МАҚСАТ – ЕРКІН ОЙЛЫ ТҰЛҒА ТӘРБИЕЛЕУ

Өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу мақсатында, мектебімізде құндылыққа негізделген, біртұтас тәрбие бағдарламасын іске асыру мақсатында бала тәрбиелеуде аға-ұрпақ өкілдерін тарта отырып «Даналық» мектебі құрылды. Ай сайын «Даналық» мектебімен бірлесе отырып, жас ұрпақтың білімі мен мінез құлқын жақсарту, жан-жақты тәрбие беру баршамыздың ортақ мақсатымыз деп біліп, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей ата-аналарымыз да бала тәрбиесіне селсоқтық танытпай біріге жұмыс жүргізіп келеміз. Бала жаны нәзік, ойы адал, сезімтал да толқымалы. Адал ойға дақ салмай, дұрыс тәрбиелеу, ата-аналар мен ұстаздардың тынымсыз жұмыс істеуіне байланысты. «Ақ-қараны ажырату, жасөспірімнің желідегі әрекеті» деген мәселелер бойынша ауыл ақсақалдарын қатыстыра отырып, күрделі мәселелерді бірге шешіп, тәрбиеленушілерді кітап оқуға қызықтыру, ұялы телефоннан алшақтату, сөйлеу дағдыларын қалыптастыру мақсатында «Бір сынып, бір кітап» кітап оқу бойынша челлендж ұйымдастырылып жас ерекшеліктеріне сай әдеби кітап оқып, бірге талқылап, көрініс қойып, тыңдалым жасалды. Кітап оқу бұл бос уақытты тиімді өткізу ғана емес, тұлға болып қалыптасуына, рухани жан дүниесін байытып, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасауға үйрететін керемет дүние. «Kitapal» компаниясының президенті Данияр Жігітбектің және ауыл жастары С.Аташев, А.Тұрысбектің ұйымдастыруымен мектебімізге қазақ тіліндегі заманауи 50-кітапты сыйға тартты. Мектеп ұжымы, оқушыларымыз бас қосып сол кітап төңірегінде талқылап талданды. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру ұлттық құндылықтарды насихаттау, салт- дәстүрді бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу мақсатында «Асық ату» челленджі өткізілді. 2-8 сыныптар аралығында «Асық» ойынының барлық түрлерімен таныстырып, ойнатып, жарыстар ұйымдастырылды. Соның нәтижесінде 6 «А» сынып оқушысы Беркінбай Ардақ Кентау қаласында оқушылар арасында ұйымдастырылған «Ханталапай» қалалық біріншілікке қатысып І орынды иеленіп, арнайы төсбелгімен марапатталды. Асық, бестас, дойбы, тоғызқұмалақ ойыны тәрбиеленушілерімізбен демалыс күндері жатақханада жарыстар өткізіліп отырады. «Бұрымды қыз — қашанда сұлу» сыныптар арасында байқау өткізілді. Сыртқы бейнесі, киіну үлгісі, мінез-құлқы сипатталып, нәтижесі қаралып, үздік сыныптар аталып өтілді.

ҚАЗІРГІ ЖАСТАР — ЕЛІМІЗДІҢ ЕРТЕҢІ

Қазіргі жастар халқымыздың болашағы, еліміздің ертеңі. Бүгінгі ұл балаларымыз, ертеңгі берік қоғамның негізін қалаушы. Ер балаларымызды ұлтжандылыққа қабілетті, білімді, спортқа икемді, еңбекке бейімдеу мақсатында «Жігітке жеті өнер де аз» сыныпаралық сайысымыз ұйымдастырылып отырады. Тәрбиеленушілерімізді жан-жақты дамыту, жазу, оқу арқылы ой өрісін кеңейту дағдыларын қалыптастыруға ықпал ету мақсатында сурет салу, шығарма жазу бойынша да сайыстар ұйымдастырылып өткізілді. Қазақтың ең орныққан қағидасының бірі — үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ұрпақтарға ең үлкен тәрбиені де осы сөзбен бойына сіңірген. Үлкендеріміз өз ақылын айтып, ұжымды, оқушыларды ұйымшылдыққа, мейірімділікке, қамқорлыққа үйретеді. Соның нәтижесінде мектебімізде тәрбиеленіп отырған 365 оқушының барлығы бір атаның баласындай, бір-біріне сыйластық білдіріп, аға-әпке деп ізет көрсетеді. Алдағы уақытта да мектебімізді биіктерден көрсетіп, мектеп ұжымы, ата-ана, шәкірттеріміздің бірлескен күш-жігері мен ынтымақтастығының арқасында, нәтижеге қол жеткізіп, алға қойған міндеттерге бірге жетеміз деген сенімдеміз.

Гүлдана УРАЗБЕКОВА,

Қ.Рысбеков атындағы №5 негізгі орта мектеп интернатының директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.