Домой Uncategorized ТҮРКІСТАН: КІТАП — БІЛІМ БИІГІНЕ АПАРАТЫН БАСПАЛДАҚ

ТҮРКІСТАН: КІТАП — БІЛІМ БИІГІНЕ АПАРАТЫН БАСПАЛДАҚ

Кітап – рухани қазына, ақылыңа ақыл қосып, кемелдендіретін құрал. Кітап оқу еш көнермейтін тәсіл. Өркениетті елдердің көшінен қалмау үшін кітап қорына бай болуымыз керек. Сонда ғана рухани қажеттілігімізді үздіксіз жетілдіре аламыз. Өйткені, кітап – адамның жан дүниесінің рухани қазынасы, асыл байлықтың өлшемі.

Күнделікті қарапайым өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез аңғаруға болады. Кітап оқыған адам ақыл-парасат, таным, білім, жұртпен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі сияқты ізгі қасиеттерімен ерекше болып тұрады.

Адамға таптырмайтын бірден-бір пайдалы дос – кітап. Ешкімнің мазасын алмайтын, керек кезде жаныңнан табылатын, қиналғанда ақылшы болатын, үйреткен ақылына ақы сұрамайтын, жансарайыңды серпілтетін, көңіліңе шабыт қондыратын, өзі үн қатпаса да, өзінің ішкі әлемімен елітетін, дұрыс таңдау жасауға жол сілтейтін әрі адамды жалықтырмайтын серік деуге де болады. Әлемді технология жаулаған уа¬қыт¬та кітапқа деген құмарлықты арттыру басты талап. Оның сан түрлі тәсілдері жеткілікті. Бүгінде кітапсүйер қауымға қолжетімді электрондық нұсқадағы кітаптың түрі көбейді. Қол телефоныңызға жүктеп аласаңыз болғаны. Кез-келген жерде, уақыт талғамай оқи бересіз. Былай қарасаң заманауи кемелдену жолы шығар. Алайда дәстүрлі кітап оқудан кемшіл тұсы жетерлік. Кітапты қолға алып, парақтап оқу адамның өзіне деген сенімділігін арттырып, күш-қуат бере¬тінін ешкім жоққа шығара алмас. Қысқасы, кітап оқудың пайдасы ұшан-теңіз. Білімділікке де баулитын – кітап. Керісінше, білімсіздік – адам баласының опа бермес дұшпаны. Өмірде болатын көп қателіктер білімсіздіктен туындайды. Білімді жанға қашан да жол ашық. Жұрт та білімді адамды ерекше қадірлейді. Себебі білімді адам әрдайым өз халқына пайдасын тигізіп отырады. Атап айтқанда ата-ана, қоршаған орта, салт-дәстүр мен әдет-ғұрып және рухани азықты атауға болады. Рухани азықтың қайнар көзі – кітап.Балаға кітап оқу әлемін ерте жастан таныстырған жөн. Кітап оқи отырып баланың ойлау қабілеті мен сауаттылығы артады. Айтар ойын еркін жеткізіп, ойлау қабілеті қалыптасады. Ең бастысы, жадыны жақсартады. Оқу процесі баланы уақытты үнемдеуге тәрбиелейді. Сондай-ақ бөтен ортада өзін еркін сезіне алады. Сөздік қорын дамытып, шебер сөйлеуге әдеттенеді.

Психологтар кітап оқу күйзелістен арылуға таптырмас жол екенін айтады. Қазіргі уақытта күйзеліс үлкен проблемаға айналған. Әдеби, көркем сөздер адам жанын тыныштандырып, ағзаны жағымсыз дүниеден тазартады.

«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақ-тың артқы ұрпаққа қалдырған өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – дейді халық жазушысы Ғабит Мүсірепов. Адам баласы алдымен толыққанды дені сау, жан-жақты, білімді болуы қажет. Ал білімнің кілті кітапта. Ендеше тарихымызды танып, әдебиетімізді ардақтау үшін рухани қазынамыздың қасиетін ұғынып, қастерлей білейік. Сонда ғана рухымыз биік, келешегіміз кемелді боларына сенім мол.

Кітап оқу – адамның өзін тануына жол ашатын бағдаршам іспеттес. «Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан». Күнделікті өмірде үзбей кітап оқуды жақсы әдетке айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, жол жүргенде, аялдамада, қоғамдық көліктерде, жұмыста, үй тірлігінен қол босағанда кез келген сәтте өзіңмен бірге ала жүріп газет, журнал, кітап ашып оқып, сол уақытты да ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Кейбір өркениетті елдер-де халық бұны әдетке айналдырған. Ғалымдардың айтуынша, кітап оқығанда, «Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық»,– деп Ы.Алтынсарин айтқандай, сол кітаптың ең маңызды нәрін, сөлін сарқып алуға тырысу қажет.

Кітап – өмір сүру формасының басты алғышарты. Кітап – ақы сұрамайтын асыл қазына. Әр парағына ғаламның ілімі мен білімін, салты мен санасын сыйдырып, жеті жасар баладан жетпістегі қарияға дейін сүйеніш бола алар кітаптың орны бір бөлек. Кітаптың адам ілім-білімін жетілдіруден басқа жанды байытар рухани тірек екенін де мойындауға тиіспіз. Әсіресе, Отанды сүю, отбасының бағасын біліп, өмірге кірпіш болып қалануды санаға сіңіретін де осы бір тілсіз болса да тылсым күш – кітап дер едім. Кітап оқу арқылы сана сәулетіміз артып, руханият көкжиегіміз кеңейсін.

Кітап – асыл қазына, кітап – рухани азық, кітап – жан серігің, ақылшың. Ендеше, кітапты аяқасты етпейік, ол – қастерлі, киелі ұғым. Мектеп қабырғасында ғана кітап оқып, онан қол үзуге болмайды. Онымен дос болуды өмірлік дағдыға айналдырған дұрыс-ақ. Өйткені кітаптың адамзатқа берер тәрбиесі өте зор.

Гулмайра НЫСАНОВА,

кітапханашы.