Домой Uncategorized ТҮРКІСТАН: «ӨМІРДЕН КЕТСЕМ ДЕ, ӨЛЕҢНЕН КЕТПЕЙМІН»

ТҮРКІСТАН: «ӨМІРДЕН КЕТСЕМ ДЕ, ӨЛЕҢНЕН КЕТПЕЙМІН»

Дүниеге бір-ақ рет келетін ақиық ақын өзінің болашағын осы бір-ақ ауыз өлең жолдарына сыйғызып кеткен екен. Ақын жүректің көрегендігіне таңқалмасқа шараң жоқ! Жасындай жарқ еткен найзағай жырларымен , көктемгі нөсер жауындай төгіп- төгіп өтер мәңгі өлмейтін өлеңдерімен оқырман жүрегінің төрінен орын алған біртуар ақын Қаныбек Сарыбаев ағамызды көру, өлеңдерін өз аузынан есіту бақытына ие болдық.

Ол кісінің шаншыла қарайтын өткір жанарына тік қарауға жүрегінің түгі бар адам ғана шыдар еді десем артық айтқандық емес. Жүрегін жарып шыққан жырлары да түйдек-түйдек. Өзінің өжет мінезі сияқты.

Міне, осы отты жырларымен қазақ поэзиясынан ойып алған орны дарын иесінің 85 жылдық мерейтойы ағымдағы жылдың маужыраған көктемінде облыстық «Фараб» әмбебап- ғылыми кітапханасында әдемі бір еске алу кешімен басталып, оқу, мәдениет орындарында, кітапханаларда түрлі іс-шаралармен жалғасып келе жатыр. Таяу күндері осындай айта-айта жүретін, кейінгі ұрпаққа ұлағат- тағылымы мол, алдағы уақытта дәстүрлі сара жолға жалғасатын тағы бір іс-шара болып өтті. Атап айтқанда, Түркістан қалалық білім бөлімі мен «Өнер мектебі» МКҚК ұйымдастыруымен Қ.Сәтпаев атындағы №12 жалпы білім беретін орта мектептің акт залында отыз төрт мектептің жыр құмар түлегі қатысқан қалалық жас ақындардың жыр мүшәйрасы мен Қаныбек Сарыбаевтың оқуларына арналған ауқымды жиын өткізілді.

«Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы»- демекші, талай жас дарынның келешегіне жол ашқан бұл игі бастаманы бастап жүрген де әрбір өлеңі бір қаралық тұлғалы ақынның шәкірті, шашасына шаң жұқтырмас айтыс майталманы Бекарыс Шойбеков.

Сөз өнерінің қадірін білетін дүйім жұрттың бұл тәрбие-тағылымы мол бағдарламаны ұйымдастырудағы мақсаты да Түркістан қаласының құрметті азаматы, ақын, ұстаз Қаныбек Сарыбаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттау, ақынның есімін мәңгілендіру жолындағы рухани жұмыстарды жалғастыру, жас таланттардың шығармашылығын қолдау, өскелең ұрпақты ұлттық өнерге баулу.

Сонымен, бірнеше кезеңнен тұрған бұл сайыс не көрсетті?

Ең бастысы, 7-8-9-сыныптың оқушылары арасында өткен бұл байқау ұлттық әдебиетіміздің мәйегі — жыр құмар жастардың желкілдеп өсіп келе жатқанын дәлелдеді.

Екіншіден, олардың сахна мәдениетін игеріп, сөз саптауға, мәнерлеп оқуға едәуір төселіп қалғандығы аңғарылды.

Атақты ақын Қаныбек Сарыбаевтың «Ләззат пен азап» атты жыр жинағынан алынған, ұйымдастыру алқасы ұсынған отыз бір өлеңін балауса жүректерімен түсінуге тырысып, беріле оқығанда қазылар алқасына таңдау жасау да оңайға соқпады.

 Байқаудың ашылу салтанатында Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова, қазақ айтысының мақтанышы Бекарыс Шойбеков ақиық ақынның өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып өтті.

 Журналист, ақын Қаныбек Сарыбаевтың қызы, «алтынның сынығы» Ләззат Сарыбаева бастаған қазылар алқасы, Т.Кенжебаева мен Е.Төлеутай үміткерлерге әділ баға берді. «Өнер мектебі» МКҚК директоры Тұрар Тілеулиев «Бұл іс- шара атадан балаға мұра болып келе жатқан ұлттық жәдігерге, өз асылдарымызға құрмет. Сондықтан да Қаныбек Сарыбаев ағамыздың рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттап, «Абай», «Мұқағали» оқулары сияқты дәрежеге жеткізсек, бұл туған елдің перзенттеріне деген тағзым болмақ»- деген пікірін білдірді.

Қалалық жас ақындар арасында өткен жыр мүшайрасы мен Қ. Сарыбаев оқулары байқауының бас жүлдесін Н.Төреқұлов мектебінің оқушысы Пернебаев Нұрахмет иеленді.

«Өмірден кетсем де, өлеңнен кетпеймін»- деп поэзияға деген сүйіспеншілігін нөсер жырларымен мәңгіге өрнектеп кеткен өрелі ақын Қаныбек Сарыбаевтың 85 жылдық мерейтойына арналған бағдарлама жақын күндері Оқушылар сарайында ел тәуелсіздігі мерекесі мен Түркістан облысының құрылғанына бес жыл толуына және Қ.Сарыбаевтың 85 жылдығына арналып «Жас тұлпарлар жырлайды» деген тақырыппен өтетін дәстүрлі республикалық жас ақындар айтысында жалғасын тауып, қорытындыланбақшы. Елі ешқашан да өнегелі ұлын ұмытпақ емес.

Роза НАРЫМБЕТОВА