23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Спорт – діни
экстремизмге қарсы» ұранымен мемлекеттік қызметшілер арасында аудандық
спартакиада өтті. Қала және ауылдық округтерден қатысқан мемлекеттік
қызметшілер армрестлинг, кір тасын көтеру, волейбол, кіші футбол, арқан
тарту және ләңгі тебу бойынша спорттық сайыстарда бақтарын сынады.
Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев салтанатты шарада беташар сөз
сөйлеп, Түркістан облысының құрылғанына 1 жыл толуына орай өткізіліп
жатқан осынау іс-шаралардың маңызы зор екенін атап өтті. Бауыржан
Қуанышбайұлының жарысқа қатысқан барша әріпетсестеріне сәттілік тілеген
сөзінен соң спартакиада да қызу түрде басталып сала берді.
Тартысты
да қызықты өткен спартакиада кешке дейін созылды. Волейбол спортынан
өткен жарыста Қ.Тұрысбеков ауылдық округінің командасы айқын басымдықпен
жеңіске жетті. Ақтық сында оларға жол берген Ақшеңгелді ауылының
командасы ІІ орынды еншілесе, Жаушықұм ауылының волейболшылары ІІІ
орынға табан тіреді.
Кіші футбол жарысында аудандық ветеринария
бөлімі қызметкерлерінің мерейлері үстем болып, жеңімпаз атанды. Бұл
жарыста қала әкімшілігі ІІ орынды иеленсе, экономика және қаржы
бөлімінің командасы ІІІ орынды қанағат тұтты.
Үстел теннисі ерлер
және әйелдер арасында бөлек өткізілді. Ерлер арасында өткен жарыста
аудандық білім бөлімінің қызметкері Бекжан Таңат І орынды иеленсе,
аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және
автомобиль жолдары бөлімінің қызметкері Орынбасаров Аққанат ІІ орынды,
қала әкімдігінің қызметкері Жарқынбек Сүгірәлиев ІІІ орынды бағындырды.
Ал, әйелдер арасында өткен сайыста аудандық ішкі саясат бөлімінің
басшысы Орынша Қалшабекова І орынды жеңіп алды. Бұл сайыста аудандық
білім бөлімінің қызметкері Лаура Оманова ІІ орынды, Қ.Тұрысбеков
ауылының намысын қорғаған Перизат Әбдімүтәлиева ІІІ орынды иеленді.
Мемлекеттік қызметшілеріміз ұлттық ойын – ләңгі тебуден де осал
еместігін көрсетіп берді. Қоссейіттік Көпен Жорабеков ләңгі жарысында
қарысаластарын шаң қаптырып, жеңіс тұғырына көтерілді. Содан кейінгі
орынды Қ.Тұрысбеков ауылының әкімі Әлібек Сейдалиев иленесе, аудандық
білім бөлімінен сынға түскен Әлкей Қалшабеков ІІІ орынды бағындырды.
Арқан тарту бойынша қала әкімдігінің командасы І орынды, аудандық
ветеринария командасы ІІ орынды, Ұзын ата ауылының командасы ІІІ орынды
иеленісті. Ал, армрестлинг спорты 3 салмақ дәрежесі бойынша өрбіді. Бұл
сайыста 60 келі салмақта С.Сәдуов, 80 келі салмақта М.Асықбаев, 80
келіден жоғары салмақта М.Кенесариев жеңімпаз атанды. 2 салмақ дәрежесі
бойынша өткен кір тасын көтеруден 63 келіде Т.Ибадуллаев, 73 келіден
жоғары салмақта М.Махимов І орынды иеленді.
Сонымен, жалпы
командалық есеп бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында өткен аудандық
спартакиаданың бас бәйгесін қала әкімі аппаратының командасы қанжығаға
байлады. Олардан кейінгі орынға көтерілген Қ.Тұрысбеков ауылдық
округінің командасы ІІ орынды бағындырса, аудандық ветеринария бөлімінің
командасы ІІІ орынға табан тіреді.
Жарыс соңында жеңімпаз командалар мен жекелей спортшылар грамоталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.