Домой Спорт ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК БАЛУАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЫСТА ТОП ЖАРДЫ

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТІК БАЛУАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ САЙЫСТА ТОП ЖАРДЫ

Түркістан облысы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Павлодар қаласында өткен Республикалық жастар спорт ойындарында еркін күрестен 57 келі салмақ дәрежесінде жүлделі бірінші орынға ие болған Есенгелді Асылжанды қабылдады. Ақментай Есбаев кездесу барысында жас балуанға деген ыстық лебізін білдіріп, аудан тұрғындарының атынан құттықтауын жеткізді. — Бұл тамаша жеңісті зор қуанышпен қабылдадық. Аудан тұрғындарының және өз атымнан Сізді, Қазақстан Чемпионатында алтын медальға ие болуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Алдағы уақыттада еліміздің дамуына, жастар арасында патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруда белсенділік танытасыз деп сенемін. Одан әрі табыстар мен жаңа жеңістер тілеймін – деген аудан әкімі өз атынан алғыс хатын табыстап, естелік сыйлығын ұсынды. Есенгелді Асылжан Есболұлы 2001 жылы Түркістан облысы Келес ауданы, Біртілек елді мекенінде дүниеге келіп, Республикалық мамандандырылған спорт мектебінің түлегі атанған. Намысты додада бағымен бабын Қазығұрт төріндегі Қақпақ ауылында өткен еркін күрестен жүлделі 2 — орынды иеленіп бастап, 2016 жылы Арыс қаласында жүлделі бірінші орынды қанжығасына байлаған. Сол жылы Сайрам ауданында Шадиев турнирінде екінші орынды, Интернаттар арасында өткен еркін күрестен бірінші орынды олжалаған. Сондай-ақ еркін күрестен Қазақстан чемпионатынан жүлделі бірінші орынын алып, өңірдің мерейін үстем еткен. Жас балуан Республикалық турнирлерде топ жарғаннан соң әлемдік ареналарда да бой көрсете бастайды. Сөзімізге дәлел Қырғызстанда өткен «Ражаб Жанай» турнирінен екінші орынды иеленген болса, Румынья елінде өткен турнирде жүлделі екінші орынды қанжығалады. Осы секілді жетістіктерімен еліміздің мерейін асқақтатып жүрген жас спортшының алдағы арманы – олимпиада ойындарында бақ сынып, жеңіс тұғырынан көрінсем дейді.