Домой Басты жаңалықтар ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЖЫМҰҚАН ТУРНИРІ МƏРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ТҮРКІСТАН: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЖЫМҰҚАН ТУРНИРІ МƏРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде Қажымұқан Мұңайтпасұлының 148 жылдығына орай қазақ күресінен дәстүрлі халықаралық турнир өз мəресіне жетті. Екі күнге созылған айтулы додаға білекті де жүректі балуандар қатысып, бақтарын сынады.

Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ордабасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен жарысқа Ресей, Өзбекстан, Моңғолия елдерімен қатар еліміздің барлық облыстарынан 300-ге тарта сайыпқырандар қатысты. Апайтөс балуандар жиналған байрақты бәсекенің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Мəлік Отарбаев, облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев құттықтау сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Екі күн бойына боз кілем көркін қыздырған спортшылар 8 салмақ дәрежесінде жеңімпазды анықтады. Бұл жолғы турнирге балуандар жоғары дайындықпен келгендерін байқатты. Әр белдесуде көрермендерді шеберліктерімен таңғалдырып, тартысты жекпе-жектер өткізді.

Абсолютті салмақта 32 балуан өнер көрсетті. Нәтижесінде жүлделі үшінші орынды Моңғолия балуаны Дорж Анар иеленді. Ал, алыптардың айқасындағы ақтық сында алматылық Руслан Әбдіразақов пен моңғолиялық Серік Бердімұрат кездесіп, бар күштерін ортаға салды. Тартысты өткен белдесуде Руслан Әбдіразақов қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, халықаралық турнирдің жеңімпазы атанып, бас жүлдеге тігілген «Нива» автокөлігінің иесі атанды. Ал жүлделі екінші орын моңғолиялық Серік Бердімұратқа бұйырды.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының 148 жылдығына орай қазақ күресінен өткен дәстүрлі халықаралық турнирдің 8 салмақ дәрежесіндегі жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы тағайындалған естелік сыйлықтармен марапатталды.