Домой Басты жаңалықтар ШАҒЫН АУЫЛДАҒЫ САЙЫС СПОРТ ЖАНАШЫРЫНА АРНАЛДЫ

ШАҒЫН АУЫЛДАҒЫ САЙЫС СПОРТ ЖАНАШЫРЫНА АРНАЛДЫ

Жыл сайын Түркістан қаласының іргесіндегі Құмтиын елді мекенінде мектеп оқушылары арасында бокстан облыстық жарыс ұйымдастырылып тұратын. Оның ұйымдастырушысы осы ауылдың азаматы спорт жанашыры Таубай Егембердиев еді.
Бұл жолы да уақыт таяған шақта Құмтиыннан дәстүрлі жарысты өзге азаматтар ұйымдастырып жатыр деген хабар келді. Бақсақ Таубай ағамыз ердің жасы елуге толыпты. Осы мерейлі күнге арнап, спорттың басы-қасында жүрген ағаларының ізін басып келе жатқан жастар жарыстың өткізілуін өз мойындарына алыпты. Игі шараға осы аймақтағы спорт жанкүйерлерінен бастап, жанашырларына дейін жиналды. Соның ішінде есімі кеңінен танымал кезінде ел абыройын асқақтатқан Қ.Шағатаев бастаған спорт саңлақтары және мерейтой иесінің анасы Хатан Егембердиева бастап, Бөріхан Ебергенов, Бақытжан Құдайбергенов, Оспан Қарашбаев сынды ел ағалары жарысқа қатысушыларға және мерейлі жас иесіне құттықтау тілектерімен қатар, спортшыларға сәттілік тілеп жарыс шымылдығын ашты.


Осылайша өткен жұмада бастау алған жарыс апта соңында өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар анықталды. Бас-аяғы 200-ге тарта балғын спортшы қатысқан сында жүлдегер атанған спортшылар бағалы сыйлықтармен марапатталып, мерейлері үстем болды.
М.ӘЛМАХАН.