Отырар ауданы, Темірбек Ибрагимов атындағы жалпы орта мектебінде
тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында облыстық ашық біріншілік өз
жалауын көтерді. Спорттық шараның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі
Ерлан Айтаханов Кеңес Одағының батыры Т.Ибрагимовтың білім шаңырағының
алдына орналасқан еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына
тағзым етті.
Биыл оныншы рет өткізіліп отырған біріншіліктің ашылу салтанатында
аудан басшысы Е.Айтаханов Ұлы Жеңістің 74 жылдығымен құттықтады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан
Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық
мақаласында өнер бен мәдениетті, салт-дәстүр және ұлттық спорт түрлерін
дамыту қажеттігін ерекше атап өткендігіне тоқталған аудан әкімі жарысқа
қатысушы балғын спортшыларға сәттілік пен толағай табыстар тіледі.
Жарысқа өңіріміздің аудан, қалаларынан бөлек Алматы қаласы мен Ақтөбе,
Жамбыл облыстарынан жалпы саны 16 команда, 180-нен аса жасөспірім
тоғызқұмалақшылар қатысты. Екі күнге жоспарланған облыстық біріншіліктің
жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне естелік медальдар мен бағалы сыйлықтар
табысталады.