Домой Мәдениет ҚЫЛУЕТ ЖЕР АСТЫ МЕШІТІ XII ҒАСЫРДА САЛЫНҒАН

ҚЫЛУЕТ ЖЕР АСТЫ МЕШІТІ XII ҒАСЫРДА САЛЫНҒАН

Қылует жер асты мешіті, ХІІ-ХV-ХІХғғ. Республикалық мәртебеге ие ескерткіш. XII ғасырда салынып XX ғасырдың бірінші жартысына дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрған, жартылай жер астында орналасқан ортағасырлық діни құрылыстардың бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің оңтүстігінде 120м қашықтықта орналасқан. Координаттары: 43˚17.776΄,068˚16.247΄ Теңіз деңгейінен биіктігі 228м.

Ғалымдардың айтуынша «қылует» сөзі арабша «халуатун» яғни жекелену, оңашалану деген мағынадан шығып, Жаратушыға дүниеден бөлек, оңаша отырып құлшылық жасайтын орын деген мағына береді. Мұнда негізінен ғұрыпты құлшылықтың біріне жататын «зікір» ғибадаты орындалатын болған. Қожа Ахмет Ясауи пайғамбар жасы 63-ке толғанда қылуетті арнайы салдырып, қалған өмірін осы жерде өткізгендігі зерттеушілердің еңбектерінде кездеседі. Сонымен қатар, мұнда көптеген шәкірттерін тәрбиелеп, Диуани хикмет, Мират-ул-қулуб, Пақырнама және т.б. көптеген еңбектерін жазып қалдырады. Жалпы саны 18 бөлмеден тұрады. Қазіргі қалпына келтірілген жер асты мешітінде үш есік бар. Құрылысты салу барысында діни әдет ғұрыптарды орындауға қажетті және адам өмір сүруі үшін барлық жағдай қарастырылған. Мұнда Жамағатхана, Мешіт, шаруашылық қызметіне арналған, ыстық су дайындайтын, жуынатын, дәрет алатын және асхана бөлмелері толық қарастырылған. Бұдан бөлек, мұнда Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төрт метр жер астында орналасқан «Ғар» бөлмесі түпнұсқа күйінде сақталған. Бір адамға арналып салынған бұл бөлменің қабырғалары және күмбезі төрт бұрыштанып, күйдірілген кірпіштен қаланып «Балхы» тәсілі бойынша жабылған. Қылуеттің ең үлкен бөлмесі болып Жамағатхана саналады және осы бөлмеде ғана терезе орнатылған. Сонымен қатар, Жамағатханада қылуеттің күмбезі орнатылған. Жер асты құрылысының төбесі ішкі жағынан ағаштан тұрғызылып, шатыры темірмен қапталған. Шатырын ұстап тұру үшін арнайы бағандар қойылған. Барлық бөлмелерде шам қоюға арналған ойықтар кездеседі. Биіктігі ішкі жағынан 4,8 метр, ұзындығы 20,9 метр, ені 14,7 метр, бағана биіктігі 3,8 метр, жалпы күмбезбен қоса есептегенде биіктігі 6,4 метр. Ұлы отан соғысы жылдары құрылыс бұзылып, кірпіштері май зауытын салуға жұмсалған. 1972-1973 жж. Т.Н.Сенигова, 1979 жылы Е.А.Смағұлов жүргізген археологиялық зертеу жұмыстары нәтижесінде ХV-ХVІғғ. тән «Қылуеттің» орны анықталып, сәулетші ғалым А.Л.Шмидтің 1942ж. жасаған макеті бойынша қайта қалпына келтірілді. Зерттеу және қалпына келтіру барысында қылуеттің құрылысы бірнеше кезеңнен тұратындығы анықталды. 1994 жылғы «Қазақстанның тарихи-мәдени ескерткіштер шежіресінің» Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жинағына №590.11 санды нөмірімен енгізіліп мемлекет қарауына алынған.