Айтыс өнері — қазақтың қанына сіңген бекзат өнер. Бабалардан қалған осы өнерге елеңдемейтін қазақ жоқ. Еңсе тіктеген баласынан еңкейген қариясына дейін суырып салма ақындарды тыңдаудан жалыққан емес. Топырағы киелі Түркістан өңірінде аламан айтыстар ұдайы ұйымдастырылып келеді. Соның бірі – «Түркістаным — Тұраным» және жазушы, ақын Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығына орай қалалық ақындар айтысы. Жыр додасына Түркістан қалалық мәдениет үйі мұрындық болды.
Жас ақындардың аяқ алысы мен шабыстарын байқап, әділ төрелігін танытар қазылар алқасының құрамында айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері, балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Шойбеков Бекарыс Ақсақалұлы, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Тарих ғылымдарының кандидаты, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, «Сәбина» балабақшасының меңгерушісі, «Профессор Құлбек Ергөбек зияткерлік бастауыш мектебінің» құрылтайшыларының бірі – Адырбек Баян Садыққызы, айтыскер ақын, «Өнер» мектебінің директоры Тлеулиев Тұрар Сәрсенбайұлы болды.
Ұлы Дала елі орталығында өткен айтысты көрмекке ақ жаулықты әжелер мен мектеп оқушылары қатысты. Ұзын саны 10 айтыскер ақын 5 жұпты құрады. Дүбірлі айтыста ақындарамыз Сырбай Мәуленовтың 100 жылдығын тақырыпқа арқау етіп, жырдан шашу-шашып, бір-біріне өткір сұрақтар қойып, ұтымды жауаптар қайтарып, айтыс сүйер қауымның көңілінен шығып, көрермендерді желпіндіріп отырды.
Шындықты домбыраның шанағына сыйдырған ақындардың өнеріне көрермен риза болды. Сахнаға шыққан екінші жұпта суырыпсалмалылығымен дес бермеді. Сөзден сүрінбеді. Ғасырлардан бері халықпен біте қайнасқан айтыс кезегін Мейіржан Мейірбекұлы мен Бекарысұлы Шахмардан жалғады. Көпті күлдіріп, айтыстың жарасымды үлгісін көрсетті. Бірін-бірі әзіл қалжыңмен қағытып отырды. Жыр додасында бақ сынаған ақындар сөзге шешендігі мен ой ұшқырлығын көрсетті.
Айтыстың марапаттау рәсімінде сөз алған ҚР Мәдениет қайраткері, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Шәмет Лиза Төлегенқызы жас ақындардың шығармашылығын шыңдап, бабалардан мұра болған төл өнерімізді насихаттау, рухани шаһар Түркістанды жырға қосатын жас ақындарды әркез қолдау керек. Аз да болса саз көрерменнің көңілінен ақындарымыз шыққандығын жеткізді. Ойдың тұнығын, сөздің шымырын теріп, көрерменді қуантқан жыр жампоздарына қаржылай сыйақы сертификаттары мен қала әкімінің Дипломы табыс етілді.
Айтыс нәтижесі бойынша Бас жүлдені бабы мен бағы қатар шапқан «Өнер» мектебінің қатысушысы Жарылқап Мейіржан Мейірбекұлы еншілесе, І орынды Бекарасұлы Шахмардан місе тұтты. Ал ІІ орын Мұхаметхан Исламханға бұйырса, ІІІ орынды Диханбай Ерсайын қанжығасына байлады.
Одан өзге «Қаныбек Сарыбаев» атындағы номинациямен Мұхит Құрбанбеков марапатталса, «Әбдікерім Манапов» атындағы номинация Баянбай Ахметрасулға берілді. Төрт айтыскер қатысқаны үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды.
Төл өнерге шөлдеген көпшіліктің құлақ құрышын қандырған айтысқа жиналған көрермен ризашылықпен тарасты.