Домой Мәдениет ТҮРКІСТАНДА ҚАРТТАР МЕН АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ҚАРТТАР МЕН АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

Бүгін Түркістан қаласында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысып, ақсақалдар мен әжелерді құттықтады.

– Қадірлі ақсақалдар! Аяулы ақ жаулықты әжелер! Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Қазақ бағзы заманнан қарияларды халықтың баға жетпес қазынасы санап, олардың батасын алуды мәртебе көреді. Бұл қасиет атадан-балаға мұра ретінде дәріптеліп келеді. Мемлекет тарапынан қарттарды қолдау үшін бағдарламалар іске асырылып, әлеуметтік қолдаулар көрсетілуде. Түркістан облысында 185 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Оның ішінде 14-і Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 4 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Жыл сайын облыстық бюджет есебінен демалыс орындарында 8 мыңға жуық қария демалып, денсаулығын түзейді. Өңір әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ардагерлерімізге қолдау көрсетілуде. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде 16 мыңға жуық ардагерге қоғамдық көліктерде тегін жүруге, коммуналдық қызметтерді өтеуге жеңілдіктер қарастырылды. Одан бөлек те түрлі қолдаулар тұрақты жүргізіледі. Мерекелік іс-шаралар облыстың барлық аудан, қалаларында жалғасын табады. Түркістан өңірінің дамуына үлес қосып, аянбай қызмет еткендеріңіз үшін бас иеміз! Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Мерекелік шара барысында еңбек жолымен үлгі болып жүрген аға буын өкілдері облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың және Облыстық ардагерлер кеңесінің алғыс хаттарымен марапатталып, құрмет көрсетілді. Қариялардың құрметіне мерекелік дастарқан жайылды. Концерттік бағдарлама ұсынылып, әннен шашу шашылды. Мағыналы ойлар айтылды.

Айта кетейік, бүгінде 1 айлық көрсеткіш мөлшерінде 300-ден астам 80 жастан асқан жалғызілікті қариялардың зейнетақыларына үстемақы төленіп келеді. «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйлерінде 8 мыңға жуық ардагер денсаулығын түзеуге мүмкіндік алды. Жеңіс күніне орай ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн. теңге көлемінде қаржылай көмек берілді. Жеңіске үлес қосқан өзге де 4273 тыл ардагеріне жалпы 175,5 млн. теңге көлемінде біржолғы қаржылай көмек көрсетілді. Арыс, Кентау, Түркістан қалалары мен Жетісай, Мақтаарал, Ордабасы, Отырар, Келес, Сарыағаш, Сауран, Созақ, Түлкібас, Шардара аудандарында ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталықтары ашылды. Бұл бағытта жұмыс жалғасады.