Домой Мәдениет ТҮРКІСТАНДА АҚЫН ЕЛДІҢ АРДАҒЫ АТТЫ КЕШ ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА АҚЫН ЕЛДІҢ АРДАҒЫ АТТЫ КЕШ ӨТТІ

Кеше ақын досым Санжар Ғұламамен кездесу кеші қаладағы Қ.А. Ясауи атындағы кәсіби колледжде «Ақын елдің ардағы» тақырыбында жалғасын тапты. Іскер басшы Алтынбек Кенжалиев басқаратын білім шаңырағында өткен жылы жүздесуге студенттер мен оқытушылар құрамы қатысты. Кештің тізгінін Алтынбек мырза өз қолына алып, ақын Санжармен сырлы сұқбат өрбітіп, студенттердің сауалдарына кеш иесі жауап берді. Келелі кездесудің кейіпкері — Санжар Ғұлама өмір дерегінен сыр шертіп, әдемі әңгімеге шығармашылық бағытта жеткен жетістіктерін арқау етті. Әрбір өлеңнің тақырыбын айшықтап, жаңа кітаптың ерекшеліктеріне тоқталды. Өзі жазған сезімге толы өлеңдерін оқып, көпшілікке ой саларлық дүние ұсынды. Екі сағатқа созылған кеш барысында өлеңсүйер қауым арасынан Санжар ақынға жазылған арнаулар оқылып, студенттер ақын туындыларын тебірене жатқа айтты. Кеш соңында ағалығы мен даналығын көрсеткен колледж директоры Алтынбек мырза ақынның иығына жібек шапан жауып, бағалы сыйлығын ұсынды. Қасына қолдау көрсете ере барған мені де елеп, ескеріп, қазақы нақыштағы камзол кигізіп, гүл дестелерін ұсынды. Ақынды ардақтай келген озық идеялары мен ойларын ортаға салған буын естелікке суретке түсіп, қонақты қимай тарасты. Жалпы, Алтынбек Кенжалиев осы кезге дейін Санжар Ғұламаға ағалық қамқорлығын аямай, шығармашылық жетістіктеріне шын қуанып жүрген жанашыр жандардың бірі. Кітабының тұсау кесер кешінеде арнайы келіп, ілтипаты мен сияпатын көрсеткен болатын. Жаны жайсан жомарт жан бүгінде Санжар мен оның шығармашылық дамуына алтын көпір болған аптал азамат. Менде өз тарапымнан қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары арасынан алғашқылардың бірі болып кездесу ұйымдастырған Алтынбек Кенжалиев мырзаға алғысымды білдіріп, үлгі боларлық бастамасына риясыз рақметімді жеткіздім.