(Сирия сапары және Сирия сапарында әкелінген жәдігерлер)
ХІХ
ғасырда Әбу Нәсір әл-Фараби мұраларын алғаш зерделеген Бекасыл
Биболатұлынан кейін Қазақстанда Фарабитану ғылымының, негізін қалаған
Ақжан Машанов Дамаскідегі Кіші қақпа алдындағы (Баб-ас-Сағир) мазараттан
жолбасшылықта жүрген Салахиддин ибн Ибрахим Малатияли деген кісінің
көмегімен бабамыздың қабірін тапқан болатын.
2003 жылы Қазақстан
Республикасы Діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Әбсаттар қажы
Дербісәлі және Мұхтар Құл-Мұхаммед екеуі арнайы іс-сапармен Дамаскіде
болып, Әбу Нәсір әл-Фараби және оның қабірстаны жөнінде бірсыпыра
деректер жинақтайды.
2006 жылы бұл үрдіс қайта жалғасын тапты.
Мақсаты ғаламда теңдесі жоқ ғылым иесі атанған Әбу Нәсір әл-Фараби
бабамыз бен мамлюктер билігі тұсында 1260 жылдан 1277 жылға дейін 17
жыл билік құрған, өз өсиетімен Әбу Нәсір әл-Фараби бабамыз жатқан
мазараттың маңына жерленген аса көрнекті мемлекет қайраткері, атақты
қолбасшы Әз-Заһир Бейбарыс сұлтанның «Баб-ас-Сағир» мазаратындағы
зираттарына туған жер топырағын бұйырту, одан бір уыс топырақ алып туған
жеріне салу, мұрасын жинау болатын.
Делегация құрамында Қазақстан
Республикасы Діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Әбсаттар қажы
Дербісәлі, «Білім» баспасының директоры Жарылқасын Нұсқабайұлы, Әбу
Нәсір әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің ректоры Төлеген
Қожамқұлов, Отырар ауданының әкімі, демеуші Әлімжан Құртаев, сол кездегі
қоғамдық негіздегі музейіміздің негізін қалаушы Отырар руханияты – Әбу
Нәсір әл-Фараби музей-кітапханасының меңгерушісі Абдулла Жұмашев
(қазіргі «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби музейі» МКҚК) «Хабар»
агенттігінің журналистері бар.
Сирия елі– ежелгі замандардан – ақ
Жерорта теңізінің шығыс қапталында батысынан Англия, Испания, Италия,
Греция, Мысыр, Тунис, Шығыстан Арабия, Индия, Қытай кемелері тоғысқан
тоғыз жолдың торабындағы ел болған.
Дамаск – Шам шаһары Барада
өзенінің бойындағы адырлы алқапқа орналасқан әлемге әйгілі Таяу
Шығыстағы көне мәдениеттің бір ошағы.
Дамаск жеті қақпалы қала
болған. Бабамыз талай кіріп, талай шыққан Баб Шарқи (Шығыс Қақпа), Баб
Таума, Баб Қайсан, Баб ас – Сағир (Кіші Қақпа) секілді қасиетті қала
қақпаларының ізі осы күні де бар. Әбу Нәсір әл – Фараби бабамыз
жерленген зират сол Баб ас – Сағир (Кіші Қақпа) жағында. Бұл туралы
ортағасырлық араб тарихшыларының өзі бірауыздан мойындап еңбектерінде
атап жазып кеткен. Мәселен, Араб жылнамашысы Ахмад Ибн Халлиқан (ХIII
ғ.) «Китаб уафайат әл – ағйан уа анба абна аз — заман» («Ұлы адамдардың
қазасы және заманының ұлдары жайлы мағлұматтар туралы кітап») атты
еңбегінде («Аса ірі фәлсафашы») «… Ол бау ішінде, бұлақ басында күн
өткеріп, шығармаларын жаза берген… Оның өз үйі болмаған. Ол ешқашан
да өз қамын ойламаған, өте қарапайым жан еді. Сайф ад – Даула оған
қазынадан күн сайын 4 дирһам беріп тұруды бұйырған, өйткені әл – Фараби
осы мөлшерді қанағат еткен. Өле өлгенше осылай күн кешкен де, хижраның
339 жылының раджаб айында Шамда дүниеден қайтқан. Алла – тағаланың
рахымы түсіп оған Сайф ад – Даула серіктерімен бірге оны жерлеуге
келген. Осы кезде әл – Фараби 80 жаста еді. Оны Шам шаһарының сыртындағы
«Баб ас — Сағирда» («Кіші Қақпада») жерленген. Алла – тағалам оған иман
байлығын берсін. … әл – Фарабидің ныспысы Фараб шаһарына байланысты
алынған, қазір — Атрар деп аталады. Бұл қала Шаш шаһарының арғы
жағында… Бұл өзі – түркілердің астана қалаларының бірі… Сайхун
өзенінің арғы жағында…» — деп Әбу Нәсір әл – Фарабидің «Баб ас –
Сағирда» жерленгенін, Сайхунның (Сырдария) арғы жағындағы Фараб (Отырар)
шаһарында туылғанын тайға таңба басқандай жазып қалдырған.
Мазарат
екі бөліктен тұрады. Айналасы биік тас қабырғамен қоршалған. Бұрыштарына
мешіт, мұнаралар салынған. Әбу Нәсір әл – Фарабидікінен басқа
құлпытастардың барлығы дерлік бір үлгіде қашалып қойылған. Әбу Нәсір әл –
Фараби дәріс алған, дәріс берген медресе, Сұлтан әз – Зәһир Бейбарыс
пен баласы Сайд Заһирұлы жерленген Мешіт – кітапхана – кесене осы маңда.
Мысырды 17 жылдан астам уақыт билеген әл — Мәлік әз – Заһир Руки әд –
Дуние уә әд – Дин Бейбарыс әл – Бундуктари ас – Салиһи сұлтанның Мысыр
пирамидаларындай пирамида салуға күш – құдіреті жетсе де, Әбу Нәсір әл –
Фараби сағанасын сағалап «Баб ас – Сағир» (Кіші Қақпа) маңынан осы
кесене – мешіт — кітапхананы салдырып, өз өсиеті бойынша осында
жерленген. Сұлтан әз – Заһир Бейбарыс пен оның ұлы Сайд Заһирұлының
қабірі ақшыл, көкшіл, сарғыш түсті мәрмәр плиталармен тұтастай төрт
бұрышталып жабылып, үсті қосшатырланған. Жалпы биіктігі 70 см шамасында.
Төбеде үлкен көне шырағдан жарқырай жанып, қабірлерге нұрын төгіп тұр.
Құлпытасқа арабша «Һәзә зарийһу ал-малики Саåйди ғаффира лаһу сана ٦٧٦.»
деп жазылған. Оның қазақша аудармасы «Бұл құлпытас Сайд патшаға
қойылды. Хижраның 676 жылы» деген сөз екен. Қабірстанға жапсарлас
медресе мен кітапхана салынған.
Әбу Нәсір әл – Фараби құлпытасының
ұзындығы 2 метр 27 см; биіктігі 73 см; ені 1 метр 26 см; үстіңгі бетінің
ұзындығы 2 метр; ені 95 см шамасында екен. Ал, бәдізделген көне жазулы
бедер тастың ұзындығы 44см; ені 37 см; қалыңдығы 11,5 см; бас жағындағы
қазіргі жазуы бар ақ мәрмар тақтаның ұзындығы 83 см.
Сирия сапары
2008 жылы қайта жалғасын тауып «Қазқайтажаңғырту» республикалық
мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры Қанат Тұяқбаев, Сирияның
Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех, «Дара», ЖШС-нің президенті,
архитектор Алмас Жансүгіров және Абдулла Жұмашев Сирияда болып,
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен
Сирия Араб Республикасының Президенті Башар Асадтың келісімі бойынша
қайта жаңғыртылып жатқан Султан әз-Заһир Бейбарыстың
кесене-кітапхана-мешіт-медресесінің құрылысымен және келісімге орай, Әбу
Нәсір әл-Фараби бабамыздың басына этно-мәдени орталықтың құрылысы
жоспарланды.
2012 жылы Ұлы ғалым Әбу Нәсір әл – Фарабидің мазары
зират пен тұрғын үй кешенінің тоғысқан жерінде орналасқандықтан тарихи –
мәдени орталықтың құрылыс жобасында осы ерекшелік ескеріліп, ғимарат
Дамаск қаласы тұрғын үй кешендерінің әдеттегі призма тәрізді –
төртбұрышты, қуысты шықпа есікті, көгалды аула үлгісінде салынды.
Тарихи – мәдени орталық – бұл бір жақтан ескерткіш, екінші жағынан
қазіргі заманның сәулет тілімен айтылған ғасырлардан асқан адамзат
ойының жетістігі, Ұлы адамды қабылдаған елге аманат белгі, туған ел
ескерткіші.
Қазіргі кезеңде қорымыздағы Әл Фарабиге қатысты негізгі
қор жәдігерлері ішінен құнды болып саналатын Сирия сапарынан әкелінген
құлпытас бөлігі мен бір уыс топырағы сонымен қатар уд музыкалық аспабы.
2006 жылғы Сирия сапары туралы делегация құрамында болған Абдулла
Жұмашев ағамыздың «Егемен Қазақстан» газеті 26.07. 2006 жылы «Бір уыс
топырақ» тақырыбындағы мақаласында жарияланған. Сол мақаланың бір жол
үзіндісінде былай дейді; «Шырақшы бізді қабірстанның төр жағындағы
үстіңгі қабаты құлауға айналған екі қабатты үйге жапсарлас салынған,
төбесі қос тіреумен бастырма іспеттеліп жабын жиегі кәсекеленіп
жабылған, үш жағы қазақтың алашасының тініндей бір – біріне жалғасқан
мүйіз өрнекті темір шарбақпен қоршалған жайға алып келді. Шарбақтың ені 2
метр 30 см; ұзындығы 7 метр 45 см; биіктігі 3 метр шамасында екен.
Ішінде бес қабір тұр. Бізге дейін осында болған Ақжан Машанов, Нұрмахан
Әметұлы Қошқарбаев, Мұхтар Құл – Мұхаммед түсірген суреттерден көзімізге
оттай басылған төрдегі оқшау қабірдің Әбу Нәсір әл – Фарабидікі екенін
бірден білдік. Оның үстіне, әрі жетекшіміз, әрі шығыстанушы аудармашымыз
Әбсаттар қажы Дербісәлі Әбу Нәсір әл – Фараби зиратының аяқ жағына
қойылған бір сұлбасы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің
қасбетіне келетін өрнекті, күмбезді, арқалы бедер тастағы бәдізделген
іздері өше бастаған көне жазуды да, оның ақ мәрмәр тақта тасқа
көшіріліп, қабірдің бас жағына орнатылған жаңа нұсқасының да арабша
мәтінін оқып, қазақшаға аударып берді. Соның біз жазып алған алты жолдан
тұратын қазақ тіліндегі нұсқасы мынау: «Әл – Фатиха (1-ші жол),
Бисмиллаһи ир — рахман ир – рахим (2-ші жол), бұл зират мұсылман ғалымы
және философы және әдебиетшісі және музыканты (3-ші жол), Мұхаммед бин
Мұхаммед бин Тархан бин Узлах (4-ші жол), Мәшһүр Әбу Нәсір әл –
Фарабидікі (5-ші жол), хижраның 260 жылы Фарабта туды және хижраның 339
жылы Дамаскіде опат болды (6-шы жол).»
Бәріміз де баба құлпытасына
басымызды қойып тәу еттік, құран оқыдық, тебіреніп, егіліп, 1050 жылдан
кейін қабіріне туған жері – Отырардың топырағын салдық, үстіне гүл шоғы
деп исі аңқыған жусан мен дерменесін қойдық. Осы кезде Сирияның салқын
самалы соқты. Біз мұны Арыстанның желіне баладық. Бұл 2006 жылдың 9 –
наурызы, яғни Бейсенбі күні болатын.
Біз қайтар кезде құран оқып
Әбу Нәсір әл – Фараби бабамыздың қабірінен туған жеріне салу үшін бір
уыс топырақты ақ орамалға түйіп арулап алдық. Сондай – ақ қабірстанды
суретке түсіріп, техникалық сызбасын алып, бабамыздың ескі мәрмәр
құлпытасының уақыт табының әсерінен сынған сынығының бір бөлігін
Отырардағы әл — Фараби музейіне қоюға сұрадық. Сөйтіп, 1050 жылдан кейін
бабамызға «Туған жерінің бір уыс топырағы бұйырмады — ау» деген
өкініштің орнын толтырғандай болып, исі қазақтың аманатын орындап,
Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлах Әбу Нәсір әл – Фараби
бабамыздың қабіріне туған жер топырағын – қазақ топырағын салып, топырақ
алып, «Баб ас – Сағирда» жерленген Мұхаммед пайғамбарымыздың қызы Ғафса
анамызға, Әбу Нәсір әл – Фараби бабамызға, басқа да кісілерге Алла –
тағалам оларға иман байлығын берсін деген тілеумен сағынып та, қимай да
қоштастық».
Жоғарыда көрсетілген мақаланың тағы бір жолында уд
аспабы туралы былай деп жазылған. «Заманында Әбу Нәсір әл – Фараби
бабамыз қала зиялыларымен барып дәм татып тұрған ежелгі бір дәстүрлі
дәмханаға барғанымызда, «Рух» биін билеген биші жігітті саз әуенімен
сүйемелдеп отырған музыканттың қолынан бабамыздың «Музыканың ұлы кітабы»
атты трактатында сипатталған «уд» деген музыкалық аспапты көріп музейге
сұрап, сатып алдық. Бұл өзі о баста араб өнерінің бір саласы түрінде
дамып, кейін ұлттық өнер саласы ретінде бөлінген, әуені жағынан ладтық
жүйеге (мақамдар) құрылған Сирияның ұлттық және дәстүрлі музыкасында
кеңінен қолданылатын рабаб, гиджак, канун,т.б. секілді музыкалық
аспаптардың бірі екен. Уд он екі ішекті, үлкен шанақты, қақпақты,
пернесіз, шертпелі аспап. Ал, «Рух» биі дегеніміз адам өлмейді, тек жан
тәннен бөлініп, аспанға рух болып ұшып кетіп, Алланың алдына барады
дегенді меңзейтін би түрі. Аппақ ақ шапан, ақ тақия, ақ шалбар, киіп
ұршықша үйірілген араб жігітінің биін көргенде шынында да рухты
көргендей боласың. Би бітіп, биші жігіт қазықтай қатып бірден тоқтағанда
өзіңді жеңіл ғана рух болып ұшып кеткендей сезінесің…»
Қортындылай келе Сириядан әкелінген жәдігерлер ішінен Фараби
еңбектерінің қайта көшірілген және Фарабиге қатысты өзге де еңбектері
жалпы саны 23 дана. Бұл еңбектер ішінен Ізгі қала тұрғындарының
көзқарасы туралы трактаты, Саясат жайындағы рисала, Әбу Нәсір әл-
Фарабидің тіл философиясы, Әл-Кенди және әл-Фараби терминдерінің
энциклопедиясы секілді тақырыптарда кездестіруге болады.
Руханият-Әбу Нәсір әл-Фараби
музейінің бас қор сақтаушысы Қ.Құдабай