От ауызды, орақ тiлдi, өршiл ақын Қаныбек Сарыбаевтың шығармашылығының уақыт өткен сайын бағасы артып келеді. Мәртебелі оқырманның сүйікті ақынына айналып, әдебиет әлемінде көркем қолтаңбасын қалдырған ақынның шығармашылығындағы найзағайдай жарқылдаған жойқын да қуатты жырлар, сағыныш сезімі тербеген тұнық та терең өлеңдердің шоқтығы биік. Туған жер топырағынан нәр алып, Түркістан туралы тамаша жырларды жарыққа шығарған қарадауыл Қаныбек Сарыбаевтың өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
ПОЭЗИЯ
Поэзия
Сарайыңды тазалап,
Тұру керек, тұру керек азамат.
Көктен түскен Құраныңның өзі де
Өлеңменен жазылуы ғажап-ақ!
Ауызынан атылғанда сөз-жалын,
Ақыныңның айтатыны өз зарың.
Қамқорыңның қадіріне жетпесең –
Қайда сенің есейгенің, озғаның?!
Ақыныңа көңіліңді суытпа,
Сылтау іздеп неғыласың сыныққа?..
Құдайға адал құлшылыққа бекінсең –
Оның да ақын екендігін ұмытпа!
13.11.1993
ЖҰЛДЫЗДАРҒА НАЗ
Тізілген жұлдыздарым төбемдегі,
Менімен істерің жоқ төмендегі.
Сендердің айтқаныңмен жүремін деп,
Кәнеки, көсегемнің көгергені?!
Білмеймін сорлымын ба, күштімін бе,
Сенімім сендерменен ұшты бірге.
Қол созған мен байғұсқа қайсың барсың,
Жалғыздық жағдайымның мүшкілінде?!
Табаным жерге тимей жүгіргенде,
Наз айттым аруақтарға бүгін мен де.
Соларды паналағым келер барып,
Опасыз тірілерден түңілгенде.
Жамылған қызыл-жасыл жарнаманы,
Пиғылы көбісінің малдан әрі.
Аяққа Абай сөзін басып тұрып,
Абайға адалмыз деп қарғанады.
21.11. 1993
ЖАНАЙҚАЙ
Әулиедей сенгенім –
Алаяққа айналды:
Қарс айрылып өңменім,
Тілім біраз байланды…
Дей алмаймын жеңемін,
Менікі жәй жеке дау:
Коммунистер дегенім –
Коммерсанттар екен-ау!
Атеистер…
молдалық
Жасайды енді шетінен.
Осыларға алданып,
Келгеніме өкінем!
Заманаға кіл көрік –
Солар десек білікті,
Жалған лақап бүркеніп,
Шпион боп жүріпті.
Сейіледі,
ал, кәйтіп,
Көңілімнің секемі –
Тақыр жерге талтайтып
Отырғызып кетеді!
Бәрі қызыл шырайлы,
Ел ырзығын жырымдап:
Арзымасқа –
сұрайды
Әкесінің құнын нақ!
Қанайтын жұрт еңбегін,
Қумен басым піспеді:
Қолдарынан келгенін
Маған да олар істеді.
Сәл шалқысам – жазғырып,
Даңғырата сөз қылды:
Жанұямды азғырып,
Табанымнан тоздырды…
Ленинді алдап тісқаққан –
Аллаңызға адал ма?
Құтылдық деп қыспақтан –
Құтырғанын бағамда!
Елден ұят есіткен,
Дін заңын да бос етті:
Шыға салып мешіттен,
Қаулатады өсекті!..
Тұрпайымен кейісте
Өтпеп еді қай айым?
Олар барған пейішке –
Мен бармай-ақ қояйын!
Мені ойлайды-ау киіз деп,
Төмпештеумен әлі жүр.
Онда да олар мүйіздеп,
Күн бермейді, бәрібір!
Мен емеспін боркемік,
Тозағыңнан жиренбен!
Өмір бойы өртеніп,
Отыңа әбден үйренгем!
Қара ниет наданға
Құдай рахым етсе егер –
Онда менің оған да
Ретім жоқ өкпелер!
15.09.1993
Айдар Сейдәзім — 1980 жылы 26 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданы, Ақжол ауылында туған. Ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Жазушылар Одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы. Сондай-ақ, Елбасының Алғыс хаты мен «Халық алғысы» төсбелгісінің иегері. «Жапырақ ғұмыр» жыр жинағының авторы, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
ТҮРКІСТАНҒА ТАРТУЫМ
Құшағымен гүл құшқан,
Шайырын кеп жыр қысқан.
Тотыдайын таранып,
Түрлен, түле, Түркістан!
Сән бер барша маңайға,
Шуақ шашып арайла!
Тарихыңмен тым терең,
Таңдай қаққыз талайға.
Талай заман қаһарын,
Көрдің езгі, отарын.
Бейбіт күнгі ендігі,
Жаса,жайна, шаһарым.
Құлпыр, жайна күнде өзің,
Өйткені бұл гүл кезің.
Кесенең тұр көрікті,
Күн аймалар күмбезін.
Қандай ыстық от төсің,
Саған лайық жоқ та есім.
Тұранымның тұмары,
Сен Алашқа Меккесің.
Атың айға жетеді,
Зулап жылдар өтеді.
Айнал жердік жұмаққа,
Мейірімнің мекені.
Қалай жатқа қиясың,
Құшағыма-ақ сиясың.
Аялайық ағайын,
Ынтымақтың ұясын.
КӨКТЕМНЕН ҮЙРЕН
Көктем, көктем, көктегім кеп,
Көктем гүлдер көкте гүлдеп.
Көкек жыры дертті жазды,
Көктем жұпар өкпені үрлеп.
Көктем, көктем – құстар жыры,
Ғашықтардың құштарлығы.
Қыр мен сайда еріп жатыр,
Қыс – құданың iштарлығы.
Көктем, көктем – бұлбұл әні,
Күн шапағы шұғылалы.
Күн батарда сағым қызыл,
Түнгі оттардай құбылады.
Көктем, көктем, тырна жолы,
Қыстың қалды қырда жоны.
Үйір қойып жылқышы жүр,
Қайнаған көп қыста соры.
Көктем, көктем, жиде гүлі,
Сирек самсар сирень бүрі.
Құлпыр, жайна, қайғыны ұмыт,
Сен көктемнен үйрен мұны.
КҮЗГІ СУРЕТТЕР
Жауын жауып тұр себелеп,
Қолында қыздың қолшатыр.
Ұшып жүр соңғы көбелек,
Айнаға ұқсап жол жатыр.
Саябақ қара ормандай,
Шамдарын жақты шоқтатып.
Үсті басы малмандай,
Жігіт тұр такси тоқтатып.
Аға жүр ертіп күшігін,
Балажан еді әй, неткен!
Құшақтап марғау мысығын,
Әже тұр қарап әйнектен.
Ешкімге алаңдамаған,
Үлгеріп мінді шаққа қыз,
Қозғалды аялдамадан,
Ыңырана сары автобус.
Сатырлап үсті шатырдың,
Арнасын тауып су кетті.
Аялдамада отырдым,
Өлеңмен салып суретті.
- * *
Алып шықпашы қолшатырыңды…
Ләйлі-Мәжнүн боп зарығайықшы,
Қозы-Баян боп сағынайықшы.
Жасымды саған көрсете алмаймын,
Жауын жауғанда жолығайықшы.
Жылы лебізге құлақ тұнғанда,
Шешімді естіп жылап тынғанда.
Басыңды менің кеудеме қоймашы,
Жүрегім өксіп жылап тұрғанда.
Көзіңе жастың моншағы тұңды,
Неге үзесің сонша үмітімді.
Жауын жауғанда жылап алайын,
Алып шықпашы қолшатырыңды.
КҮЗГІ КЕЗДЕСУ
Күзгі бақ, ізгі уақ,
Кешқұрым, ескі мұң.
Ескі мін – кешіктім,
Кешірім есіттім.
Күзгі бақ. Серуен,
Келемін сенімен.
Керемет күй біздің,
Бетіңнен сүйгіздің.
Мінгендей ұшаққа,
Қысылдың құшақта.
Тежемей сезімді.
Сүйем деп өзіңді.
Қатулы қабағың,
Күттім мен жауабын.
Жымиып күлдің де,
Жауабын білдің бе?
Дегендей үн қаттың,
«Келістім, қымбаттым»
Күзгі бақ, ізгі уақ,
Қоштастық біз бірақ.
Жапырақ үзілді,
Жасырып ізіңді.
Шығарып салдым мен,
Күз тектес қызымды.
АЛЛАДАН КЕЙІНГІ ТӘҢІРІМ
Сөзі – бал, мейірімді, жаны – асыл,
Бауыршыл, мейірбан, балашыл.
Ғаламда ғазиз жан таппадым,
Өзіңдей жанашыр.
Анашым жаны – асыл.
Даладай кең неткен пейілің,
Көзіңде бар шуақ, мейірім.
Алаң ғып, елең ғып, өзіңді,
Ренжіткен күндерге кейідім.
Күттірген түндерге кейідім.
Алладан кейінгі Тәңірім,
Әр сөзің, тілегің – әмірің.
Ақ сүтің — зәмзәм ед мен ішкен,
Бойыма сіңдірген тағылым.
Түндерде сен едің періштем,
Жыр арнап жолдады тағы ұлың.
Қабыл ал,
Алладан кейінгі Тәңірім.
ТАҢҒЫ ШЫҚ
Бұ фәнидiң у мен зарын мәңгi iшiп,
Қайғы–мұңның запыранын сан құсып.
Шаршағанда саған тартқым келедi,
Таңғы шық.
Бар маңайым жатқан шақта тартысып,
Тізелеймін тіршілікте талықсып.
Өлгім келген кездерде мен ар құшып,
Саған тартқым келеді,
Күн көзіне күмістенген таңғы шық.
Жалыққанда зарыққанда жалғаннан,
Бас тартамын талғамнан һәм арманнан.
Кейде менің көз жасымнан аумайсың,
Сәттерімде тамып түсер қорланған.
Ей, Таңғы шық, Таңғы шық,
Жүрегімде пайда болды зәрлі ұшық.
Саған тартып таза ғана қалыппен,
Кетсең екем ғарыш жаққа мәңгі ұшып.
Таңғы шық …
Бетті әзірлеген: Дәурен ТІЛЕУХАН