Домой Мәдениет ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАНДЫҚ АҚЫНДАР ТАШКЕНТ ТӨРІНДЕ

ТҮРКІСТАН: ТҮРКІСТАНДЫҚ АҚЫНДАР ТАШКЕНТ ТӨРІНДЕ

Қараша айының 26-30 күндері ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен Өзбекстанның астанасы Ташкент қаласында түркі ақындарының халықаралық форумы өтті. Әдеби форумға еліміздің атынан Қазақстан Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі, ақын Айдар Сейдәзім, алматылық ақын Мұратхан Шоқан, саурандық арқалы ақын, режиссер Сайлаухан Жоланов пен отырарлық ақын Нұрғали Сердалиев және ақын Эльмира Сәрсенбайқызы қатысты.

Сондай-ақ, қазақтың қабырғалы қаламгері, ҚР Жазушылар одағының төраға орынбасары Қасымхан Бегманов пен мемлекеттік сыйлықтың иегері, Түркі дүниесі жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулет айшықты іс-шараның қонағы болды. Халықаралық деңгейдегі әдебиет тойына қатысқан ақын Айдар Сейдәзімнің айтуынша, бұл дәстүрлі форум 1992 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

— «Түркі поэзиясы» фестивалі өзбек ағайындардың атсалысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шекарадан күтіп алып, «Қыбырай» мөлтек ауданында орналасқан Өзбекстан жазушылар одағына қарасты «Дорман» қонақүйіне жайғастырды. Фестиваль екі күнде үш-төрт бөлімнен құралып, екінші күні қазақтың ұлы ақыны Абайдың шығармашылығына арналған мүшәйра өтті. Бұл мүшәйра сайыс негізінде емес, өлең оқумен айшықталды. Қырғыз, өзбек, түрік, қазақ, азербайжан шайырлары арқырап жыр оқыды. Айтпақшы, бұл жыр фестивалі екі жылда бір өткізіліп тұрады екен. Биыл 16-шы рет ұйымдастырылып, бізге де арнайы қатысуға мүмкіндік жасаған ҚР жазушылар одағына алғыс айтамыз, — дейді А.Сейдәзім.

Осы жылдар ішінде фестиваль Түркістан, Алматы, Бұрса, Бішкек, Баку сияқты ірі қалаларда өткізіліп, түркі мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан ақын-жазушыларды танытуға бағытталған. Шара барысында Қазақстан мен Өзбекстанның әдебиет өкілдері үлкен құрметке бөленді. Мысалы қазақстандық ақын Ұлықбек Есдәулет Түркі халықтарының үздік ақыны атанып, өзбекстандық зиялылардың алдында зор мәртебеге ие болды. Ал, екі қазақстандық ақын Өзбекстан жазушылар одағының мүшесі атанып, сый-сияпатқа қол жеткізді. Бұл шара түркі әлемінің әдебиеті мен мәдениетінің терең байланысын көрсетіп, екі елдің ақындары мен жазушылары арасындағы достықты нығайтты. Ал фестивальдің басты мақсаты – заманауи түркі әдебиетінің дамуына үлес қосқан шайырлардың шығармаларын насихаттау. Бұл жолы ақындардың шығармалары «Гүлдесте» атты жинаққа топтастырылып, алдағы уақытта баспаға шығуы жоспарлануда. Өзбекстандық қонақтардың қонақжайлылығы, ақындарға деген құрметі мен жасаған сый-сияпаттары ерекше әсер қалдырды дейді Айдар Сейдәзім. Әсіресе, жазушылар одағының жаңа ғимараты мен Ташкенттің шетінде орналасқан демалыс аймағының салынуы, сондай-ақ ақын-жазушыларға жеңілдікпен баспана беру үрдісі қазақстандық ақын-жазушыларды қызықтырып, таңғалдырғанын айтады.

— Өзбекстандық ақын-жазушылар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты мақтан етіп, біздің аузымыздан суымызды «ағызып» жіберді үш күннің аралығында. Мемлекет басшысы жазушылар одағына жыл сайын 25 млрд сом қаржы бөліп, биылдың өзінде 150 автордың шығармаларын баспадан басып шығарыпты. Жаңа Ташкент мөлтек ауданынан жазушылар одағының жаңа ғимараты мен қала шетінен жап-жаңа демалыс аймағын салып жатыр дегенде қызғанып та, қызығып та кеткеніміз рас. Ол аздай соңғы үш-төрт жылда өзбекстандық ақын-жазушыларға жеңілдікпен баспана беру үрдісі де сәтті жалғасын тауып келе жатыр екен. Әттең-ай, біздің елде де осындай мүмкіндік қарастырылып, ақын-жазушыларға тиісті деңгейде көңіл бөлінсе екен деп армандап та кеттік, — дейді түркістандық ақын.

Бұл фестиваль Түркі әлемінің әдебиеттегі бірлігін, бауырмалдығын және ортақ мұратын тағы да бір мәрте паш етті. Өзбекстандағы өткізілген жыр мерекесі тек әдебиетшілер үшін ғана емес, жалпы түркі халықтары үшін маңызды оқиға болды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған деін де түркістандық жас ақын Дәурен Тілеухан мен Бауыржан Ерман Өзбекстан мемлекетіне барып, еліміздегі шығармашылық жастардың атынан өнер көрсеткен болатын. Ташкенттен басталған әдеби сапарымыздың басты себебі — Бұхара қаласында өтетін түркі мемлекеттері жас қаламгерінің халықаралық форумы болатын. Сәуір айының 16-19 күндері бауырлас елдердің жас қаламгерлері бас қосқан жиын түркі дүниесінің бірлігін нығайтып, әдеби-шығармашылық байланысын жандандыруды көздеді. Түркі елдерінің тағдыры мен мәртебесі, кемелденуі мен келешегі, тұтастығы мен бірлігі турасында әдебиет өкілдері ойларын ортаға салып, ортақ мұрамызды төрткүл әлемге таныстыруға ұсыныстар білдірді. Форумның алғашқы күні ашылу салтанатына  ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қатысты. Мінберде тұрып Қазақстанда болып жатқан табиғи апатқа байланысты бауырлас мемлекеттердің атынан көңіл айтып, түркі мемлекеттерін қолдау білдіруге шақырды. Байсалды болмыспен біртуған елдің жазушысы сөзінің соңында  Мағжанның өлеңін оқып, бізге ғана емес, барша форум қатысушыларына рух сыйлады.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты –

Қырандай күштi қанатты.

Мен жастарға сенемiн!

Көздерiнде от ойнар,

Сөздерiнде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемiн! — деп болашаққа зор сенім білдірген Мағжан ақынның бұл өлеңі форумның басты ұранына айналды. Салтанатты жиыннан соң Бұхара музыкалық драма театрында Сұлтан Раевтың Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романының негізінде жазылған «Найман ана» драмасының жабық көрсетілімін тамашаладық.

Алғашқы күннен-ақ бауырлас қаламгерлермен әңгімеміз жарасып, әр елдің әйгілі қаламгерлерін түгендеп шыққан едік. Форумның келесі күндері Бұхарадағы орталық кітапханада өткен келелі кеңес, мазмұнды жиындарға ұласты. «Көркем аударма — халықтарының әдебиетін жақындату құралы» тақырыбындағы шеберлік сабақтары мен шығармашылық кездесулер жиналған жастарға үлкен тәжірибе алаңы болды десем артық емес. «Біздің міндет — әдебиет арқылы туыс елдерді бірлікке шақыру» деді Өзбекстан Жазушылар Одағының төрағасының орынбасары Батыржан Эргашев. Ақыл-кеңесін айтып жатқан әрбір тұлғаның мүддесі — бауырлас ұлттардың бірлігін нығайтып, әлемдік аренадағы ықпалын күшейту екенін аңғару қиын емес. Осындай ортақ мақсатқа ойысқан түркі әдебиетінің талай белесті бағындыратына күмән жоқ. Айта кетейік, форум аясында өлеңдеріміз өзбек тіліне аударылып, алдағы уақытта Ташкент қаласынан жарық көретін әдеби журналда жарияланатын болды. Бұдан бөлек  Түркиядан келген аркадаш ақын Фетиһ Сұлтан Йылмаз да өлеңдерімізді түрік тіліне аударып, Анкарадан шығатын әдеби журналда басылатынын айтып қуантып қойды. Қырғызстан мен Әзірбайжаннан келген қаламгерлермен де тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі халықтары әдебиеті өкілдерінен ғаламат өлеңдер оқылып, әуезді әндер шырқалды. Айтулы Бұқар жыраудың «Еліңнің қамын же, Есіліп кеңес айт» дегеніндей, елдің атынан біз де көптен көкейімізде жүрген ойларды жеткіздік.

Сонымен, «Мың күніме татиды, Бұхарада өткен бір күнім дегендей» тарихи шаһардағы түрлі мәдени орындарға барып, Бұхараның көрікті жерлерін тамашалап тауыса алмадық. Қайтар жолда Өзбекстанның бас қаласына барып, бес күндік саяхаттың соңғы күнін Ташкенттегі қаламдас бауырлармен өткіздік. Батыржан Эргашев бастаған ақындар бізді ұлттық саябақта орналасқан Өзбекстан Жазушылар одағының ғимаратына бастады. Ақын-жазушыларға қолдау көрсету, олардың шығармашылығы насихаттауға ықпал жасауда ала қалпақты ағайындардан үйренеріміз көп екен. Әсіресе, мұндағы 20 жастан енді асқан бозбала мен бойжеткендердің тырнақалды туындылары кітап боп басылып, кем дегенде 10 мың данамен күллі республикаға таралатыны қуантты. Сондай-ақ, жазушылар одағындағы қаламгерлерге арналған музейдің де ерекше компазициялармен кескінделгені келуші қаламгерлерге үлкен әсер сыйлады.  Бұдан бөлек ұлттық саябақта орналасқан «қаламгерлер аллеясы» көрген кісіні тәнті қылмай қоймасы анық.

Саябақтың биігінде тұрған Әлішер Науаидың ескерткіші Өзбекстан тарихындағы барлық белгілі қаламгерлерге бағдар боп тұрғандай. Бұдан бөлек ұлттық саябақта қазақ оқырмандарына етене таныс  Өзбекстанның халық ақыны Мұхаммад Юсуфтың ескерткіші «менмұндалап»  тұр. Қонақжай елге құрметімізді білдіріп, біз де Мұхаммад Юсуфтың ғашықтық тақырыбындағы ғазалын қазақ тілінде оқып бердік. Аталған аллеяда орналасқан әйгілі шайырлар шығармашылығымен егжей-тегжей таныстырған өзбек қаламгерлерінен туған тарихына, әдебиетіне деген махаббатты айқын аңғардық. Жалпы айтқанда, туысқан ел тағдыры мен тарихынан біраз тың мәліметтерді көзбен көріп, көңілге түйдік.  

Осы сапарға мұрындық болып, түркі әдебиетінің бүгінгі аяқалысымен жақын танысуға мүмкіндік берген Қазақстан Жазушылар одағы екенін ескерте кетейік. Ташкент пен Бұхара қалаларындағы сапарымыздың сәні болған Өзбекстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, өзбек шайыры Батыржан Эргашевке, барша өзбек қаламгерлеріне алғыс айтамыз. Сөзіміздің соңын Бұхараны көргендегі алғашқы әсерден туған экспромт-өлеңмен қорытындылағанды жөн көрдік:

Бабаларым бақыт тапқан кешегі,

Беу, Бұхара,

Мыңжылдықтар мекені!

Тәубемді айттым,

Табан тіреп сендегі

Көріп мынау көркем, көне көшені.

Алшаң басқан алты Алаштың жауһары —

Алла берген аманатым осы еді.

Дүркіреген даңқты шаһар бұйырған,

Түркілердің майдай бағы бес елі!

Дәурен ТІЛЕУХАН.