Домой Мәдениет ТҮРКІСТАН: ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАНДАРДЫҢ ҚИЯЛЫНДА ШЕК ЖОҚ

ТҮРКІСТАН: ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАНДАРДЫҢ ҚИЯЛЫНДА ШЕК ЖОҚ

Түркістан қолөнер орталығына айналғалы жатыр. Түркістанның тарихы, халқымыздың мәдениеті бүкіл әлемге ата-бабамыздан мұра етіп келе жатқан қолөнері арқылы паш етіліп, туризмнің зор саласына айналмақ. Демек түркістандық қолөнершілердің еңбегі де жандана түспек.

Осы орайда айта кетейік, таяуда Түркістанға келген туристерге (малайзиялықтар), қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер шеберлерінің ең үздік бұйымдары ұсынылып, олардың арасында қолөнершіміз Мақпал Амангелдіқызының қонақтардың алдында тезекке нан жапқаны, шоқтан алынған ыстық таба нанның дәмін татқызғаны тіптен таң-тамаша етті.

Иә, «Қолөнер жан азығы мен тән азығы» деп Абай атамыз айтқандай, осынау киелі өнерді алға жетелеп, оның дамуына атсалысып, көрмелерде көздің жауын алар өнімдерімен өзгешеленіп жүрген ісмер қыз-келіншектерге қанша алғыс айтсаң да жарасады емес пе?! Ендеше еңбек десе ішкен асын жерге қоятын, төл өнердің төрден табылуы үшін тер төгіп жүрген, сондай-ақ оны өзінен кейінгі ұрпаққа үйретіп, жалғастыру жолында жан аямайтын Мақпал ханымды таныстыра кетейік. Түркістан облысы Отырар ауданы Балтакөл ауылы Ы.Алтынсарин мектебінің Көркем еңбек пәнінің мұғалімі он саусағынан өнер тамған хас шебер Бейсенбаева Мақпал Амангелдіқызын ауылда танымайтын адам кемде кем. Ғасырлар бойы салт-дәстүрімізбен біте қайнасып, тағылымды тарихымыздан сыр шертетін қолөнер мұрасын ұмыттырмай қолөнерден сабақ беретін Мақпал Амангелдіқызы шәкірттеріне бар білгенін үйретуден жалыққан емес.

Бұл ретте ойын ортаға салған шебер «Қолөнер жұмыстарымен бала кезімнен айналысуды жаным сүйетін. Қолыма ине алып құрақ тігуіме, осы жұмысты жасауыма әжем себепші болған. Жасы жүзден асты. Сол кісінің мұқият үйретуінің арқасында өзім де ізденіп, қарап отырмай қолдан келгенше жоқтан бар жасауды біліп-меңгеріп алдым. Оқушыларға сабақ беріп, үйге келген соң қайтадан осы іспен айналысудан еш жалыққан емеспін. Соның ішінде үздіксіз жасайтын жұмыстарымның бірі – қой жүнін түту. Бүгінде оны пайдаға асыра алмай тастап немесе өртеп жататыны өкінішті. Одан гөрі оның көзін тауып кәдеге асырса әлдеқайда тиімді болар еді. Мысалы, мен оны жуып, тікенектерін, қорымдарын тазалап, шұлық, кілемше, тақыр кілем, түкті кілемше тоқимын, арқан жасаймын. Байқасаңыздар, аса ыждағаттылық пен ұқыптылықты талап ететін бұл өнер үйренем деген адамды табандылық пен жауапкершілікке баулиды».

Шебердің сүйікті әрі сұранысқа мол ісінің бірі – құбылмалы кесте тоқу. Ол кестенің құбылмалы кесте, түкті кесте, есептік кесте, жай кесте сияқты көптеген түрлерін мейлінше меңгеріп, жастық, көрпеше беттерін кестелеп тоқитын шебер сан түрлі моншақпен тұрмысқа қажетті заттар жасайды. Сонымен қатар кестелеп тоқуды шәкірттеріне үйретеді. Бүгінде Абилтай Нұрсезім, Убайда Айару, Зұлыпқар Көркем, Мақұлбекқызы Сезім, Нұсқабай Сымбат, Шәрібек Еркенұр, Таубай Балауса, Исабек Айару, Таубай Қазына, Ерланқызы Жәнәділ, Көркем Нүрәділқызы, Абдірахман Айым, Асанова Айзере, Қалжан Балауса, Ештай Инабат, Мүсілім Сезім, Еркінбайқызы Аяулым атты шәкірттері он саусағы майысып кесте тоқу шеберлері атанған. Осы кестені тоқып, өз ұлтының ою-өрнегі мен қолөнері туралы ғылыми жұмыс жазып дарынды шәкірті Абилтай Нұрсезім екеуі «Бір ауыл — бір өнім» көрмесінде жүлделі орынға ие болып, алғыс хатпен марапатталады. Ерен еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге жетуге болатынын дәлелдеген Мақпал Амангелдіқызы осы жазда «Керемет келіндер» сайысына қатысып, Ташкентке жолдама ұтып алады. Материалды жазу барысында Ташкентке барған сапарын ерекше әсермен еске алған Мақпал апайдың сол турға баруға атсалысқан «Түркістан» телеарнасының жүргізушісі Назгүл ханымға алғысы шексіз екенін атап өтті. Иә, бұл сайыста да өзінің шәкірттерін жанына жиып, ұршық иіріп, балалардың түрлі-түсті сүйкімді шұлықтарын, бас киімдерін тоқып, құрақ жастықтар тіккен сәтінен түскен фотолар – ұлағатты ұстаздың еңбекқорлығының жемісі.

«Бүгінгі күнде ұлттық құндылықтарымызды дамытып, төл тарихымызды қайта жаңғыртуға арналған біршама жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау мақсатында ата-бабаларымыздың бізге қалдырған құнды мұрасын өз ішімізде емес, әлемдік деңгейде дәріптеп, төл тарихымызды төрт құрлыққа таныту үшін жұмылдыра жұмыс жасау керек. Біз ұлттық құндылықтарымыз бен ұлттық мәдениетімізді насихаттап қана қоймай, сол арқылы жас ұрпақты білім мен ғылымға, шығармашылыққа бейімдеу жұмыстарын жүргізуді де басты мақсаттарымыздың бірі деп білеміз», — дейді шебер.

Қолөнершінің жасаған көрпе жастықтары, салынған ою өрнектері ұлттық нақышымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, қолынан шыққан әрбір туындыларын арнайы тапсырыспен даярлайды. Солардың ішінде құрақ көрпе тігу асқан шеберлікпен қатар, үлкен талғамды да талап етеді. Қалдық маталардан әртүрлі бұрыштар шығарып, ою ойып, оларды орналастыру көптің қолынан келе бермейтін іс. Ерекше осындай қолөнер түрлері әдемілік үшін ғана емес, үй иесін тіл көзден сақтап, үйге ырыс-береке алып келеді деген сенім де бар дейді ісмер апай. Ырыс-береке демекші, еңбекқор апайдың есік алдында жайқалған бауы да осы мінезі мақпалдай кейіпкеріміздің мейірімі мен қамқорлығына қанық болғандай. Оның бау-бақшаға еккен алма ағаштары, жүзімдігі жайқалып, жемісінен талай ауыл адамы дәм татса, егіп-орған жоңышқасы кысқы азыққа дап-дайын. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақылдың нағыз үлгісі. Осы орайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлықтың маңыздылығы жайлы айтқаны ойға оралады. Ол еліміздің дамуы үшін еңбекқор және кәсіби мамандар қоғамдағы ең жоғары деңгейде бағалануы керек екенін, осындай адамдар елді гүлдендіріп, өркендететінін атап өтті.

Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында еңбекқор адамның қадір-қасиеті жоғары екенін және оларды бағалауымыз керек екенін айтып өтті.

«Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде бәсекеге қабілетті болуы керек. Көрші мемлекеттің азаматтары шетелге барып, жұмыс талғамай еңбек етіп жатыр. Олар біздің елде де өте жақсы табыс тауып жүр. Дәл осындай жандардан үлгі алу керек. Шын мәнінде, ең бастысы – адал еңбек. Біз мұны жете түсінетін ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз. Идеология жұмысында осыған баса мән берген жөн», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Ендеше мәңгілік мұра – қолөнерді өмірінің мәні етіп, ұста да ұстаз да бола білген Мақпал ханымның көз майын тауысып жасаған дүниелері, тіккен киімдері ғасырдан ғасырға жалғасатын ұлттық қазынасы. «Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға» демекші, асыл өнерімізді жас ұрпаққа үйретуден жалықпаған ұстаздың өзі сияқты шәкірт­тері көп, рухани жаңғыру жолында жасап жатқан ісі берекелі болсын дейміз.

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА.