«Әдебиет пен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы болмайды» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі қай кезде де қадірлі болатыны анық. Халықтың бай қазынасы мен рухани қуатын танытатын маңызды сала ретінде мәдениеттің орны ерекше. Бүгінде жәдігер қаланың жаңа болмысын күллі Қазақстанға, әлем назарына танытуда мәдениет пен өнер басты құралға айналып келеді. Қала күні қарсаңында оқырмандарға бұған дейін жүзеге асқан мәдени жобалар туралы баяндамақпыз. Биыл қала аумағында 74 мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Түркістан қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиевтың айтуынша, биылғы жыл шаһарда аталған сала бойынша айтарлықтай жетістіктерге толы болды.
Қадырболат Мұсағалиев шаһардағы мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде өткізілетінін жіті қадағалайтынын жеткізген болатын. Тарқатып айтсақ, ауқымды халықаралық «Nauryz BIG FEST» фестивалі — заманауи үлгідегі ұлттық киімдер көрсетілімін жасаған еді. Республикалық деңгеңдегі «Түркістан дауысы-2024» эстрада әншілерінің байқауы және аймақтық «Жас толқын — 2024» эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауы да қала тұрғындарына ерекше есте қаларлық әсер сыйлайды. «Түркістан – фотограф көзімен» фотографтар фестивалі,
1 қазан «Қарттар күніне» орай «Қазыналы қарттарым» секілді іс-шаралар Түркістанның мәдени-рухани болмысын биіктеткені сөзсіз. Сондай-ақ, «Қонаев – ғасыр адамы» атты танымдық-мәдени кеш пен «Әлемді жүрегімен әлдилеген» атты салтанат жиын мен бірнеше мерекелік концерттік бағдарламалар қала тұрғындары мен келушілерге керемет көңіл-күй сыйлап келеді. Бұдан бөлек қалалық мәдениет үйінің жылдық жоспары бойынша көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған.
Халықтың парасатты әрі оқуға құштар болуына ықпал ететін тағы бір жақсы бастамалар ордасы — кітапхана. Атап айтсақ, бөлімге қарасты орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша барлық кітап қоры — 352 722 дананы құрайды екен. Рухани шаһардағы тұрғындардың интелектуалдық-танымдық деңгейін жетілдіретін бұл руханият ордаларында былтырдың өзінде 439 726 дана кітап берілген. Жалпы оқырмандар саны — 28012 адам, келушілер саны – 226 841 адамды құрайды. Бұл деректерден жәдігер қалада жаңа мәдениет қалыптасып келе жатқанын анық аңғаруға болады. Аталған кітапханалар кітаппен қоса мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, онлай және офлайн форматтарда әдеби-сазды кештер мен танымдық жиындар өткізуді үрдіске айналдырған. Әрине, биыл да жыл соңына дейін атқарылатын жұмыстар жетерлік. Жауапты мамандардың тындырымды істері өз нәтижесін береді деп сенеміз. Тағы бір тоқтала кететін құндылық — тілдерді дамыту. Түркістан қаласында тілдерді оқыту және дамыту орталығында қазіргі таңда мемлекеттік тілден 965 адам, орыс тілі бойынша 398 адам білім алып жатыр. Тұрғындардың тіл мәселесіне қатысты қызығушылығын арттыруда аталған орталық ойдағыдай нәтижелермен қуантып жатыр. Қаламыздағы мәдениет саласының биылғы нәтижесін көңіл сүйсінткен нәтижелерін көзбен көріп жүрміз.
Күздің алғашқы айында да қаламызда іргелі іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі шаһарда кең ауқымда тойланды. Тіл – ұлттың қазынасы, достықтың кілті, бірліктің бастауы ретінде Түркістанда өткен мерейлі мерекенің маңызы жоғары болды. Жиында сөз алған қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Қабдырұлы тіл саясаты үлкен маңызға ие екеніне баса айтқан болатын.
– Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл – ұлттық құжатымыз, тіл – кісілік келбетіміз. Саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті – тілде жатыр. Себебі, тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, ең құнды байлығы – қатыныс құралы екендігі сөзсіз. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл»,- деп ұлағатты сөз қалдырған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Тіл мерекесімен қоса тойланатыны қалың қазақ үшін өте қуанышты жағдай. Ғасырлар көшінің елге қалдырған ең ұлы аманаты – тіліміздің мерейін асқақтату жолында аянбай еңбек етуге шақырамын, — деді ол. Мемлекеттік тіл мәртебесін биіктеткен жобалар көбейе берсін деп тілейміз.
Қазан айы да қала тұрғындары үшін қуанышқа толы болмақ. Бұлай дейтін себебіміз, жыл сайын күздің екінші айында дәстүрлі түрде қала күні атап өтіледі. Биыл да жәдігер шаһардың төл мерекесі түрлі деңгейдегі іс-шаралармен толығып жатыр. 14 қазан күні «Түркістаным — мекенім киелісің» атты көрмемен ашылған айтулы мереке қарсаңында орталықтандырылған кітапханал жүйесінде зиялы қауым өкілдерімен кездесу кештері ұйымдастырылды. Бұдан бөлек Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде 2009-2010 жылғы ер балалар арасында халықаралық турнир өтті. Мерекенің үшінші күні Оқушылар сарайында «Түркістан көркі» атты фото байқау және «Фараб» әмбебап кітапханасында шахматтан ашық біріншілік мәресіне жетті.
Сондай-ақ, №12 Қ.Сатпаев атындағы мектепте оқушылар Түркістанды жырға қосса, жас айтыскерлер сөз барымтасының жарқын үлгісін көрсетті. Ал «Ақжайық» музыкалық мектебінде ұмытылып бара жатқан халық әндері ұлттық аспапта орындалып, тұрғындарға рухани демалыс ұйымдастырылды. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде өтетін «Тербететін жанымды, Түркістаным — ән-жырым» поэтикалық кеші де келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Естеріңізге сала кетейік, он күнге созылатын «Қала күні» мерекесін барлық қала тұрғындары сезінуі тиіс. Сондықтан шаһардың барлық аймағында мерекеге орай түрлі ойын-сауық және спорттық шаралар өтіп жатыр. Алдағы күндері Ясауи хикметтерін жатқа айтушылар арасында аймақтық байқау және футболдан Түркістан қаласының ашық біріншілігі, сонымен қатар, сектор тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар жоспарланған. Туристер мен тұрғындар киелі қаланың ерекше атмосферасын сезіну үшін этноауыл аймағында театрландырылған қойылымдар мен қолөнершілер фестивалі, кітап көрмелері қойылады. Ал көркемөнерді сүйетін жандар үшін Арбат бойында «Түркістан балалар көзімен» тақырыбында суретшілер фестивалі өтеді. Қала күнінің қорытынды іс-шарасы ретінде жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ашық біріншілік жүлдесі сарапқа салынатын болады. Түркі жұртының мәдени-рухани, туристік астанасына айналған қала төрінде күн сайын көпшілік көңіліне керемет әсер сыйлайтын іс-шаралар үздіксіз өтіп жатыр. Мәдениетке көңіл қоймаған елдің дамуында да мән жоқ екені анық. Еліміз үшін маңызды күндерді атап өтуге қала әкімдігі ерекше назар салып келеді. Мәселен, 25 қазан Республика күніне орай өтетін «Күн сәулелі — Республика» концерттік бағдарламасы, тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік толғауы» атты концерттік бағдарламалар, «Жаңа жыл — 2025» мерекелік мәдени шаралары соның айғағы. Аталған ауқымды жұмыстар мәдениет саласы мамандарының үлкен жауапкершілігі мен еңбегінің нәтижесі деуге толық негіз бар. Соның арқасында сала мәселелері тез шешімін табуда. Бүгінде шаһар тұрғындарына қуаныш сыйлаған тағы бір ақжолтай жаңалық — 500 орындық Мәдениет үйінің салынуы. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан жоба құны 1,7 млрд. теңгені құрап отыр. Айта кетейік, жұртшылық тағатсыздана күтіп жүрген мәдениет ошағы осы жылы пайдалануға тапсырылады. Жалпы айтқанда, жәдігер қаланың жаңа мәртебесіне сай мәдениеті де жоғары деңгейлерді бағындырып келеді. Мәртебелі сала Түркістанға мол табыстар сыйласын деп тілейміз.
Дәурен ТІЛЕУХАН.