Домой Басты жаңалықтар ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БЕСТСЕЛЛЕРІ – «TARMAQTAR»

ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БЕСТСЕЛЛЕРІ – «TARMAQTAR»

Қазіргі таңда қазақ қоғамында кітап оқу үрдісі кеңірек таралып келе жатқаны көңілді қуантады. Соңғы кездері кітап оқу ерекше сәнге айналып келе жатқаны да жасырын емес. Тіпті қазір барлық аймақтарда кітап клубтары бар десек қателеспейміз. Олар апта сайын, ай сайын, тоқсан сайын бас қосып, оқылған шығармаларды талдап, кітаптан алған әсерлерін, ойлары мен түйгендерін ортаға салады. Қайсыбірімен сөйлессеңіз де кітап әлеміне сапар шегуге ынтаңызды арттырып, ықыласыңызды оятады. Олар: «Қазақстанды кітап оқитын елге айналдырамыз!» — дейді. Сол арқылы саналы орта қалыптастыруды мақсат етеді. Кітап оқу арқылы адамның санасы мен ой өрісі өсіп, ақыл-парасаты артатыны белгілі.

Күнделікті күйбең тірліктен арылып, бір сәт санаға серпіліс беріп, жан тыныштығын сезінуге өлеңнің құдіреті шексіз екені айқын. Осы орайда әдебиет пен оқырманның арасын жалғаушы алтын көпір деп «TARMAQTAR» жобасын айтсақ қателеспейміз. Тармақтар жобасы кітап бо­лып жарияланбас бұрын әлеу­мет­тік желіде парақша ретінде ашылып, оқырман қауымға түрлі жыр жолдары арқылы ерекше әсер сыйлап, әдебиеттің эстетикалық үлгісін қалыптастырған. Бүгінде 44 мыңнан астам жазылушысы бар парақша 1000-нан аса жазба жариялап үлгерген. Онда жоба авторы қазақ әде­биетінің жауһар­лары­нан үзінді – тармақтар ұсынып жүрді. Онысын заман­ға сай минимализм стилінде безен­діріп, проза мен поэзияның өзіндік эсте­тика­сын қалыптастырды.Тармақтар кітабы жарық көрген сәттен бастап оқырманның ыстық ықыласына бөленді. Кітап авторлары елімізге танымал жас ақындар, жас отбасы – Рысгүл Досжанова мен Еламан Төлеутай. Олардың ғашықтық ғазалдары, бақытты  бір бөлек әңгіме екенін тұрақты оқырмандары жақсы біледі. Әрбір сұлу тармақтары арқылы оқырман жанының пернесін дөп басуда Рысгүл Досжанованың еңбегі зор болса, кітаптың басылым беттеріне шығып, баспаға әзірленуіне, әрбір кітаптың сыртқы жұмыстары мен сапалы шығуына Еламан Төлеутайдың ерекше қолтаңбасы барын оқырман қауымы жақсы біледі. Олар бүгінгі қазақ әдебиетіне жаңа­шылдықтан бөлек, маркетинг керек деп есептейді. Осылайша тіпті кітаптың безендірілуіне дейін жаңа маркетинг технологияларын пайдаланатын уақыт келгенін жеткізді.

— Естеліктеріңнің эйфориясын, айтылмаған сезімдерді естіп, өміріңдегі өкінішті сезініп, жазмышыңдағы жазуды оқып, уақыт гармониясына бас ұрып, жанарыңдағы мұңды сүртіп, жүрегіңдегі сөзді жазғың, сағынышыңның эстетикасын білдіргің, көрсеткің келсе, осы кітап саған арналған, – дейді Рысгүл Досжанова.

Тармақтар кітабы жарық көрген сәттен бері көптеген кітап көрмелері мен кітап фестивальдеріне қатысып, оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келеді. Жақында Астана қаласында өткен кітап көрмесіне де барып, бестселлерге айналған кітаптың оқырмандарымен кездесу өткізіп қайтты. Кездесуді «Болмаған балалық шақ» кітабының авторы, ақын Ақберен Елгезек жүргізді. Мәртебелі жиында Ақберен Елгезек бір қызық пікір айтты:

— Тармақтар – бір сиқырлы дүние секілді. Кітап дейін десең кітап емес, кітап емес дейін десең кітап. Бірақ кітап емес деуге тілің бармайтын көркем дүние. Тармақтар – ең алғаш әлеуметтік желіде басталған жоба еді. Мінекей араға жылдар салып екі бірдей кітап болып ақындардың жүрегінен шыққан ғазалдарын оқырманмен қауыштырып, оқырман қолға аялап ұстайтын аяулы жыр жолдары суреттермен бейнеленген көркем дүниеге айналды, — дейді Ақберен Елгезек.

Жақында жаңа мазмұндағы екінші кітап өлеңсүйер қауымға жол тартқан болатын. Осы орайда аталмыш қос кітап «Мазмұндама» баспасынан мыңдаған дана болып шыққанын еске сала кетейік. Олардың айтуынша, ең алғаш кітап шығару жайлы идея әлеуметтік желілерде Тармақтар сияқты парақшалар көбейгенде, парақшаның негізгі жұмыстарын өзге парақшалар ұрлағанда пайда болған екен.

— Оқырманның талғамына сай жұмыс атқарып келе жатқан парақшамызда «Жан тыныштығы министрлігіміз» деп жазып қойғанбыз. Осындай махаббатпен басталған жобаны «парақша» деңгейіне қимадық. Әлеуметтік желі деген дүние мәңгілік емес қой. Сондықтан, кітап ретінде көре алғанымыз дұрыс шешім болған шығар. Әрі идея мен шабыт деген нәзік те тылсым дүние, тез арада жүзеге асырып үлгермесең өзге біреу алдымызды орап кетуі мүмкін ғой. Қазіргі жаһандану заманында идея кімге келмейді, барлық салада өзіндік идея мен креатив бар ғой. Тек оның жүзеге асуы қиын. Ал, біздің осы кітапты шығарып, кішкентай идеямызды жүзеге асыруға түрткі болған «Молоко и мед» кітабы. Сол сәтте санамызды мынадай ой жаңғыртты. Бұл кітап әлемнің неше тіліне аударылып, осынша құрметке ие болса, біз де тармақтар арқылы бір Қазақстанның махаббатына ие бола алатын шығармыз деп ойладық. Әр беті картина. Сурет. Контент. Терең ой. Осылайша желідегі қазақ контентіне құбылыс әкелуді көздедік. Тұңғыш кітабымыз дәл осылай қазақтың небір қаламгерлерін бір арнаға тоғыстырып, 200-ден астам қазақ авторының ең үздік лирика-философиялық тармақтары топтастырылып, өз ерекшелігімен жарық көргені қуантады. Десе де біз ойлай салған дүниенің бәрі оп-оңай жүзеге аса салмайды екен. Бірақ, мақсатқа жеттік. Бастысы осы. Сонымен қатар әлемдік TedX жобасының Қазақстандағы ресми жобасына шақырту алып, қазіргі әдебиетке жаңашылдық керектігін және Тармақтар жобасын тед сахнасында талқыға салдық. Кітапты енді мақтап, мадақтаудан аулақпыз. Бағасын оқырман берер, — дейді кітап авторлары.

Кітаптың ең басты ерекшелігі әр беті сөз бен суреттің үйлесімділігі және QR-код. Кітапта бет саны мен мазмұны көрсетілмеген. Оқырман қауым QR арқылы өлеңнің толық нұсқасын оқып, аудиопоэзияны тыңдай алады. Кез-келген кітапты қаламгер мен редактор, корректор бірлесіп шығара салса, ал Тармақтар жобасын кітап ретінде шығаруға дыбыс режиссері, диктор, иллюстратор, IT маман, ютуб маманы, редактор секілді бірқатар мамандар атсалысқан үлкен еңбектің жемісі деп айтсақ болады.

— Біздің ақын-жазушылардың көбісі әлеуметтік желіде белсенді емес. Шығарған кітаптардың таралмай жатуының, бестселлерге айналмауының бірден-бір себебі осы. Мысалы Тармақтардың 2-ші кітабы шығарда, кітап әлі жарыққа шықпай тұрып, тек қана сыртқы дизайны мен ішкі мазмұндағы креативтілігін насихаттай отырып, алдын ала 700 адамнан тапсырыс қабылдадық. Кітаптың шығуына 15 күн қалған кезде 700 адамнан тапсырыс келіп түсті. Біз «Каспи» қосымшасы және «Қазпошта» арқылы 1 күнде 700 адамға кітап жібердік. Осы орайда поэзияны насихаттау форматын модернизациялау аса маңыз­ды екенін түсіндік. Өз оқырманың қалыптасып, жарық көрген кітабыңды іздеп оқымаса, оның рахаты болмайды деп ойламай­мыз. Қазіргі таңда «Каспи» қосымшасының жарнамасының бастапқы бетінде Тармақтар кітабы тұр. Қаншама шет тілді кітаптар шығып жатыр, солардың ішінде Тармақтар кітабының тұруы үлкен жетістік деп ойлаймыз. Қазақ қоғамының кітапқа, әдебиет пен руханиятқа бетбұрыс жасауының белгісі деп білеміз. Алдағы уақытта басқа ақын-жазушылардың жеке кітаптарын жаңаша форматта шығарайық деген ниетпен өзіміз Тармақтар деген баспа ашқан болатынбыз. Баспадан шығаратын кітаптарымыз да көз үйреніп қалған стильде емес, өзгеше стильде шығарғымыз келіп жүр. Әдеби агенттік деген дүние барын білесіздер. Соны біз іске асырып көрсек деген ниетіміз бар, — дейді кітап авторлары.

Авторлардың айтуынша ақынның әрбір жырында барлық өлеңнің жүгін өзіне артып тұрған тармағы болады. Жазушының бар айтқысы келгені бір-ақ сөйлемде тұрады. Олар жеке шығарма­шылықпен айналысып, авторлық туындысын шығармас бұрын, қазақ әде­биетінің жыр жауһарларын жиып, көлемді кітап қылып жариялауды арман қылған. Кітаптың әр беті оқыған жанға ерекше сезім сыйласын деген ниетпен үлкен ізденіс пен ерекше іңкәрлікпен жасалғанын да айта кетті. Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Моңғолия, Ресейдегі оқырмандар қызығушылық танытып, кітапты сатып алғанын да тілге тиек етті.

Адамзаттың рухани азығы – кітап. «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» — дейді Әбіш Кекілбаев. Қазіргі таңда кітапхана сөрелерінде тұрған кітаптардың саны артуда. Себебі сұраныс бар. Сұраныс бар жерде оқырмандар бары анық қой. Оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген тамаша кітап жайлы сөз қозғап, оқырманның қалауын тапқан авторлар жайлы айта кетуді жөн санадым. Қазақ поэзиясының үнін жаңғырту үшін жаңа тыныс, тың ізденіс пен өзгеше ой керек екенін ұқтырған ғажап кітап бар қазіргі трендте. Осы орайда елгезектігімен елді ерекше тебіреніске бөлеп, қоғамды оң бетбұрыстарға бағыттап, ішкі сезімін қағазға емес оқырманның жүрегіне жазатын ақындар өлеңі әрқашан назардан тыс қалмауы керек деп ойлаймын.

Айдана НҰРҒАЛИ.