Домой Мәдениет ТҮРКІСТАН: КІТАП – РУХАНИ ҚАЗЫНА

ТҮРКІСТАН: КІТАП – РУХАНИ ҚАЗЫНА

Ғаламдық мәдениеттің бір бөлігін кітапхана құрайды. Кітап оқу білімге ұмтылысты, дүниетанымды кеңейтуді, адамның өзін тануын білдіреді. Кітап – адамның жан дүниесінің рухани қазынасы, асыл байлықтың өлшемі. Күнделікті қарапайым өмірде кітап оқитын кісі мен оқымайтын кісінің айырмашылығын тез аңғаруға болады. Кітап оқыған адам ақыл-парасат, таным, білім, жұртпен қарым-қатынас, тіл байлығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі сияқты ізгі қасиеттерімен ерекше болып тұрады.

​Өмірде кітап оқудың адамға берері көп. Шындап келгенде, әр кітап бір-бір тәжірибелі ұстазға, адамның ақыл қалтасына ұқсайды. Негізі, кітап оқу өмірде қателікке бой алдырмау үшін басқалардың тәжірибесімен танысу дегенді де білдіреді. Адамға таптырмайтын бірден-бір пайдалы дос – кітап. Ешкімнің мазасын алмайтын, керек кезде жаныңнан табылатын, қиналғанда ақылшы болатын, үйреткен ақылына ақы сұрамайтын, жансарайыңды серпілтетін, көңіліңе шабыт қондыратын, өзі үн қатпаса да, өзінің ішкі әлемімен елітетін, дұрыс таңдау жасауға жол сілтейтін әрі адамды жалықтырмайтын серік деуге де болады. Білімділікке де баулитын – кітап. Керісінше, білімсіздік – адам баласының опа бермес дұшпаны. Өмірде болатын көп қателіктер білімсіздіктен туындайды. Білімді жанға қашан да жол ашық. Жұрт та білімді адамды ерекше қадірлейді. Себебі білімді адам әрдайым өз халқына пайдасын тигізіп отырады.
«Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге», – деп Абай атамыз айтқандай, кітап оқу барысында неге мән беру керек? Кітаптан рухани азық алып, оны өмірде пайдалану үшін қандай кітаптарды оқыған жөн? «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік», – деген Ғабит Мүсіреповтің сөзі де кез келген жанды кітаппен дос болуға шақырады. Кітапты таңдау, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмірлік қажетіне жарата білу – әрбір адамның білігі мен білімін, пайым-парасатын анықтайтын алғы шарттардың бірі. Кітапты оқыған кезде, жазушының баяндау мәнері мен жазу тәсіліне байыппен қараған жөн. Жалпы, кітапта белгілі бір жүйе сақталса, рухани азық алу кім-кімге де қиын емес. Оқу – ізденіске деген құштарлықты оятатын үдеріс, әрі сол адамның мәдениетін тұтас көрсетіп отырады. Егер бір кітапты қолға алсаңыз, оның ішкі нәрін алу, пайдалы ой қорыту мақсатымен оқыған көңілге қонады. Кейде кітап оқып отырып, өзімізге қажетті тұстарды сызып, қоршап, тіпті түртіп алып отырамыз. Түсінуге қиын тиетін, тілі ауыр шығармаларды бес-алты қайтара оқып шықсақ та артық емес. Себебі қайталап оқыған сайын, санаңа жаңа ой ұялап, көкірегің ашыла түседі. Мысалы, бақта, бау-бақшада жемістер де, көкөністер де көп. Бірақ олардың бәрі дәмді, бал татып тұрмайды. Сол сияқты,  ілімдер де көп, бірақ барлығы пайдалы бола бермейді.
Тарихта мұсылман қауымы не нәрсенің де жақсы жағына ұмтылып, өзі оқитын кітаптарға зор талғаммен қарап, білім-ғылымның да пайдалысын, кішіпейілділік пен имандылыққа шақыратын, адамдық мінезді жолға қоятын кітапты таңдап, ерекше назар аударған. Кітап оқу – адамның өзін тануына жол ашатын бағдаршам іспеттес. «Кітап – көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан». Күнделікті өмірде үзбей кітап оқуды жақсы әдетке айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді. Мысалы, жол жүргенде, аялдамада, қоғамдық көліктерде, жұмыста, үй тірлігінен қол босағанда кез келген сәтте өзіңмен бірге ала жүріп газет, журнал, кітап ашып оқып, сол уақытты да ұтымды пайдаланудың маңызы зор. Кейбір өркениетті елдерде халық бұны әдетке айналдырған. Ғалымдардың айтуынша, кітап оқығанда, «Оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық»,– деп Ы.Алтынсарин айтқандай, сол кітаптың ең маңызды нәрін, сөлін сарқып алуға тырысу қажет.
Кітапты оқып отырып, іштей мынадай сұрақтарға жауап іздеген жөн. «Автор нені айтқысы келді?», «Оның баяндау мәнері қандай?», «Қай тұстарын көңілге тоқуға болады?», «Мен бұл кітаптан не түйдім?», тағы басқа. Мұндай саралау кітапқа толық көңіл бөліп, мазмұнын жақсы есте сақтауға көмектеседі.
Қазақта қара сөздің зергері, ақын А.Құнанбаев атамыздың жас кезінен қаладан ауылға қатынаған адамдардан кітап алып оқуды әдетке айналдырғанын да көп жазбалардан білеміз. Абайдың оқыған кітаптары арасында батыс, шығыстың ең озық әдебиеттері де болған. Кітаппен дос болғаны соншалық.  оның бүкіл пәлсапалық еңбектері  Ислами дүниетанымға негізделгенінен де хабардармыз. Шәкәрім Құдайбердіұлы да Стамбул кітапханаларына барып, кітап іздеп шарқ ұрған. Шәкәрімнің   халық танитын, құрмет тұтатын дәрежеге жеткені де – кітаппен дос болғандығында.
Артына 30 томдық мұра қалдырған Мәшһүр Жүсіп бабамыз да жас кезінен өте зейінді, білімді, көп ізденетін болған. «Ағаштың жемісі бұтақта болса, сөздің жемісі кітапта». Осы орайда бұрынғы дана, ойшылдармен сырлас, мұңдас болып, олардың өткен өмір жолымен танысып, пікір алысуға бүгінгі күні де жол ашық. Ол – сол кісілердің еңбектері. Ұрпаққа жазып қалдырған том-том мұралары. Л.Н.Толстой бұл туралы «Жақсы кітап ақылды адамның әңгімесімен  бірдей», – деген. Тарихымыз бен әдебиетіміз, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді тануды да кітаптан оқып үйренеміз. Өмірге қажетті мамандық атаулының қыры мен сыры да осы кітапта. Керісінше, кітап оқымау адамның зейінін тұмшалап, зеректік қабілетін төмендетеді. Д.Дидро айтқандай, «Кітап оқымаған адам тіпті ойлаудан да қалады» – деген. Шынымен де ойлау қабілеті болмаған адамның қандай қасиеті бар? Ондай адам өмірдің мән-мағынасын қалай ғана түсінеді? Шығыстың бір даналығында, «Бар кітап бір кітапты түсіну үшін оқылады» деп айтылады. Кітап атаулыны «ғалам» деп есептесек, оны түсініп, санаға түйсініп, бар құдіреттің нақыштарын әрлеу, зерделеу үшін көп кітапты оқу қажет. М.Әуезов «Кітап атаулы досы бола бастаған шақтан былай ғана әрбір жан өзін интеллигент бола бастадым деп санауына болады»,– деген тәмсілінің өзінде терең астар жатыр.
Кітап – адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Адам денсаулығына кітап оқудың пайдасы зор екендігін де ғалымдар дәлелдеп отыр. Медицинада мидың жұмысы бүкіл дене организмдеріне тікелей әсер етеді деп дәлелдеген. Көбірек кітап оқыған, сурет салатын, әсіресе, ақыл-ой еңбегімен айналысатын адамдарда жүйке жүйесінің басқаларға қарағанда тез дамитынын, қартайған кезде де жүйке қызметінің шаршауы, үлкен мидың қартаюы болмайтыны зерттеулерде дәлелденген нәрсе. Жақсы кітап – рухани азық. Рухани толысудың таптырмас дәрісі. Кітап – қоғам. Әрбір кітапты оқып танысқан кезде, ондағы баяндалатын, суреттелетін оқиғалар адамның сезімі мен санасын нұрландырады, көркейтеді, алға ұмтылдырады.
Кітап – асыл  қазына, кітап – рухани азық, кітап – жан серігің, ақылшың. Ендеше, кітапты аяқасты етпейік, ол – қастерлі, киелі ұғым. Мектеп қабырғасында ғана кітап оқып, онан қол үзуге болмайды. Онымен дос болуды өмірлік дағдыға айналдырған дұрыс-ақ. Өйткені кітаптың адамзатқа берер тәрбиесі өте зор.

Бағила Есенбаева,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.