Балалар әдебиеті өте үлкен әңгіме. Талқыласа таусылмайтын, білім жолында бітпейтін тақырып. Бүгінде «балалар кітап оқымайды» деген назды жиі естиміз. Алайда олар кітап оқу үшін қандай әрекет жасап жатырмыз? Осы орайда Түркістан облысы тұрғындары үшін аталған осы бір заңды сауалды жауапты мамандар мен ата-аналарға қоя отырып, балалардың кітапқа деген қызушылығын сұрап білдік.
Райымбек Беделбек, оқушы:
«Мен кітап оқығанды жақсы көремін. Оқуымыз онлайн болғалы, кітап оқуға да көп уақыт артылатын болды. Жазғы демалыста да бірнеше кітап оқыдым. Оның ішінде, Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» және Лев Толстойдың «Балаларға арналған әңгімелерін» оқып шықтым. Жалпы, қазіргі уақытта қазақ тіліндегі балаларға арналған шығармаларды табу қиын, әсіресе әлемдік әдебиетте. Әйтпесе, қазақтың ақын-жазушыларының балаларға арналған шығармаларын жібермей оқуға тырысамыз. Тек бір кемшілігі, қазір шығып жатқан заманауи жазушылардың шығармаларымен таныс емеспін. Осындай кітаптар болса оқуға дайынмын. Ол үшін тек қуанар едім».
Раиса Сайранқызы, Steppe & World баспа үйінің негізін салушы:
«Расында әлемдік әдебиеттің қазақ тіліне аударылуы сирек. Оның ішінде балаларға арналған шығармалар болса, тіпті қиын. Біздің баспа балаларға арналған әлемге әйгілі шығармаларды «Анна Франктың күнделігі», «Груффало», «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» деген атаулармен қазақ тіліне аудара бастадық. Бұл кітаптар балалар арасында сұранысқа ие екені сөзсіз. Біз балаларды әлем әдебиетімен қазақ тілінде таныстыруды мақсат етеміз. Бала тәрбиесінің бастауы да осында ғой. Алдағы уақытта көптеген кітаптарды аударуды мақсат етіп отырмыз. Әзірге аударылған кітаптардың ішінде ең сұранысқа иесі — «Хәрри Поттер». Бұл әрбір бала бас алмай оқитын ең ерекше кітап болып отыр.
Іңкәр Тойлыбаева, мұғалім:
«Расында, қазіргі балалардың талғамы да, сұранысы да басқа. Олар таңдап, талғап оқуға бейімделген. Көбіне қандай кітап оқысақ пайдалырақ деп кеңес сұрайды. Біз, мұғалімдер, ондайда ең әуелі қазақ жазушыларының шығармаларын ұсынуға тырысамыз. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Ілияс Есенберлиннің «Жанталасы» мен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» алдымен айтамыз. Бұл шығармаларды оқыған бала, басқа кітаптарды да оқуға қызығушылығы арта түседі. Өйткені бұл шығармалар баланы жалықтырмайды, түрлі кейіпкерлер мен қызықты сюжеттерге толы. Баланы кітап оқуға баулу үшін бірінші ата-ана өзі кітап оқу керек. Сонда ғана баланың ықыласы артады. Бар жауапкершілікті мұғалімдерге арта салу сәнге айналған. Дегенмен, балалар кітап оқымайды дей алмаймыз. Олар талғаммен оқиды».
Назерке Шакеқызы, оқушы:
«Мен кішкентаймынан кітап оқығанды жақсы көрем. «Менің атым Қожа», «Жабайы алма», «Жусан иісі», «Көшпенділер» деген кітаптарды оқып қойғанмын. Қазіргі таңда осы кезде шығып жатқан заманауи авторларды оқуға тырысамын. Әсіресе, Мирас Кесебаев деген автордың еңбектерін бақылап жүрмін. Әзірге екі кітабымен таныстым: «Жылдам оқы» және «Екі айда ағылшын тілін үйрен». Екеуі де өте пайдалы кітап. Балалардың оқуға деген ынтасын арттырады. Сонымен қатар, шетелдік басылымдар да өте қызықты. Замандастарыма дәл қазіргі уақытта Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзадасын», Д.Дэфоның «Робинзон Крузосын», А.Дюманың «Үш Ноянын» және Э.Несбиттің «Теміржол бойының балаларын» оқуға кеңес беремін».
Қанат Беделбек, ата-ана:
«Балам кітапқа кішкентайынан қызығады. Бала кітап оқу үшін ата-ана кітап оқу керек деп жатады ғой. Шыны керек, ол әр баланың өз санасына байланысты. Әйтпесе, барлық ата-ананың үйде кітап оқып отыруға уақыты жоқ. Бала-шағының қамы үшін күндіз түзде, түнде үйде. Тіршілік үшін тірлік қылып жүреді. Кітап оқып жатса, нанды кім әкеледі? Тек демалыстарда баланы кітап дүкеніне апарып, сол кітаптардың мультфильмін, киносын бірге тамашаласа болды. Санасы бар бала қабылдап кетеді. Бұл менің өз тәжірибемнен, әрине. Әркім әртүрлі ойлары қақ. Дегенмен, баланың ынтасын арттырып қана отырса болды. Қалғаны баланың қиялына тікелей байланысты деп ойлаймын».
Майра Алпысқызы, психолог:
«Бала айтқанды емес, көргенді істейді» деп жатамыз. Бірақ баланың білімге, кітапқа құштарлығын арттыру үшін онымен талықлау да маңызды. Яғни «мен бұл кітапты оқымап едім, не туралы екен, сосын не болады?» деп немесе «бұл кітапты мен де оқығанмын, балам. Мына жері осылай ғой, бұған қалай қарайсың, мына кейіпкер туралы не ой түйдің?» деген сияқты диалогқа шақыру керек. Бала сонда ғана ары қара талпынады. Тағы да оқи түскісі келеді. Білгенімен бөліскісі келеді. Бұл туралы достарына әңгімелеп бергісі келеді. Ал ол үшін сіздің кішкентай ғана пікіріңз маңызды. Ата-ана болсын, мұғалім болсын, баламен осылай жұмыс істесе, «қазіргі балалар кітап оқымайды» деген жансақ пікірді жоятын едік. Бұл қалыптасқан ескі пікірді жоятын кез келді деп ойлаймын. Балалар қазір кітапқа, оқу-білімге құштар».