Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археологиялық ғылыми зерттеу институты – еліміздің археология ғылымы саласындағы маңызды ғылыми орталықтардың бірі. Институт Түркістан өңіріндегі археологиялық зерттеулерді жүргізіп, бай тарихымызды қалпына келтіру мен ұрпақтарға жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесі, мәдени мұраларды сақтаудағы маңызды жұмыстар төңірегінде, ғылыми зерттеулер мен алдағы жоспарлар жөнінде Археологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры Жетібаев Көпжасар Мұстафаұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Көпжасар Мұстафаұлы, археологиялық зерттеулерде қандай салаларға ерекше назар аударылады?
– Қазіргі таңда бізде ерекше назар аударылатын салалар: ежелгі түркі мәдениеті, ерте және орта ғасырлардағы қалалар және обалар. Себебі, ол жердегі көне жәдігерлерді табу және оларды ғылыми ізденіске салу біздің құзіретімізде. Сонымен қатар, археолог ретінде ашық аспан астында мұражай жасау және тағы да сол сияқты жұмыстарды өз қызметімізбен ұштастырамыз.
— Соңғы жылдары қай археологиялық объектілерде қазба жұмыстарын жүргіздіңіздер? Қандай жаңалықтар ашылды?
– Соңғы жылдары Сығанақ жерінде қазба жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Себебі, Сығанақ қалашығын 2003 жылдан бері біздің Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ университетінің практикалық-базасы ретінде қолдана бастағанбыз. Одан беріде, 2014 жылдан бастап мемлекет тарапынан гранттық қаржылар ұтып алып, қазба жұмыстарын жүргіздік. Тағы да басқа Қаратау бөктерінде, Сауысқандық жерлерінде петроглиф, яғни тау-тасқа салынған кескіндер мен суреттерде табу, ол жердегі обаларды қазу, зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Сонымен қатар, Келес өзененінің бойындағы жерлерде көне қалаларды қазу және Сарыағаш өңіріндегі 600-ден астан обаның шамамен он данасын зерттеп, табылған жәдігерлерді, адам сүйектерінің ДНК сараптамаларын ғылыми зерттеу айналымына салып жатырмыз.
– Шетелдік ғылыми зерттеу институттарымен қандай ынтымақтастық бар? Олармен серіктестікте халықаралық жобаларға қатысып жатырсыздар ма?
– Біздің Археология ҒЗИ Түркия Республикасымен тығыз байланыста жұмыс істейді. TUBITAK, Yunus Emre сияқты үлкен зертханаларды пайдалану мақсатында келісімшартқа отырғанбыз. Сол келісімшарт негізінде ғылыми ізденісте жүрген заттай айғақтарды талдаудан өткізіп, нәтижелері бойынша ғылыми журналдарға мақалалар жариялап отырамыз. Халықаралық жобалар бойынша университет тарапынан 4 млн теңге қаржат бөлінген болатын. Осы жоба бойынша түркиялық Юнус Шенёрт есімді археолог, профессор бізбен бірге қазба жұмыстарын жүргізді. Халықаралық деңгейдегі тағы бір жұмысымыз, ЮНЕСКО-ға тіркелген Өзбекстан Республикасындағы МИЦАЙ халықаралық зерттеу ұйымымен бірлесе Сығанақ қалашығында қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде табылған жәдігерлерді Қызылорда қаласындағы мемлекеттік мұражайға тапсырғанымызды айта кету парыз.
– Институт ғылыми зерттеу материалдарының жарық көруіне тоқталып өтсеңіз.
– Бізде мақалалар да, монографиялар да өте көп жарияланды. Ғылыми мақалаларымыз Америкада, Югословияда, Ресейде халықаралық Scopus базасында да мақалаларымыз шықты. Монографиялық еңбектер саны соңғы есебімізде 20-ға жуықтады. Соңғы 2 жылда 5 монографиямыз жарық көрді. Атап айтар болсақ, профессорымыз Мұхтар Қожаның «Абылайхан», Мұзафар Гүрсой мен Бақдаулет Сыздықовтың «Көне Қаңлы дәуіріндегі жерлеу дәстүрі» және «Сығанақ жәдігерлері» атты төрт автордың, оның ішінде өзім де бармын, тағы да басқа осы сияқты бірнеше монографияны жарыққа шығардық. Мақалаларымызда ғылыми тұрғыдан бәрін айқындап, зертханалық талдаудаларды көрсетіп және иллюстрациялық суреттерді қоса жариялап отырмыз. Сондықтан бұл еңбектердің маңызы зор және оны археология ғылымы үшін сүбелі еңбектер деп атауға әбден болады.
– Ал енді аға, сізге тағы бір сауалым: университет студенттері институттың зерттеу жұмыстарына қатысуы жайында еді. Оларға қандай мүмкіндіктер ұсынылады?
– Бізде студенттер, болашақ тарихшылап, географтар 2003 жылдан бері практикалық-сабақтарға, археологиялық қазба жұмыстарға тоқтаусыз жылда қатысатын. Бірақ, соңғы жылдарда улы кене жәндігінің шығуына байланысты «Дала практикасын» тоқтаттық. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде қарастырсақ, тарихшы-студенттердің саны азаюына байланысты бірнеше ғана студент өз еркімен атсалысып келіп жүр. Бұрынғыдай жастардың қарқыны жоқ. Сонда да Сарыағаш өңіріндегі археологиялық қазба жұмыстарына екі студентіміз қатысты, Сығанақтағы жұмысымызға бір магистрант, бір студентіміз қатысты. Осы сияқты бірен-саран ғана студенттер ынта білдіреді. Қазіргі практикалық сабақтарды университетіміздегі Мәдениет орталығының мұражайында тапсырылған жәдігерлерімізді таныстырумен өткізіп жүрміз. Бірақ та, болашақ тарихшылар үшін «Дала практикасының» маңызы зор еді.
— Институт қазіргі тәжірибелік жұмыстар барысында қандай заманауи технологияларды қолдануда?
– Біз осыдан үш жыл бұрын Ғылым Қорының бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (ПЦФ) бағдарламасы аясында грант ұтып алдық. Нәтижесінде 34 000 000 теңгеге арнайы құрал-жабдықтарға қол жеткіздік. Оның ішінде, тахометр, геосканер, дрондар тағы да басқа заманауи технологиялар бар. Дәл қазіргі таңда осы және осы сияқты дүниелерді өз қазба жұмыстарымызға пайдаланып келеміз.
– Алдағы уақытта қандай археологиялық жобалар мен зерттеулер жоспарлануда? Жаңа ғылыми бағыттар мен бастамалар туралы не айтасыз?
– Алдағы уақыттағы негізгі мақсатымыз – Сығанақ, Келес, Қаратау оның ішіндегі Өгізтау деген жерде өте қолайлы ерте дәуір және орта ғасырлық кезеңдерге жататын көне қала бар. Сол нысанды қазып бастасақ деген ниетіміз бар. Сонымен қатар, арнайы гранттық қаржыландыру жобасына Сауран қалашығын ұсынсақ деп отырмыз. Сауран – орта ғасырларда Ақ Орданың орталығы болған, Рашидидің кітабында да әкімшілік және сауда орталығының қайнаған көзі болған деген деректер бар. Осы болжамдар негізінде әлі де зерттелмей жатқан жерлеріне қазба жұмыстарын жүргізіп, ашық аспан астында мұражай жасау ниетіміз бар. Зерттеуге құлшынысымыздың тағы бір басты себебі Түркістаннан небәрі 40 шақырым жерде орналасқан жәдігер шаһар Сауран қалашығын біздің университеттің зерттеу базасына айналдырсақ деген жоспарымыз бар. Сондықтан да Сауран қалашығына толыққанды зерттеу жұмыстарын жүргізу біз үшін үлкен жетістік, мәртебе болар еді.
– Көпжасар аға, сұхбатыңыз үшін көп-көп рақмет. Алдағы зерттеу, қазба жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін, тарихымыздың ашылар сыры көп болсын!
Сұхбаттасқан: Бекболат Тілеуберген,
Ахмет Ясауи университетінің 4 курс студенті.