Отырар ауданындағы Мәдениет сарайында Түркістан облысы Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, «Оңтүстікфильм» КММ-нің ұйымдастыруымен «Ұлы дала ізімен» жобасы аясында Түркістан өңірінде түсірілген анимациялық фильмдер апталығы қорытындыланды.
Жобаның мақсаты- Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басымдықтарды жүзеге асыруға арналған.
Отырар ауданында облыс әкімдігінің тапсырысымен елімізге белгілі «САҚ» киностудиясы және «Оңтүстікфильм» КММ-нің бірлесуімен жасалған «Ордабасы – бірліктің туы», «Оқсыз оқиғасы» және «Түркістан» анимациялық фильмдерін 500-ге жуық көрермен тамашалады. Салтанатты шараға Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов, «Оңтүстікфильм» КММ-і директоры Батырхан Дәуренбеков қатысып, ұлттың өткенін танытатын тарихи туындылардың аудандағы тұсаукесерімен құттықтады.
-«Бүгін ауданымызда ерекше шара өтуде. Бұл тек бүгін ғана емес, әуелден бастау алған сапалы дүние, игі іс. Балалар тәрбиесіне зор үлес қосып жатқан «САҚ» киностудиясы мен «Оңтүстікфильм» ұжымының тарихи тұлғалар мен көне қалаларды дәріптеп жатқаны көңіл қуантарлық жағдай. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» делінген. Міне осы бағытта мақтануға тұрарлық іс атқарып жатқан қос ұжымға зор алғыс айта отырып, шығармашылық табыс тілеймін», — деді Ерлан Айтаханов.
Сондай-ақ, «Оңтүстікфильм» мекемесінің директоры, көптеген көркем және анимациялық фильмдердің режиссері әрі сценарисі, ҚР Мәдениет қайраткері Батырхан Қалдарбекұлы: «Елбасы өз мақаласында «Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың да талғамына ерекше назар аудару керек» деген болатын. Біз міне, осы бағытты жүзеге асыра отырып, анимациялық фильмдер арқылы балаларға халқына ыстықта сая, суықта пана болған батырларымыз бен олардың ерлігін, көне қалаларымызды көрсеткіміз келеді. Фильмдер апталығын жоғары деңгейде атқардық деп ойлаймын. Алдағы уақытта да жұмыс әрі қарай жалғасады» деді.