Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Ұлы дала тарихының жазба мұралары» көрмесінің ашылуы өтті.
Көрменің мақсаты – қазақ халқының төл мәдениетіне қатысты сирек кездесетін қолжазбаларды кеңінен насихаттау, әртүрлі мәдени-тарихи жағдайлардағы олардың әлеуметтік рөлін, ерте кезеңдерден бері қалыптасқан отандық жазба мәдениеттің тарихын жан-жақты көрсету.
Жиынға қатысқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев көрменің ашылуымен құттықтап, сәттілік тіледі.
-«Бүгінгі көрме — төл құндылықтарымызды насихаттауда аса маңызды орын алатын іс-шара. Жазба мұралар тамыры терең тарихымызды айшықтап, көпшілікке дәріптейді.Ұлт руханиятын одан әрі нығайтып жас ұрпаққа жол ашады. Осы ретте біз Ұлттық музейде Қолжазбалар және сирек кітаптар орталығындағы бірегей жазба деректердің арнаулы көрмесін ұйымдастырып отырмыз. Мұндағы мақсатымыз тарихи мұраларды келешекпен өзара байланыстыру, еліміздің сан ғасырлық тарихын айғақтайтын баға жетпес мұраларды таныту, ғылыми айналымға қосу. Көрмеде еліміздің тарихына қатысты бірнеше маңызды жазба деректер қойылған. Атап айтсақ, VII ғасырда жазылған Құран және Қожа Ахмет Ясауи сынды ортағасырлық тұлғалардың шығармалары, жазба деректердің бірқатар топтамасы бар. Мұндай жазбалар ұлтымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсетіп, жаһандық тарихтағы Ұлы даланың орнын анықтауда маңызды рөл атқарады.Сондай-ақ, рухы берік, білімі терең, елжанды ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік береді деп есептеймін»,-деді министр Дәурен Абаев.
Осы орайда ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сақ, көне түркі дәуірінен келе жатқан жазба деректер мен олардың тарихи маңызына тоқталып, бұл бағытта ерен еңбек сіңірген ғалымдарға алғыс білдірді.
-«Бүгінгі көрмеміздің ел тарихы мен мәдениетінде алар орны ерекше. Ежелгі және ортағасырлық Еуразия даласын мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетіндегі жазба мұралар – маңызды деректердің бірі. Көнеден жеткен жазба ескерткіштерді ерекше мақтанышпен айтамыз. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Жетісу даласын мекендеген сақ тайпасының ханзадасы тұңғыш «Алтын адам» жанынан табылған күміс тостағандағы 26 таңба сақтарда жазу болғандығын айғақтайды. Есік жазба ескерткіштеріне қатысты ғалымдар арасында әзірше ортақ пікір жоқ. Оның ішінде әзірбайжан ғалымы Заур Гасановтың: «Дүниенің төрт бұрышынан сыңлы тайпасы жырлайды. Үш жүз жоқтаушысы ант-су ішеді» деген аудармасы қисынға келетін сияқты. Қазақ тарихында түркі қағанаты кезеңіндегі жазба ескерткіштердің алар орны ерекше. Соның ішінде Білге қаған дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы, «көк түркінің көк семсері» атанған атақты батыры Күлтегіннің маңызы айрықша. «Тәңір жарылқап, аз халықты көп қылдым. Ығыр болған елді, ығыр болған елдікті, ығыр болған қағандықты игі қылдым. Төрт тараптағы халықты бағындырып бейбіт қылдым» деген жазулары тарихымыз үшін орны ерекше болса, ол мұраларды қазақ тіліне аударған — Мырзатай Жолдасбеков ағамыз. Тарихымызға осындай жаңалық әкелген ағамызға көп рақмет! Ұлы мұраларымыз терең зерттеліп, еліміздің тарихы ашыла берсін»,-деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбекұлы бүгінге жеткен тарихи деректер қаншама тарихтың сырлары мен құпиясын ашса, бізге жетпеген құнды деректердің көптігін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Саидикрам Пархатович Ниязходжаев та түркі халықтарының қоғамдық орны мен әдебиеті, мәдениеті, ортақ дәстүрін зерттеуде көне мұралардың атқарар рөліне тоқталып, жазба мұраларды насихаттауға арналған игі іске ыстық ықыласын білдірді.
Көрмеге 12 түпнұсқа кітап, 50 астам электронды нұсқадағы кітаптар қойылды. Соның ішінде, VII ғасырға жататын «Мусхаф әш-шариф – Құран Кәрім», XIII ғасырдың мұрасы «Шарх Та лим әл-мутаалим» және «Танбих әл-ғафилин уә бустан әл-арифин», «Диуани Хикмет», «Такмилийя тарджима тарикат мухаммадия», «Джамиу ар Румуз ва Гавас аль Бахрайн фи мизани шархайн» секілді еңбектер бар.
Сирек кітаптардың ішіндегі ең көнесі – «Мусхаф әш-шариф – Құран Кәрім». Еңбек араб тілінде жазылған,VII ғасырға жатады. Құранның факсимильдік нұсқасын 2007 жылы Ыстамбұлдағы «Ислам тарихы, өнері мен мәдениетін зерттеу халықаралық ғылыми орталығы» жасаған. 2018 жылы Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына бір данасын сыйға тартқан.
Көрмеге зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, архив, кітапхана, музей қызметкерлері мен жоғарғы оқу орындарының білім алушылары және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Көрмені ҚР Ұлттық музейі мен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы бірлесе ұйымдастырды.