Домой Басты жаңалықтар ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА «ӘЗІРЕТ СҰЛТАН» ҚОРЫҚ-МУЗЕЙІНДЕ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Н.Назарбаевтың«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын дәріптеу аясында «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты Халықарлық конференция өтті.
Басқосудың мақсаты – Түркітілдес елдердің рухани астанасы – Түркістан қаласының тарихы мен фольклоры және мәдениетінің халықарлық өркениеттегі маңыздылығын айқындау, тәжірибе алмасу, пікірлермен бөлісу болып табылады.

Ғылыми конференцияға халықаралық Түркология академиясының профессорлық-оқытушылық құрамы мен Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елінің профессор ғалымдары, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Болатбек Абдрасилов, Мармара университетінің докторы,профессор Женгиз Томар, Халықаралық Түрік академиясыныңғылым бөлімінің аға сарапшысы, профессор Қадыралы Қонқобаев, Өзбекстан Ғылымдар академиясының профессоры Сарыгүл Бахадырова және еліміздегі тарихшы-ғалымдар қатысты.
Конференцияда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат Қадырұлы «2018-2022 жылдарға арналған «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму тұжырымдамасы» бойынша баяндама жасап, қорық-музей аумағындағы тарихи орындарды қайта қалпына келтіруде кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқан жұмыстар, қорық-музейде атқарылған іс-шаралар, туристік орталықты қалыптастыру, туристік бағытты дамыту, мектеп туризмін жандандыру, оқушылармен байланыс сынды көптеген ауқымды мәселелерге тоқталды.

Конференция аясында «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі арнайы көрме ұйымдастырды. Көрме экспозициясында 20-дан астам фото картиналар мен Әмір Темір сыйға тартқан ХІҮ ғасырдың құнды жәдігерлері шырағданның тұпнұсқасы, лауха және қолжазба хаттардың нұсқалары қойылды.