Домой Басты жаңалықтар ЖҰМА КҮНІ ЖЕТІ ШЕЛПЕК ТАРАТУ ТУРАЛЫ

ЖҰМА КҮНІ ЖЕТІ ШЕЛПЕК ТАРАТУ ТУРАЛЫ

Қазақ халқының салт санасына сіңген жеті шелпек пісіру және оны жұма күніне арнайлап пісіру деген сияқты салтымызда әрі дәстүрімізде бар. Бұл турасында біздің ислам діні не дейді деген сұрақ еріксіз орын алады.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) риуаят етілген хадис шәріпте Анас ибн Малик (р.а) сахаба келіп Алла елшісінен (с.ғ.с) былай деп сұрайды: «Бір тандыр нанды садақа еткенім абзал ма, әлде 100 рәкат нәпіл намаз оқыған абзал ма?». Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Бір тандырды тарату 100 рәкағат нәпіл намаздың сауабынан абзал» деп жауап береді. Осы хадисті түсінген біздің ата-бабаларымыз тікелей тандыр нан болмаса да соған ұқсас шелпекті пісіріп садақа беретін болған. Енді оның санына тоқталатын болсақ, неге жеті шелпек, үш шелпек емес деген сұрақтар да қойылып жатады. Жеті саны қазақ халқында қасиетті ұғым болып саналады. Сондай-ақ, дінімізде жеті санымен байланысты айтылған үкімдер көп. Мысалы, иманның жеті шарты, жеті рет қағбаны тауаф ету, ит жалаған жерді жеті рет жуу. Алла Тағала жеті қабат аспанды жараттым деп айтуы, аптаның 7 күн болуы, Құран Кәрімде алғашқы оқылатын Фатиха сүресінде жеті аят болуында терең даналық жатыр. Жеті шелпек бір аптаның садақасы. Жеті шелпектің жұма күнінде пісірілуінің ол күннің апта күндерінің ішіндегі ең қасиетті күн болуында. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бізге жеткен хадисінде былай делінеді: «Жұма күнінде сондай бір сәт бар. Мұсылман адам дұға жасап, дұға жасаған уақыты сол сәтке дәл келетін болса, онда оның дұғасы міндетті түрде қабыл болады». Міне осы сахих хадис аясында ата-бабаларымыз садақасын, жеті шелпегімен сол уақытқа тура келіп қалсын деген ниетпен беретін болған.

Бұның барлығы біздің ислам дінінде, шариғатымызда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерінде орын алғаның көрдік. Өкінішке қарай осыны мойындамай адасушылық деп жүрген бауырлармыз да бар. Міне, солардың осы хадистер турасында аз да болса ойланса екен деген ниетіміз. Қазақтың басым көпшілік жасап жүрген рәсімі береке-бірлікке себеп болатын ізгі дәстүрлер. Сондықтан мұндай салт-дәстүр ислам шариғатына қайшы келмейді.

Ерік Қонақбайұлы