Домой Қоғам ТҮРКІСТАНДА «ТӨРЛЕТ, НАУРЫЗ, ТӨРІМЕ!» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМАНДАЛЫҚ АЙТЫС ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА «ТӨРЛЕТ, НАУРЫЗ, ТӨРІМЕ!» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМАНДАЛЫҚ АЙТЫС ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында Ұлыстың ұлы күніне арналған «Төрлет, наурыз, төріме» республикалық командалық айтыс өтті. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, көрермен қауымды мерекемен құттықтады.

– Қос мереке қарсаңында Түркістан төрінде бастау алған бүгінгі шараның өңір руханиятын дамытуға ықпалы зор деп есептеймін. Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жылы Наурыз мейрамы жаңа серпінде атап өтілуде. Кеше еліміз бойынша «Көрісу күні – Амал мерекесі» атап өтілсе, бүгінгі күн қайырымдылыққа, ізгілікке бағытталып отыр. Төл өнеріміз – айтыс жаңаша форматта қарқын алды. Дәстүрлі ән өнері мен күй, терме жанрларының жаңғыруы – ұлттық өнерге жасалған оң бетбұрыс деп білемін. Сондықтан қасиетті Сыр даласынан басталып, Түркістан топырағына табан тіреген бүгінгі жобаның халыққа берері мол. Қазіргі таңда Түркістанға ерекше мәртебе беру туралы бастама көтеріліп, арнайы заң жобасы әзірленді. Биылғы жылы Түркістан – Түркі әлемінің туристік астанасы атанып отыр. Ел мәдениетін дамытуға бағытталған шаралардың көптеп өтуі – осы бастамалардың жүзеге асуына оң ықпалын тигізеді деп сенемін. Жамбыл облысы мен Түркістан өңірінің командалық өнер додасының көшін Мәжіліс депутаты Аманжол Дүйсенбайұлына, Қазақстанның халық ақыны Әсия апамызға, барлық өнер майталманына зор алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да Түркі әлемінің рухани бағдарына айналған шаһарда мәдениеттің өркендеуіне бағытталған жаңа жобалар жалғаса береді, – деген облыс әкімі қос өңірдің өнерпаздары сәттілік тіледі.

Жиында сөз алған Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай облыс әкімінің құттықтау сәлемін жеткізді.

Аламан бәйгені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев жүргізді. Дүбірлі додада қос өңірдің ақындары айтыстың түре, сүре, қайым, қыз бен жігіт айтысы жанрларында сынға түсті. Сондай-ақ жыршылар мен термешілер, дәстүрлі әншілер мен күйшілер іс-шараның көрігін қыздырды.

Жалпы байқаудың талаптары мен шарттарына сәйкес, бірінші кезеңге 20 команда қатысады, екінші кезеңге 10 команда өтеді. Осы 10 команданың ішінен балдық жүйе бойынша үшінші кезеңге 4 команда жолдама алады. Жеңген 2 команда 2025 жылы Астана қаласында өтетін ақтық сайысқа қатысады.

Түркістан облысынан Бекарыс Шойбеков, Шахмардан Бекарысұлы, Нұрмахан Жақыпбек, Аяз Рүстемов, Аян Ниязбек, Жандос Құлымбетов, Қажымұқан Абзалов, Мағжан Әлтенбаев, Дәурен Ақсақалов, Руслан Ахимбековтар болса, Жамбыл облысынан Ахметжан Өзбеков, Мансур Еркебұланұлы, Дархан Әбдіманат, Бекарыс Көштаев , Асхат Қылышбек, Дидар Басығараев, Қанат Мырзахан, Мерей Әбуева, Алина Айдаралы, Маралбек Бабақұлов бар.

Қазылар алқасының құрамында ақын, Қазақстанның халық ақыны, қазылар алқасының төрайымы Асия Беркенова Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының мүшесі Алмас Алматов, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова, күйші, сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиев, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Утеулиев бар.

Айтыс қорытындысымен республикалық командалық айтыстың екінші кезеңіне Түркістан облысының командасы жолдама алып, жеңімпаз атанды. Қос командаға бірдей құрмет көрсетіліп, әрбір ақынға 500 мың теңгеден сыйақы берілді. Ал жыршы, термеші, дәстүрлі әнші, күйшілерге 250 мың теңгеден табысталды. Сондай-ақ «AMANAT» партиясының арнайы сыйлығы берілді.

Айта кетейік, «Төрлет, наурыз, төріме» атты аламанды «AMANAT» партиясының және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы ұйымдастырған. Сондай-ақ бұл айтыс қос облыстағы айтыскер ақындар мен дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылық дамуына жағдай жасауға, өңірлер арасында шығармашылық байланысты арттыруға, халықтың азаматтық ұстанымын, әлеуметтік жауапкершілігін, отансүйгіштік сезімін, адамгершілік қасиеттерін, ұлттық санасын қалыптастыруға және ұлттық өнер өкілдерінің рухани-мәдени әлеуетін дамытуға бағытталған.