Домой Қоғам ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫНДАР СУБСИДИЯ АЛАДЫ

ТҮРКІСТАН: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСАТЫНДАР СУБСИДИЯ АЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған кезекті Жолдауында ауыл шаруашылығын, соның ішінде жылыжай шаруашылығын дамыту, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керектігін айтқан еді. Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту барысындағы жұмыстар қарқынды жүргізіліп келеді. Соның ішінде, Келес ауданында еліміздегі ең үлкен жылыжай кешенінің капсуласын қою рәсімі өткен болатын. 500 гектар аумаққа салынатын өнеркәсіптік жылыжайлар жүйесі «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады. Жоба аясында алдымен аумағы 51 гектардан асатын жылыжай салынады. Аталған жоба толық жүзеге асқан кезде 8 мыңнан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп жоспарланған.

Түркістан өңірі еліміз бойынша ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші облыстардың бірі. Оның ішінде жылыжай шаруашылығын ерекше атап өтуге болады. Алайда, 2022 жылдан 2023 жылға ауған қыс мезігілінде сол жылыжаймен айналысатын шаруаларға көмір жетіспей қалып, өнімнің басым бөлігін суыққа үсітіп алған еді. Дегенмен, қыс мезгілінен қысылып шыққан диқандар үшін биылғы жыл мол қуанышымен келіп отыр. Дәлірек айтсақ, алдағы уақытта жылыжай шаруашылықтары энергия ресурстары мен тұқымға субсидия алатын болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәлімдемесіне сүйенсек, бұл ереже 2023 жылдың 3 қазанынан бастап күшіне енді. Бұл ауылда да, қалада да айналысуға болатын тірліктің көзін тапқандар үшін ерекше қолдау болғалы тұр. Осы орайда Түркістан облысында жылыжаймен айналысатын тұрғындарға субсидия туралы мағлұматты ұсынамыз.

Естеріңізде болса, көктем айларында экс-ауыл шаруашылығы министрі жылыжайлардағы электр энергиясы мен газ шығындарына субсидия бөлу ісі қарастырылып жатқанын айтып, Үкімет сағатында жылыжай кешендерін салуға жұмсалатын шығындарды өтеу қаражатының сомасы өсетінін жеткізген еді.

– Фермерлерді ынталандыру бағытында тиімді қолдау ретінде инвестициялық субсидиялау қарастырылған. Оның аясында жылыжай кешендерін салу және кеңейту кезінде шығындардың 25 пайызын өтеу ескерілген. Нәтижелерді тездету үшін қазіргі кезде нормативті 30 пайызға дейін арттыру бойынша жұмыстар қамтылған, – деген сол кезде Е.Қарашөкеев.

Сондай-ақ, жылыжайдағы көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту мақсатында тыңайтқыштардың (органикалық дақылдарды қоспағанда), пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау, қияр және қызанақ тұқымдарына субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау жүзеге асырылатынын айтқан.

– Бұл ретте, «Агробизнес» әмбебап бағдарламасы аясында жылыжай құрылысына несие беру іске асырылады. Осы орайда мөлшерлеме субсидиялау есебінен 6 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар, бізде фермерлік жылыжайлар алаңының азаюы байқалып отыр. Кейінгі 3 жылда 62 гектарға азайды, – деген ол өз сөзінде.

Сонымен қатар, бұл тұрғыда министрлік жылыжай шаруашылықтарына гектарлық субсидиялауды енгізу бойынша жұмысты іске асырып жатқанын жеткізген.

– Мәселен, маусымаралық кезеңде электр энергиясы мен газ шығындарын субсидиялауды енгізу жоспарланған. Алайда, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ барлық агротехнологиялар сақталатын жылыжайларды қолдау мақсатын ескере отырып, субсидия алуға өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының болуы сияқты міндетті талап енгізілмек. Ол үшін Сауда және интеграция министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп 2023 жылғы 1 мамырдан бастап күшіне енген фермерлік жылыжайлар үшін Ұлттық стандартты (ҚР СТ 3834-2023) әзірледі және бекітті. Қазіргі кезде министрлік жергілікті атқарушы органдар қаулысымен бекітілген нормалары бойынша 1 гектарға жұмсалатын шығыстарды субсидиялауды ескеретін Субсидиялау қағидаларына тиісті өзгеріс әзірледі, – деген ведомство басшысы.

Айтса, айтқандай-ақ, бірер күн бұрын ғана бұл іске нүкте қойылып, жылыжай шаруашылығын субсидиялау жүйесіне өзгерістер енгізілді. Жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді жылыжай шаруашылықтары жылынатын өнеркәсіптік жылыжай кешендері мен фермерлік жылыжайларда өсірілетін қорғалған топырақтағы көкөніс дақылдарының бір дақыл айналымы үшін маусымаралық кезеңде электр энергиясына, көмірге және газға арналған шығыстарды субсидиялау арқылы мемлекеттен қолдау алатын болады. Өз кезегінде, басымдық берілетін дақылдардың тізімі мен субсидия беру нормативтерін жергілікті атқарушы органдар бекітетін болып отыр.

Бұл туралы аталған құжатта:

«Басым дақылдар, оның ішінде көпжылдық екпелер өндірісін дамытуды субсидиялауға арналған басым дақылдар тiзбесі және субсидия нормалары (бұдан әрі – тізбе және субсидиялар нормалары) облыс, республикалық маңызы бар қала, астана әкімі орынбасарының қолы қойылған ілеспе хатпен тиісті жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірілмей Министрлікке мақұлдауға беріледі.

Тізбені және субсидиялар нормаларын Министрлікке мақұлдауға берген кезде субсидиялардың белгіленген нормасын негіздейтін (ғылыми және ғылымитехникалық қызмет саласында аккредиттелген және Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылатын аграрлық бейіндегі ғылыми ұйымдармен келісілген әрбір субсидияланатын дақыл бойынша шығындар есептемелері), сондай-ақ тізбенің және субсидиялар нормаларының өңірлік кәсіпкерлер палатасымен және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың қоғамдық кеңесімен келісілгенін растайтын құжаттар қоса беріледі.

Жабық топырақта басым дақылдар өндірісін дамытуды субсидиялауға арналған субсидиялар нормалары алынған өсінділердің қорытындылары бойынша көкөніс дақылдарының бір дақыл айналымына белгіленеді (1 шаршы метрге тамыр жайған көшеттердің кемінде 95%). Бұл ретте жылытылатын өнеркәсіптік жылыжай кешендеріндегі және фермерлік жылыжайлардағы шығындарды есептеуде қысқы-көктемгі немесе күзгі-қысқы кезеңдердегі электр энергиясына, газға, көмірге арналған шығыстардан тұратын көкөніс дақылдарының 1 (бір) дақыл айналымының шығындары ескеріледі. Жылытылмаған жылыжайлар субсидияланбайды.

Министрлік оң шешім шығарған жағдайда, он жұмыс күні ішінде тізбені және субсидиялар нормаларын тиісті ілеспе хатпен кері қайтарады не теріс шешім шығарған жағдайда, тізбені және субсидиялар нормаларын пысықтауға жолдайды. ЖАО-ның тізбені және субсидиялар нормаларын пысықтау мерзімі бес жұмыс күнін құрайды.

Тізбе және субсидиялар нормалары ЖАО-ның қаулысымен тиісті жылдың 30 желтоқсанынан кешіктірілмей бекітіледі және үш жұмыс күні ішінде СМАЖда және ЖАО-ның ресми интернет-ресурсында орналастырылады. Тізбеге және субсидиялар нормаларына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу осы тармақтың бірінші, екінші, үшінші, төртінші және бесінші бөлімдерінде көзделген тәртіппен жүзеге асырылады», – делінген.

Тиісінше субсидия алатын кезде фермерлік жылыжайларға міндетті талап қойылады. Ол талап – өндіріс технологияларына сәйкестік сертификатының (есебінің) болуы. Айта кетсек, аталған ұлттық стандартты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Техникалық реттеу және метрология комитеті Ауыл шаруашылығы министрлігі және бизнес өкілдерімен бірлесіп әзірлеген. Шаруашылық иелері сертификат алу барысындағы барлық мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетіне хабарласа алады.

Айта кетсек, мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы ретінде жылыжай шаруашылықтары үшін энергия ресурстарына арналған шығыстарды субсидиялау туралы шешімді ел Үкіметі жыл басында Түркістан облысының фермерлері қалың қардан зардап шеккен кезде қабылдаған болатын.

Сондай-ақ, алдағы уақытта елімізде жабық топырақтағы көкөніс дақылдарын өндіруді дамыту үшін тыңайтқыштардың (органикалық), пестицидтердің, биоагенттердің (энтомофагтардың) және биопрепараттардың құнын субсидиялау, суармалы су беру жолымен мемлекеттік қолдау жүзеге асырылатын болды. Бұдан бөлек, жылыжай шаруашылықтарына инвестициялық субсидиялау шеңберінде жылыжай кешендерін салу және кеңейту жөніндегі жобаларды іске асыру кезінде шығыстар субсидияланады. Осы ретте субсидиялауды жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде шығындарды өтеуді 25 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер болады. Тағы бір айта кетерлік жаңалық – жаңартылған субсидиялау қағидаларына сәйкес, тұқымға арналған субсидиялар нормативтері орташа есеппен алғанда 30 пайызға ұлғайтылды. Бұл мемлекеттік қолдау шарасы нарықтағы тұқым материалының қымбаттауына байланысты қолға алынып отыр.